ҰБТ тапсырушыларына айтарым

ҰБТ тапсырушыларына айтарым
жеке
блог

Сәлем, аса қадірлі менің достарым, оның ішінде келер жылы мектеп бітіретін інілерім мен сіңлілерім! Бүгінгі жазбамды сіздерге арнамақпын. Негізі, өз басым ҰБТ-ға қарсы адамның бірімін. Меніңше, ҰБТ - Ұрпақтың бұзылған тағдыры. Толығырақ мына жақтан оқи аласыз.

Осыдан тура 10 жыл бұрын білім министрлігінің шешімімен ҰБТ деген дүние енгізілді. Басында "Ойпырмай, бұл не тест?!", "Оны қалай тапсырады?", "Балаларға обал болады емес пе?!" деген сынды сөздер көп болды. Бұл сұрақтарға балалар түгілі ұстаздар мен ата-аналар жауап таба алмай әлек болды. Мен ол кезде 9-сыныпта оқитын ем. 11 сыныптағы замандастармен бірге ҰБТ-ға дайындықты бастадық. 

Үш негізгі пән,төртіншісін өз қалауың бойынша таңдайсың. Әр қайсысы 30 сұрақтан. 5-11 сыныптың оқу бағдарламасы. 120 сұрақ. 3 сағат. Қанша балл алсаң, сол сенің бағаң. 11 жыл бойы кітаптан бас алмай отырған болсаң да, сабақтан қашып, бір дәптерді үш пәнге арнаған оқушы болсаң да өзіңе тиесілі бағаны аласың. Бұл маңдайыңа джазған бұйрықпен пара-пар. 

Сонымен не керек, 2004 жылдың маусымының алғашқы күндері. Біз мемлекеттік емтихандарды тапсырып жүрсек, 11-сыныптағылар ҰБТ тапсырды. Бүкіл мектеп болып солардың тілеуін тіледік. Бірі құлады, бірі жылады, бірі озды, бірі тозды.

Сол күн екі жылдан кейін өз басымызға түсті. Біз де тапсырдық. Бірі өз күшімен, бірі тиын-тебенмен тиесілі баллды иеленді. Не керек, содан бері қаншама уақыт өтті. Қазір ойлап қарасам, ол бір бос дүние екен. Ал сол үшін кезінде талай түнді ұйқысыз, талай күнді күлкісіз өткіздік. Көпшілік "Әрине, өзі тапсырып, оқитынын оқып, қазір ол туралы оп-оңай айтып жатыр" деп ойлап қалар. Бірақ, мен де сіздер секілді күнді бастан кешірдім. 

Өткен күндерді зерделесем, ҰБТ ұстаздар, ата-аналар айтқандай, қорқынышты дүние емес. Ол жай ғана өзіңнің ой-өрісіңнің, басыңдағы біліміңнің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік беретін жүйе. Ал бізде ше, көпшілік санасында ҰБТ өмірдің соңғы кезеңі іспетті қылып бейнеленген. Мұғалімдер кетеді: "Осыдан дұрыс тапсырмасаңдар анау болады", "Мектептің деңгейі түседі", "Ұятқа қалмайық", "Аттестатқа нашар баға түседі" тсс сөздерді айтып. Ата-аналар кетеді: "Ойбай, оқы дұрыстап", "Бәленнің бәленшесі бәленше баллға тапсырған өткен жылы, содан қалмайық", "Сен бәлен деген жерге оқуға түсуің керексің" деп. Бәлкім, бұл да дұрыс болар. Бірақ, онсыз да ҰБТ-ны тапсыруға жүрексініп тұрған балаға мұның барлығын айтудың қажеті шамалы секілді. Саналы оқушы "Ертең оқуға түсе алмасам, халім не болмақ?!" деп үйдегі әке-шешесінің жағдайын ойлап, өзі талпынады. Ал әке-шешесінің әмиянына үміттеніп, сондай-ақ, ата-анасының достар, туыстар, көршілер ортасындағы өз беделін көтеру үшін талпынатынын білетін бала, әлбетте, ҰБТ-ны ойламайды. Ол ҰБТ басталмай жатып, өзінің сынақ күні қай орында отыратынын, қанша балл алатынын, қай оқуға түсетінін елден-ақ біліп алады.

Сондықтан да, ҰБТ-ға дайындалып жүрген бауырларыма айтарым, мұғалімдердің көмегіне, ата-ана қалтасына сенудің қажеті жоқ. Одан да өздеріңіз алдарыңызға мақсат қойып, соған қарай ұмтылуға тырысыңыздар. ҰБТ өмірдің соңғы кезеңі емес, керісінше, алғашқы сатысы. Ойдағы баллды алмасаңыздар да, ең бастысы, адами қасиеттеріңіз бен кеудеде толған ақ армандарыңыздан айырылмаңыздар! Ең басты серіктеріңіз сенім болсын! Өз күштеріңізге, өз білімдеріңізге, өздеріңізге сенім артыңыздар! "Аз балл алсамғ пәленше не дейді?!", "Маған қарағанда, Бәлен көп балл алса қайтем?!" деген сынды түкке тұрмас ойлардан арылыңыздар. Қанша балл алмасаңыздар да "Бұл маған тиесілі балл", "Бұл менің маңдайыма бұйырған балл" деп қараңыздар. Бірақ, еш уақытта "Мен алған балл - менің білімімнің көрсеткіші" деп ойламаңыздар. Себебі, кезінде өз күшімен емес, көк қағаздың ықпалы мен қорадағы ақ сиырға сеніп, ең жоғары баллдардың бірі алған кей замандастарым бүгінде не жұмыссыз, не абыройсыз жүр. Сол себептен де, ҰБТ-ға өтпелі кезең деп қарағандарыңыз абзал, достарым! Баршаңызға сәттілік тілеймін! 

Сөз соңында! ҰБТ жайлы айтқан Тұрсынбек көкелеріңнің әзіліне зер салсаңыздар деймін)