Үлгі тұтар ұстазым

Үлгі тұтар ұстазым
жеке
блог

Ақырын жүріп,анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға.

Абай Құнанбайұлы

           Ұстаз- білмегенімізді үйретіп, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім нәрін себуші. Шәкірт тәрбиелеуде ұстаздардың алар орны ерекше. Себебі, ұстаз әрбір баланың қабілетін ашып, өмірдегі өз орнын таба білуге көмектеседі. Әрбір оқушының үлгі алар ұстазы болады. Сол сияқты менің де үлгі алатын ұстазым бар. Мен сол ұстазымнан сұхбат алуды шештім.

           Сұхбатты мектебіміздің үздік мүғалімдерінің бірі Дүйсенова Алтын апайымнан аламын. Ол кісі өте білікті және үлгілі ұстаз. Алтын апай тарих пәнінің мұғалімі. Көп жыл тәжірибиесі бар болғандықтан, 11 сыныптарды ҰБТ-ға дайындайды және көптеген оқушылары грантта оқиды.  

- Сәлеметсіз бе, Алтын апай. Жағдайыңыз қалай?  Сұхбатымызға дайынсыз ба?

- Сәлеметсің бе! Иә,әрине дайынмын, бастайық.

- Олай болса, бірінші сұрақ. Өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет айтсаңыз? Туып өскен жеріңіз, оқыған мектебіңіз, қайда оқуға түстіңіз?

- Мен Дүйсенова Алтын Нағашыбекқызы 1975 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов ауылында дүниеге келдім. Ә.Оңалбаева атындағы №117 орта мектебінде 11 жыл оқыдым. Мектепті аяқтап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, тамамдадым.

- Отбасыңыз жайлы, балаларыңыз жайлы айта кетсеңіз?

- Отбасылымын, құдайға шүкір 4 балам бар:3 ұл,1 қызым.

- Сіз мектеп жолына қалай түстіңіз және неліктен мұғалімдік жолды таңдадыңыз?

- Мектепті бітірген алғашқы жылы жоғары оқу орнына түсе алмадым. Сол жылы ауыл мектебінде «тәлімгер» болып жұмысқа тұрып, осыдан соң ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығым оянды.

- Сіз мектепте де, білім беру орталығында да жұмыс істейсіз. Онымен қоса күнделікті қаншама оқушыларды оқытасыз, осындай энергияны сіз қайдан аласыз?

- Балаларды оқыту, білмегенді үйрету маған шабыт сыйлайды. Осы соңғы жылдары сұранысқа қарай оқу орталықтарына жұмысқа шақырылдым.

- Алдағы жоспарыңыз бойынша зейнеттен кейін балаларды оқытасыз ба? Демалысқа шығу немесе бұл саланы тоқтату ойыңызда бар ма?

- Зейнеткерлікке абыроймен шығу арманым. Әрі қарай жалғастыру ойымда жоқ. Құдай қаласа отбасыммен бала, немере қызығын көргім келеді.

- Бұрынғы оқушылармен қазіргі оқушылардың айырмашылығы барма және неде?

- Бар, әрине. Бұрынғы оқушыларға мұғалім жаңа білімді жеткізуші негізгі білім көзі болса, қазіргі ақпараттық қоғамда мұғалім тек бағыт беруші, мол ақпараттың дұрысын сіңіртуші.

- Болашақта ҰБТ әлде қайда қиындайды дейді, сіз бұл жайлы не ойлайсыз? Келешекте де ҰБТ болады деп ойлайсыз ба?

- ҰБТ-ның алғашқы кезеңінен бастап өзгерістердің барлығын бірге өткізіп келе жатырмын. Білім болған жерде ҰБТ қиын емес. ҰБТ- шын оқыған адамға ашылатын даңғыл жол.

- Қорытындылай келе, сізден үлгі алатын оқушылар қаншама, оларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Шәкірттеріме адам атына лайық болып, ешқашан армандауды тоқтатпауларын, алдарына мақсат қойып, сол жолда шаршамауларын тілер едім.

- Сізден сұхбат алу мен үшін бір мәртебе, сіздей ұстаздың оқушысы болғаныма мақтанамын. Жұмысыңызға табыс тілеймін. Игі істеріңіз қашанда оңға басып, ел-қоғам алдында абыройыңыз арта берсін. Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!