«Үлгілі отбасы»

«Үлгілі отбасы»
жеке
блог

15 – мамырда бүкіл әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтеді.

1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы–сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кезкелген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ішкі істер органдарында қызмет ететінерлі-зайыптылар аз емес, сондай отбасылардың бірі – Құрманқұловтар отбасы. Отағасы әділет майоры Марат Темирболатұлы Құрманқұлов ҚР ІІМ ҚАЖК Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/10 мекемесінің режим және күзет бөлім бастығының орынбасары. 2005 жылы ҚР Әділет Министрлігі Павлодар Заң колледжін бітіріп, құқық қорғау қызметі мамандығын алғаннан кейін Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖКБ ГМ-172/6 мекемесі бақылаушылар қызметі бөлімінің бақылаушысы ретінде қызметін бастаған оның мақсатқа жетудегі табандылық, кәсібилік және жұмыстағы ұқыптылық қасиеттері басшылық тарапынан жоғары бағалана келе 2011 жылы ҚР ӘдМ Қостанай академиясына жоғарғы оқу орнын тәмамдап, осындай табанды 15 жыл қызметінен кейін 2016 жылдан бері режим және күзет бөлім бастығының орынбасары қызметінде.

Тағдыртаңдаған жары Гүлдана да 2005 жылы Х.Я. Яссауй атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетін бітіргеннен кейін қылмыстық-атқару жүйесі қызметіне келген. Гүлдана да осы салада 15 жыл қызмет еткен білікті маман. Жақында тағы да ана атануына байланысты ҚР ІІМ ҚАЖК Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/10 мекемесі кадр саясаты бөлімшесінің аға инспекторы қызметінен әлеуметтік демалысқа шықты. Жас жұбайлар бірге кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, қызметтің мәніне терең бойлап, жинақтаған білім мен тәжірибесінің арқасында беделді қызметкерлер атанды.

Ерлі-зайыптылар өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен қабылдайды. Соның арқасында ешқашан шағымдар түспеген. Бүгінде бес баланы тәрбиелеп отырған өнегелі отбасыға айналды. Ұл-қыздары спорт пен өнерге құштар болып өсіп келеді. Мұндай қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері болған отбасылық әулеттер сирек кездесетін жағдай емес.

«Еңбек пен отбасының арасында барлығына үлгеру оңай емес. Қылмыскерлер үшін демалыс күндері жоқ, ал менің отбасым мұны жақсы түсінеді. Қызметтен оралғанда мен үшін үйімнің жылуын сезінуден асқан құнды әрі бақытты ештеңе жоқ» - деп Марат ағамыз ағынан жарылды.

«Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балалар өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала-жасындағы құрақ» - деп тегін айтылмаған болар. Ата-анасын, аға-сіңлілерін сыйлай білген, жақындарына жақсылық тілеген адам, менің ойымша, болашақта қоғамда да ізгі ниеті арқылы еліне, оның дамуына көп септігін тиетінін күмәнданбаймын. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сүйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемеймін. Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. Ой қорытындым, «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп Гүлдана ханым өз тілегін білдірді.

         Отбасы күні мерекесі қарсаңында біз өз әріптестерімізге отбасылық амандық, өзара түсіністік, шексіз қуанышты күндер тілейміз. Өйткені отбасы  кез-келген адам үшін әрқашан қымбат!

ҚР ІІМ ҚАЖК Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/10 мекемесі кадр саясаты бөлімшесі.