ҰБТ-ға дайындық әдебиетке деген қызығушылықты арттырады

Қазіргі жаһандану заманында әдеби кітапты қайтсең де оқисың деп талап етудің өзі кейде бос әурешілік пе деп қаласың. Осыған орай, мектеп оқушысының кітап оқу іс-әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады.

Мейрамбеков Әділет жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша жастардың әлі де  кітапқа деген қызығушылықтың жоғалмағандығы анықталды [1]. Бірақ соңғы жылдары жастардың көркем әдебиетке деген қызығушылығы азайып бара жатқаны бәрімізге аян. Қазіргідей жаңару мен жаһандану, ақпараттар мен техниканың қарыштап дамыған заманында әдеби кітапты оқисың деп талап ете алмаймыз. Өйткені, ел экономикасы қарыштап дамыған компьютерлік заманда саналы ұрпақ ғаламтор арқылы дүниені аралап, керегін оқып алып, қызықты ақпараттармен танысып жатқанда, көркем шығарма оқымайтыны белгілі. Ғаламторсыз өмір сүре алмайтын жастардың кітап оқуға уақыты да жоқ. Сондықтан болашағымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, рухани санасына сәуле отын жағуға жол таба білуіміз қажет. Бұл орайда жастардың рухани байлығын молайтып тәрбиелеудің бірі және бірегейі - баланы жастайынан әдеби кітап оқуға бейімдеу. Ал кітап оқымаған елдің жастарының ертеңгі күні қандай болмақ?!

Техниканың толассыз тасқыны рухани дүниенің тынысын тарылтып отырғаны шын. Мысалы, бұрын Абай мен Шәкәрімді, Мұқағалиды, Гомер мен Шекспирді, шығыстың ғашықтық жырларын немесе орыстың Пушкині мен Лермонтовын оқымайтын адам болмаған. Ал, бүгінде олардың шығармаларын оқымақ түгілі, өз дәуірінің жазушысын танымайтындар қаншама? Жас өрендердің көркем әдебиетті оқуға неліктен ынтасы жоқ? Болашақта біз алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болуымыз үшін баланың кітап оқуы қажет пе? Кітап оқымай-ақ, компьютерді білумен де биіктерге жетеміз дегендердің әрекеті дұрыс па? Көркем әдебиетті оқығаннан біз не ұтамыз? Ұлтымыздың өткен өміріндегі жетістіктері сол ғылыммен бірге көркем әдебиетті көп оқыған, ұлтымыздың барлық киелі қасиеттерін өз бойларына сіңірген тұлғалардың арқасында қалыптасты емес пе? «Қазір компьютер білсең болды, ғаламтор арқылы қажетті мәліметтерді табуға болады» деген ой бар. Осындай ойлармен өз пікірімді ой таразысына сала отырып, компьютерді меңгерудің де, көркем әдебиетті оқи білудің де баланың тұлғалық қалыптасуы үшін қажеттілігін былай тұжырымдалады: Көркем әдебиет жасөспірімдердің қиял ұшқырлығы мен логикалық ойын дамытуға жетелеп, сол арқылы сөздік қорының молаюына, тіл байлығының артуына себепкер болады. Өмірді түсіне білуге деген өзіндік көзқарасы қалыптаса отырып, көркем туынды кейіпкерлердің орнына өзін қоя білу арқылы өз өмір жолын таңдайды. Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата біледі. Әлем әдебиетін оқу арқылы дүниежүзілік оқиғалардан хабардар болады.

ҰБТ дегеніміз – мемлекеттің, қоғамның және тұлғаның қажеттілігіне сәйкес келетін бүгінгі білім сапасын көтеру және басты бағыт болып табылады. ҰБТ – ол жалпы орта білім беру ұйымдары бітірушілерінің қорытынды мемлекеттік аттестатталуын және арнайы орта, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді көздейтін, білім ұйымдарынан тәуелсіз жалпы орта білім сапасын бағалайтын, жаңа технологияларға негізделген мемлекеттік жүйе. Профессор Нәсіпқали Даулетов айтқандай, «Оның (ҰБТ) басты артықшылығы – білім беру­ші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйе­сі; субъективті ықпалдың болмауы; ба­қы­лауға адамдық фактордың қатыс­­пауы; мемлекеттік стандарт тала­бы­на сәйкес жалпыға бірдей білімді баға­лау шкаласының қолданылуы; әр оқу­шының білімі мен біліктілік деңгейін ай­қын­дап, оларға уақтылы талап қою ар­қылы сапалы білім беруге қолайлы жағ­дайдың жасалуы» [2]. Дегенмен, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жайлы қарама-қайшы пікірлер жиі айтылады. Оны қолдаушылар «бұдан сәтті жүйе жоғын» айтса, қарсылар «тест оқушының біліміне дәлел емес» дейді.

11 сынып оқушыларынан алынған сауалнамаға сүйенсек, сұралған 60 әдебиет таңдап отырған түлектің ішінен 47 оқушы «ҰБТ әдебиетке деген қызығушылығыңызды арттырды ма?» деген сұраққа «иә» деп жауап берген.

 Себебін түсіндіргенде бұрын шығармалардың сюжеттік желісімен таныс болмағандықтан, кітап оқуға қызығушылық туындамағанын айтады.

ҰБТ-ға дайындық барысында шығармалардың шығу тарихы мен сюжетімен таныс болу керек. Әрүрлі жанрдағы және әртүрлі бағыттағы шығармаларды оқи отырып, оқушылар өзіне ұнайтын кітаптар тауып, кітап оқу – өзге әлемге кіріп кеткендей сезім сыйлайтынына көз жеткізді. Шынымен де, мектеп қабырғасында кітаптарды толық оқу қажеттігі туындамайды, Бөлім бойынша жиынтық бағалау немесе тоқсан бойынша жиынтық бағалаудардың сұрақтарын қарастыратын болсақ, олар білім алушының логикасына бағытталған. Шығармамен мүлде таныс емес немесе тек қысқаша мазмұнын оқыған баланың жоғары балл алуы әбден мүмкін. Сонда кітап оқу мектеп қабырғасынан бастап баулу – мәселенің ең тиімді шешімі.

Әрине, «100 кітап», «Оқуға құштар мектеп» деген сияқты жобалар өткізілуде. Бірақ олар қаншалықты өнімді? «Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болмақ.  Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын» -  деп жобаның мақсаты айқындалды[3]. Бірақ бұл жеткіліксіз. Білім алушылар ақпараттандырылған заманда сыртқы мотивация іздейді. Жобаның қорытынды нүктесі білім алумен аяқталады, ал оқушыларға бұл мотивация емес. Егер қорытынды нүкте сыйақы немесе баға болса, сыртқы мотивация ішкіге айналар еді: оқырман кітап оқу барысында сүйікті жанр тауып, қызығушылығын арттыратын еді. Осыған орай, ұсыныс тастау орынды болар еді. Бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау төрт дағды аясында құралады (оқылым, тыңдалым, айтылым және жазылым). Оқылым бөлімінде шығармадан үзінді беріліп, логикалық немесе өз ойын білдіру бойынша сұрақтар қойылады. Бірақ егер бұл бөлім толық сюжеттік желіні қамтып, «оқиғаларды ретімен орналастыр», «кейіпкердің белгілі бір шешімін бағала» деген сияқты тек оқыған адам жауап бере алатын сұрақтар берілсе, кітап оқу көрсеткіші өсер еді.

Қорытындылай келе, ҰБТ арқылы қазіргі жастардың әдебиетке деген қызығушылығы артады. Білім беру жүйесіндегі бөлім және тоқсан бойынша өткізілетін жиынтық бағалауларды өзгерту арқылы өнімді нәтиже шығара аламыз. Жаһандану заманында да, оқуға құштар білім алушылар жеткілікті. Олардың көзіндегі жалынын сөндіріп алмас үшін, кітап оқуға мектеп қабырғасынан бастап баулу керек.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Мейрамбеков Ә., Қазіргі жастар: кітап оқу мәдениеті. – URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/qazirgi-zastar-kitap-oqu-madenieti__23979
2. Нәсіпқали Д., ҰБТ беделі неге түсті? – URL: https://egemen.kz/article/250789-ubt-bedeli-nege-tusti
3. Адильханова М., «Оқуға құштар мектеп» жобасы: мақсат айқын, жол жарқын. – URL: https://edunews.kz/mainnews/2265-oua-shtar-mektep-zhobasy-masat-ayyn-zhol-zharyn.html

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
«6В02307 – Орыс филологиясы» мамандығының
1-курс студенті Сүлеймен Сабина
Жетекшісі: Жүзбаева Арай



Бөлісу: