Үлгермедім...

Құпиямды ақтарам күндерге керең,
Жүрегімнен жыр жұлып түндерге берем.
Мені сүйіп,сыйлаған бір ару қызға,
Сезімімді сездіртіп үлгермеген ем.

Жиі есіме сәттерді аламын өткен,
Өзіменен жоғалып хабары кеткен.
Ықыласы мен ып-ыстық махаббатына,
Мән де бермей «суықтау» қарадым.Әттең!

Жасыңменен түскендей арманым құлап,
Шумағымның жүруші ең тармағын құрап.
Жанарымның астында сөздерім жатты,
Көздеріңмен оны оқып алмадың бірақ...

Екеумізді жалғыздық жиі аңдыды ма?
Жете алып ең мендегі қиял құнына.
Ақ сезімін ақтарып айта алмаған соң,
“Сүймеген” қып жібердің ұяңды мына.

Қашанға дейін тағдырым сынайды мені?
Күлімдесең маған да шырай кіреді.
...Сендік сезім мен үшін қымбат екенін,
Өзің білмегеніңмен, Құдай біледі!

 

автор:Жандарбек ЖҰМАН

https://vk.com/zh.zhuman



Бөлісу: