2.10.2009
аудандық «Сарыағаш» газетіне берілді.
«Тест» деген сөздің өзі ағылшынның test – сынақ, тексеру деген сөзінен шыққан. Білім саласында алғаш рет тест топтамаларын француз психологы А.Бине 1904 жылы ойлау қабілеті төмен балаларды іріктеу үшін қолданған. Осы әдістемеге негізделіп АҚШ-тың Стенфорд университетінде адамның ойлау қабілетінің деңгейін анықтауға арналған IQ (айкью) арнайы тесті жасалған. Ол осы кезге дейін дүниежүзінде жан-жақты пайдаланылады. Одан бері тесттің қаншама түрлері жасалып, ғылыми негізделіп, қолданысқа енгізілген.
Тест – жеке адамдардың не топтардың не қабілеттерін, не білімін, не икем-бейімін, яғни сапалық та, сандық та ерекшеліктерін анықтауға арналған, уақытпен шектелген қысқа сынақ түрі.
Тесттің түрлері де көп, соған сай мақсаттары да әр түрлі. Біз соның ішінен Ұлттық Бірыңғай Тест туралы айтайық.
Ұлттық Бірыңғай Тест (ҰБТ) тапсыру басталғаннан бері осы «ТЕСТ» деген жарықтық түнде түсімізге кіріп, күндіз көз алдымызда тұратын болды. Сабақтарда да түрлі тесттерді қолданамыз. Яғни тест дайындау, оған дайындалу және тапсыру мәселелерінде біраз тәжірибе жинақтап қалдық. Жалпы тест атаулының мәнісіне тереңірек үңіліп, оның қасиет-ерекшеліктерін парықтап, пайымдауға уақыттың өзі мүмкіндік бергендей. Ал қай тірлікті де уақтын-уақтын саралап, санадан өткізіп, зерделеп-топшылап отыру тірлікке айқындылық пен жаңа серпін береді.
ҰБТ алдыңғы қатарлы дүниежүзілік тәжірибелерден алынды. Дәл қазіргі заманда ешқайда баяғы емтихандар жоқ. Барлығы ТЕСТ. Бұл оның жаман болмағанынан шығар.
ҰБТ-ның мақсаты - мектеп оқушыларының ішінен жоғары оқу орындарына (ЖОО) ең білімді жастарды барынша объективті түрде іріктеп алу.
Осы мақсаттың мәнісін біршама ашыңқырап, нақтылай түсейік.
Бас мақсатты екі бөлікке бөліп қарауға болады – іріктеу және оның объективтілігі. Бұл екеуінің бірі болмаса, екіншісінің де мағынасы кетеді. «Ұл мен қыз» немесе «Жақсы мен жаман» дегендей.
Іріктеу деген не? Көп оқушының білімдерін қандай да бір әдіспен салыстыра отырып, деңгейі барынша жоғары оқушыларды дәл анықтап, теріп алу. Бұл мәселеде тестті кәдімгі сүзгі немесе елгезермен салыстыруға болады.
Ал енді объективтілікке келсек, тест әлгі іріктеуді ешкімге қатыссыз, ешкімнің көңіл-күйі мен таныс-туыстығына қарамай, барынша сырттай жасайтын механизм болуы тиіс. Әйтпесе оның құны көк тиын. Сондықтан тест барысына ешбір адам баласын араластырмау шарт, ол үшін тест ақпараттық технологиялар арқылы дайындалып, өткізіледі. Нәтижелерін де компьютер анықтайды. Тесттің сәтті өтуінің бірден-бір шарты – материалдары құпия және адамдарға жабық жүйе болуы. Бұл біздің еліміз үшін оңай болмағанын білесіздер.
Өзіміз ҰБТ-ны көріп, аңғарып жасаған тұжырымдардан айтайық.
Біріншіден, тест барынша шектеулі, қысқа уақытта өтеді. Мысалы, бес пәннің әрқайсысында 25 тапсырмадан болса, барлығы 5х25=125 тапсырмаға 3,5 сағат белгіленсе, онда орташа есеппен әрбір тапсырмаға 3,5 х 60 мин = 210 мин : 125 = 1,68 немесе 1,5 минут қана беріледі екен. Бұл әлгі объективтілікті қамтамасыз ету үшін жасалады. Уақыттың шектелуі әрбір оқушыны басқаға алаңдамай, тек өз тапсырмаларын орындауға мәжбүрлейді, уақытты тек өзі үшін тиімді пайдалануы керек болады. Яғни, білімді бала тынымсыз жұмыс істесе, тестте өз білімін анық көрсетуге үлгіреді. Сонымен бірге, шектеулі уақыт оқушыны үздіксіз қамшылайды. Тапсырмаларды барынша жылдам да сергек орындауды, сол үшін өте сергек те жинақы отыруды талап етеді. Тестке кірген оқушының психологиялық ахуалы жау ішіне кірген барлаушыдай немесе олимпиада рингіне шыққан боксшыдай экстремал жағдайда болуы міндетті. Оқушының тұла бойы шын мәнінде оянуы шарт – қан шабады, жүрек соғады, ми мотордай қызады, ой, сезім-түйсік ұшқырланады. Бала ашылады. Міне, осындай күйде ғана кімнің кім екені айқындалады. Жалындап тұрған отқа кез-келгеннің түсіп кете алмайтыны сияқты, тестке де рухы шыдаған адам түссе керек. Тестке де «Өртті жеңер» батырлық пен қайсарлық қажет. Оның түп негізі – терең білім. Ол өзіне деген сенім тудырады. СЕНІМ – қайдан да алып шығады, қайда да жеткізеді.
Қарап тұрсаңыз, тестке баланың білімін ұштау тіптен де жеткіліксіз, оны психологиялық және рухи дайындаудың маңызы өте артады. Үлкен сынаққа ішкі дайындық - өз күшіне, біліміне сену, тестке қалай кіру, онда қалай отыру, өзін-өзі жоғалтпай ұстау, күш-қуатты бір нүктеге бағыттай білу, қалай әрекет ету, әрекетті неден бастау, күтілмеген кедергілерге төтеп беріп, жеңіп шығу, ішкі сабырлылық пен сергектік және т.б. өте-мөте қажет! Қандай сында болсын бала жылдам бойын жинап, жігері қозып, санасы «ұшып» тұруы, сезім-түйсігі «жанып» тұруы сыннан табысты өтудің ең алғы шарты. Өз бойындағы «Кең қолтық, салпы етек» беймаралдықпенжылдап күреспеген көп балаларымыздың санасы ҰБТ-да сұлқ түсуде. Жан-жағына қарап біраз отырады, жүрегін тоқтатуға біраз кетеді, неден бастарын білмей тағы отырады, бір есепті бес-он минут айналдырады, үш есептен кейін-ақ миы шаршап, мең-зең болып, келесі үш есепті құртады, өзіне-өзі сенбей, жан-жағына және сыртқа жалтақтап тағы уақыт өлтіреді... Міне, тағы сол сияқты. Ішкі интеллектуалдық қуатты арттыру ең алдыңғы кезекте!!!
Бұл, ешбір артық айтылған емес, спортшыны олимпиадаға баптағанмен тең. Мұның бәрі әлгі уақыттың қысылтаяңдығынан және тапсырмалардың білім стандарттарына сай белгілі бір қиындық деңгейінен туып отыр. Осындай сынақ болмаса, шын мықтыларды қайдан тауып аласыз?! Тағы да спортпен салыстырсақ – тест ұзынсонар марафон емес, қысқа қашықтықтағы спринт (9-10 секундта 100 м жүгіру). Шахматтағы блиц (жылдам ойын).
Біздің балалардың бір үлкен кемшілігі - өздігінен ізденіп оқу нашар. Бұл алдымен кеңестік мектептің айыбы. Жақында ғана осы газет бетінде АҚШ-та оқитын алтын қызымыз айтпады ма – «бізде білімнің 60%-ын мұғалім беріп, 40%-ын ғана оқушы өзі ізденіп табады, ал АҚШ-та бұл керісінше екен». Оқуға талап түбегейлі өзгерді. Балаға білімді дайындап, айтып беру қазір мүмкін емес, оған өзі жан-жақты ізденіп, білім алатын оқу әдіс-тәсілдерін, кітаппен тиімді жұмыс істеуді, интернеттен ақпарат алып, саралай білуді, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануды үйретуіміз қажет. Оқу - өте интимді процесс. Оқуға бұрын тек екі тұлға – оқушы мен мұғалім ғана қатысатын болса, қазір оған үшінші «тұлға» қосылды – ақпараттық технологиялар немесе компьютер. Соның ішінде білімді алушы біреу-ақ – Оқушы. Оқудың тиімділігі тікелей оның ішкі және сыртқы дайындығына тәуелді.
Әншейіндегі бірсыдырғы тірішілік ырғағымен тиіп-қашып оқу арқылы бала ұзаққа бара алмайтыны анық. Ұстаздар мен, әсіресе, ата-ана «Оқудың инемен құдық қазғандай» екенін барынша терең сезінетіндей салмақты сұхбат-әңгімелер жасап, сапалы оқуды жоспарлап, отбасында оқуға материалдық та, моральдық та қолайлы жағдай мен қолдау жасап, мақсат қойып, басқа көлденең тірліктерден босатып, баланың көңілін оқуға түбегейлі бұру керек. Оқушының жалпы оқу-білімге деген ынта-бейімі ашылсын. Өз болашағына жол ашар Оқу деген жауапты жұмысқа жігерлене мойынұсынсын. Бұл жұмыстың, әрине, барынша ертерек, мысалы, 8-9 сыныптардан қалмай, жүйелі басталғаны жөн. Сонда баланың дайындығы жылма-жыл бірқалыпты, ешбір стрессіз, орнықты жүреді. Ал енді біздің көптеген балалар, өкінішке орай, ҰБТ-ға дайындықты «жаны мұрынының ұшына» келгенде ғана, яғни 11 сыныпта бастайды. Тіптен ҰБТ-ға бірнеше ай қалғанда «оқитындар» баршылық. Бұл таза ақымақтық пен жауапсыздық. Өз тағдырына жауапсыздық. Мұндай балалардың ахуалын көріп тұрып, «Неге енді өзіңді осындай халге дейін жеткіздің? Неге өзіңді-өзің осынша қорлайсың, балам?» деп қатты қапа боламын. Әрекеттері «суға кеткен тал қармайдының» кері. Бұл жалпы ағзаға да, жүйкеге де түсетін жатқан стресс, ышқыныс. Бұған шыдау өте қиын, көпшілігі сыр беріп қалады. Мұның екінші жағы да бар. Аз ғана уақытта, бір жыл немесе бірнеше айда, барлық қажетті білімді баланың миына «құйып» бере қою да өте ауыр тірлік. Бұл – мұғалімге де сын. Баланы психологиялық тұрғыдан жылдам танып, оның ішкі тетіктерін тауып, қозғап, жылдам оқыту тәсілдерін пайдаланып, қысылтаяңда ақиқат білім бере алатын мұғалімді де «шам жағып» іздеу керек болады.
Екіншіден, тест тапсырмалары, оның қысқа уақытта өтуіне сай, жинақы да нақты болады. Яғни тест тапсырмаларының өзіндік стилі немесе форматы бар.
Әңгіме олардың қиындық деңгейі ғана емес, оқушыларға ұсынылу түрі туралы да. Бұл жағынан да қазіргі тест тапсырмалары айтарлықтай «бой жинап» қалды. Бұрындары тест құрамына (мен өзім оқытатын жаратылыстану пәндері бойынша айтамын) көптеген «менен өте алмайсың» деп айқайлап тұрған қиындық деңгейі өте жоғары текстік, геометрия, матанализ есептері және физиканың шарты өте ұзын қолапайсыз есептері араласатын. Немесе шұбалаңқы, міндетті түрде біраз уақыт талап ететін «сырбаз» есептер мелшиіп тұратын. Мұның бәрі тест форматына тіпті де симайды. Қазір мұндай қателіктер негізінен жөнделді.
Оқушы тест стиліндегі есептерді өте ширақ та жылдам шығаруға бейімделуі тиіс. Оқушының осы мақсаттағы әрекеттерін реттеп айтсақ:
1) Есептің шартын өте сергек оқып, жылдам түсіну;
2) Тапсырманы барынша төте жолмен орындау;
3) Барынша қысқа жазу;
4) Жеңілден қиынға қарай орындау;
5) Қиын тапсырмаларға келгенде ой өткірлігі мен жігер көрсету;
6) Жауаптармен тиімді жұмыс істей білу;
7) Жауап парағын жылдам бояу.
Мұның бәріне жүйелі түрде жаттығу қажет. Есептерді шектеулі аз уақытта шығару, 1-2 сағат тапжылмай отырып 40-50 есепті бірден орындау, төте шығару және жылдам есептеу әдістерін игеру, текстпен берілген есеп шарттарының түйінін тез ұғу, анкета бояу сияқты үздіксіз жаттығулар баланың бойын да, ойын да ширатып, бабына келтіреді. Бірақ бұл өте нәзік жұмыс, кем болса, тестте баланың бір қайнауы жетпей тұрады, артық болса, қайнауы өтіп кетіп, бала тестке шаршаулы барады. Осы тұста мұғалімдер мен ата-анаға өте абай болған жөн, әрбір баланың қас-қабағын, қимыл-әрекетін аңдып, соған қарай қимылдау керек.
Тағы бір мәселе. Тест тапсырмаларының саны неғұрлым көп те жан-жақты болса, сонда ғана оның объективтілігі қамтамасыз етіледі. Бір мезгілде 4-5 пәннен 120-125 тапсырма берілуінің мәнісі осында. Тест деген аз уақытқа сығымдалған көп білім. Бала аз уақытта көп жұмыс істеуі тиіс. Физикада мұны үлкен қуат жұмсау дейді. Тестке ой қуаты қажет. Оны біртіндеп өсіру үшін бала жеңіл немесе бірқалыпты оқымау керек, күннен-күнге, сабақтан-сабаққа оның ой-санасына түсетін білім салмағы біртіндеп артып отыруы міндетті. Білім салмағын бала бүкіл ағзасымен де, жан дүниесімен де сезініп жүруі тиіс. Тапсырмалар жүйелі түрде біртіндеп қиындап барып, қайта жеңілдеп отыруы, яғни ырғақты оқу баланың жалпы қуатын арттырумен қатар оның жүйке жүйесін бекітеді, ой жұмысына шыдамдылыққа жаттықтырады. Оқушыны тестке дайындық кезінде осындай экстремал, айрықша жағдайларға қойып, психологиясын бейімдеу қажет.
Әрбір сынақ адамнан мықты денсаулықты талап ететіні белгілі. Ал ҰБТ, негізінен, әрбір бала үшін өміріндегі ең алғашқы ірі сын. Анау-мынау емес, тағдырларын шешетін өте жауапты сәт. Оның дайындығы да, жауапкершілігі де баланың бүкіл ағзасына үлкен талап қояды, сондықтан балалардың денсаулығына да алдын-ала айрықша күтім жасап, қадағаламаса болмайды.
Менің ұзақ жылдар бойы байқағаным көптеген балаларымыздың денсаулығы қанағаттанарлық емес. Әсіресе жүйке жүйесі әлсіз, сәл ғана салмақ түссе, толқу болса, тез шаршап қалады, тыз етпе немесе сұлқ мінез көрсетеді. Ой жұмысына шыдамайды, бас ауру, қан аздық, тез суықтау көп, иммунитет төмен. Тән қуаты аз. Мұның бәрі мектепте кәдімгідей білініп тұрады. «Айналайындар, жақсы оқуға жақсы денсаулық керек. Өздеріңді күтіп үйреніңдер! Витаминдер жеп, дұрыс тамақтаныңдар, таңғы таза ауада көбірек демалыңдар, мезгілінде ұйықтаңдар, дене тәрбиесін жасаңдар, денсаулықты тексертіп жүріңдер» деген сөздерді жиі айтамын. Байқаймын, ата-аналардың кейбірі өз баласының денсаулық жағдайын да аңғара бермейді, әлсіздігіне, көңіл-күйінің жоқтығына, толқымалы немесе сұлқ мінез-құлқына мән бермей жүре беретін сияқты. Мұның бәрі әсіресе мектеп бітірер жылы, ҰБТ-ға дайындық кездерінде өте кедергі жасайды, баланың аяғынан шалып, сапалы оқуына мұрша бермейді. Бірақ ол кезде денсаулыққа қарап жатуға енді кеш, сондықтан-да көптеген балалар ҰБТ-ға сол ауру-сырқауын, самарқау көңіл-күйін, әлсіздігін ала кіреді. Мұндайда қайбір жақсы нәтиже болсын?!.
Осы, балалардың денсаулығы жөнінде бір ой айтайын. Жоғары сынып оқушыларының сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі жасайтын бір мәселе бар. Бұл – олардың санасындағы «былықпай» дер едім. Теледидардан, компьютерден және ДВД-ден олар не көрмей, не естімей жүр!!! Небір эротикалық «махаббат» кинолары мен видиктері балалардың гормондарын тасытып, көзін қарауытып, санасын тұмандап жатыр. Көретіндері ұрыс-соғыс, жұлыс-талас, қыру-жою, мұның бәрі денсаулық, жүйкелерін білдірмей жеп, солқылдатып, сілікпесін шығаруда. Дүниежүзілік ақпарат тасқындап келіп, көз-құлағынан да, қойны-қонышынан да құйылып, миына таспен ұрғандай есеңгіретуде. Өйткені оның бәрін реттеп, игеруге қазірше бала түгілі ересектердің мұршасы келер емес. Міне, сапалы оқу үшін баланың бойы мен санасын осының бәрінен бір сәт те болса босатып, тазалау керек. Бұл ең қиыны болып тұр. Баланы басқа ғаламшарға алып кете алмайсың ғой!
Бұл қиындықты жеңу мақсатындағы балаларға айтып жүрген әңгімем мынау: «Намазға да әркім отырады. Жуынып-шайынып, санасын жаман, дөрекі де бөтен ойлардан тазалап, сенімсіздік пен үмітсіздіктен арылып барып сәждеге отырады да, таза ниет қылады. Сонда ғана оның ниеттері қабыл болады. Мен діндар адам емеспін, бірақ осыны анық білемін. Оқу да дәл сондай. Оқу – Құдай жолы. Оқыған сайын адамның санасы тазарып, ой өрісі кеңіп, көзі ашылады және сөзсіз адамгершілік пен жақсылық сәулесін бойына сіңіреді. Сондықтан да, оқуға отырарда, үйде болсын, не мектепте болсын, іштей де, сырттай да таза отырыңдар, білімге сеніңдер. Білім – Құдайдың Адам затына силаған бір Ең Үлкен Құдіреті. Құран әлемдегі ең Үлкен Кітап болса, басқа кітаптың бәрі соның балалары. Кітапты айрықша құрметпен ұстап, айрықша толқулы көңілмен оқыңдар. Міне сонда санаң ашылады, бар ниетің анық қабыл болады. Дүние жаңарады. «Дүние жалған» дейді ғой. Жалған дегенді «өткінші, мәнсіз» деп түсінсек, онда Ақиқат – тек Білім. Ал Жалғанды «ұрпақты ұрпаққа жалғау» деп түсінсек, онда Адамзатты жалғаушы да – Білім. Мен сенемін осыған, сен де сен».
Бұл әншейін сөздер емес, менің өмір сүріп келе жатқан өз қағидам. Өмірімнің Ұстыны. Өзімше мұны «Әл Фараби жолы» деп ерекше тебіреніспен қорғаштаймын. Ал балаларға бабаларының аманатын тапсыруға асығамын. Бір баланы болса да дүние жүзінің Ұстазы атанған Ұлы Бабаларының Білім Дүниесімен жалғай алсам, өмірдің текке өтпегені. Парыздың өтелгені.
Сөз соңында айтарым, қазіргі ҰБТ-ның біз келіспейтін тұстары көп шығар, бірақ оның жақсылықтарын пайдалана білейік. Оның біздің балаларға берер мол тәрбиесі бар деп санаймын. Балалар бойын жинасын. Балалар ғана емес, ата-ана, елдің білімге бойы ширасын. ҰБТ бізге, ал біз ҰБТ-ға қарай ұмтылайық.
Ақырында бір ниетім. Осы мақаланы әрбір мектеп, әрбір сынып, әрбір отбасы ортаға алып, асықпай оқып, ойланып-толғанып, көңілдеріне тоқыса, әрбір сөзі көңіл жаңартып, ішкі рухи күш-қуат берсе деген тілегім бар.