"Ұл тап!"

Ия, мен де сендер сияқты көп нәрсені ойлап жүрем. Сол ойларымның бірі  осы жазбаға тақырып болғалы тұр. 

Мына жұрт неге "Ұл тап!" деп бата береді, неге қыз туралы айтпайды деп бұрыыын ойлайтынмын. Қазір де соны ойлаймын. Бірақ қазір оның жауабын білемін. Өйткені ұл бар жерде, ұлттың көші жалғаса береді. Ия, қыз бар жерде де. Әйткенмен ұл бала тегін сақтап қалады. Ал біз ше? Біз "сатқынбыз" ғой. Бізді "сататын" - табиғат. Әй, мұнымды дөрекі қабылдап қалмаңыздар. Рас қой. Мысалы мен көп өтпей-ақ Қоңыраттарға қаратып біреу қарсы сөйлесе жаным шығып кете жаздайтын болыпты. Жақсы әйелден "Руың кім?" деп сұраса жұбайының руын айтуы керек екенінен де хабардармын. Тұрмысқа шыққан соң тегін де жолдасының тегіне ауыстырып жіберетіндер бар. Міне, біз осылый өз жұртымызға "сатылып" кете барамыз. 

Біз өз отбасымызда шамамен он жеті не он сегіз жылдай ғана тұрақтаймыз. Одан соң оқуға түсіп, сәл алыстаймыз. Осылайша ата-анамыз да, өзіміз де бір-бірлерімізден жырақ өмір сүруге үйрене бастаймыз. Күн сайын көз алдыларында жүрген қызды ұзату кез келген ата-анаға ауыр тиері сөзсіз. Ал қызын оқуға жіберіп, оның жоқтығына және бір жылда төрт-бес рет қана келіп кетуіне үйреніп қалған ата-аналар қыздарын баяғыда, оқуға жібергенде-ақ ұзатып жібергендей болып сезіледі. Он жеті жасымызда тұлымымыз желбіреп кетіп, мұнан кейін тек қонақ болып келіп-кетеміз. Студент болғанда да, ана болғанда да. 

Оларға оңай емес екен сонда да. Ата-анаға деймін да. Өзім тұрмысқа шыққан соң түсініп жатырмын. Бұрын қыз баланы жақсы көруші ем. Енді ұл баланы дұрыс көріп жүрмін. Өйткені қыз болып біз кетіп қалғаннан басқа не жасадық? Бірақ міндетіміз де сол ғой. Адамдар өмірге ғана қонақ болса, біз өмірге де, өз үйімізге де қонақ екенбіз. 

Бірақ олар өз баласын өзгенің қолына тапсырса да, оның сол шаңырақта абыройлы да, өнегелі келін болғанымен қуанып отыратын шығар. Жиырма жыл бойы берген тәрбиесінің көкке ұшпай, немерелеріне дарып отырғаны үшін разы болатын  шығар.

Қысқасы, мен төркінімді бүгін қатты сағынып отырмын :)))))))



Бөлісу: