ҰБТ тапсырар алдында 7 кеңес

Ұлттық біріңғай тестілеуге екі ай уақыт қалды. Қазақстан бойынша 11 сынып оқушылары бұл емтиханға жаппай дайындалып жатыр. Күні-түні ұйықтамай, барлық материалды жаттап, әр апта сайын сынама тест тапсыратын оқушылар да когнитивтік үдеріс бойынша қателіктер жібереді.

ҰБТ-ға дайындалатын түлектер көбінесе күйзеліс, материалды есте нашар сақтау, материалды тез ұмытып қалу немесе оны қабылдай алмау, сенімсіздік секілді мәселелерді бастан кешеді. Емтиханды тапсырғанда байсалды, әрі сенімді болу өте маңызды. Сіздің физикалық және менталды күйіңіз ҰБТ баллына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, емтихан алдында күйзелісті төмендетіп, жеңіл тапсырып шығу үшін мен сізбен 7 пайдалы кеңеспен бөлісемін.

1.    Ұйқы

Емтихан алдында ұйқыны ұмытып, түні бойы материал жаттау жөн емес. Маңызды емтиханға ұйқыны қандырып барған дұрыс болады. Себебі, ұйықтамаған адамның миы дұрыс жасамайды. Сәйкесінше ҰБТ-да зейін қою, дұрыс ойлану қиын болады. Сондай-ақ, ми жаттаған материалды ұйықтап жатқанда жақсы меңгереді.

2.    Таңғы ас

Емтиханға аш қарынмен бару дұрыс емес. Шұрылдап тұрған асқазан маза бермей, ойды жинақтауға кедергі келтіреді. Ал мидың дұрыс қызметіне энергия қажет. Сондықтан, міндетті түрде ҰБТ-ға таңғы ас ішіп барыңыз. Әсіресе жұмыртқа, тұтас дәнді нан, сұлы ботқа секілді ақуыз бен жасұныққа бай тағамдар ағзаның функциясына оң әсер етеді. Сондай-ақ ҰБТ-ға плитка шоколад және міндетті түрде сусын алып кетіңіз.

3.     Сенімділік

Өз-өзіне сенімсіздік және күйзеліс әрине емтихан кезінде қалыпты жағдай. Бірақ бұның да кері әсері бар. Емтихан тапсырар кезінде позитивті сақтауға, қобалжымауға тырысыңыз.

4.    Медитация

Медитация күйзелісті түсіруге, жақсы ойлауға және өзіңді сенімді ұстауға өте жақсы көмектеседі. YouTube желісінен медитация бейнелерін қосып, рухыңызды көтеріңіз.

5.    План

Емтиханға аз уақыт қалса да жүйелі түрде дайындалу маңызды. Материалды жаттауда әркімнің тиімді әдісі болады. Сол тиімді әдіс бойынша дайындалып, уақытыңызды үнемдеп, демалыс уақытыңызды, жаттайтын материалды алдын ала жоспарлаңыз.

6.    Спорт

Спорт тек қана дененің формасы емес, мидың  қызметі мен менталды күйге де оңтайлы ықпалын тигізеді. Сенімділікті артуға көмектеседі. Танертең тұрып, дайындалар алдында таза ауаға шығып денеңізді жаттықтырыңыз.

7.    Дұрыс ойлау

ҰБТ тапсыруда ең маңыздысы қорықпау. Мемлекеттік грант иегері болмасаңыз да, басқа грант түрлеріне тапсырып көріңіз. Тегін оқуды ала алмасаңыз, қолжетімді ЖОО-дарын іздестіріңіз. Егер ақылы оқуды қарастырмасаңыз әрқашан өз бетіңізбен білім алып, дамуға мүмкіндігіңіз болады. Ең бастысы не болсада еңсеңізді түсірмеңіз.



Бөлісу: