ҰБТ-дан "аз балл алған" іні-қарындастарыма

Қымбатты жас достарым, оқушыларды сапқа тұрғызып, халықаралық әуе рейсі алдындағыдай тексеруден өткізіп, солдат құсатып бір орынға айдап кіргізіп, 11 жыл оқыған еңбегін еш қыла салатын қатыгез емтихан тапсыртып, ұстаздарын билік алдындағы көрсеткіштің құлына, ата-аналарын WhatsApp-тың "шебер" қолданушысына, ал өздерін психологиялық қысымның құрбанына айналдыратын мұндай сынақ әлемнің өркениетті елдерінде жоқ. 11 жыл оқығанда табелінің бір тоқсаны "4" болып шыққаны үшін ғана "үздік белгі" бермей қоятын ереже және жоқ.

Көптеген алдыңғы қатарлы мемлекеттерде оқушының мектеп бітіруіне 2-3 жыл қалғанда жалпы пәндерді оқыту тоқтайды да, ол өзі қалаған мамандығына қажет 3-4 пәнді ғана тереңдетіп оқи бастайды. Университетке түсерде сол 3-4 пән бойынша тапсырған соңғы емтихандарының нәтижесі ғана аттестатында көрсетіледі. Мұғалімдері мен ата-аналары оқушы емтиханда қандай баға алса да, түсіне қарайды. Өйткені өмірде әртүрлі жағдай болады, мықты оқушы психологиялық толқуға ұшырап әлсіздеу баға алуы мүмкін, сынақ сәттерінде өзін сергек ұстайтын орташа оқушы, керісінше, жақсы нәтижеге қол жеткізуі мүмкін. Мұны бәрі жақсы түсінгендіктен "нашар баға" үшін оқушыны да, ата-ананы да, мұғалімді де ешкім жазғырмайды. Жалпы білім министрлігінің емтихан нәтижесінде шатағы жоқ, жалпы трендтерді ғана бақылап зерттеп отырады. Оқушылар соңғы емтиханда бір-бірінің қандай баға алғанын білмейді де, нәтиже әркімге жеке хабарланады. Өйткені емтихан бағасы - денсаулық жайы сияқты құпия жеке бас мәліметі болып саналады. Ал құжат қабылдағанда университеттер тек соңғы емтиханның нәтижесіне қарамайды, оқушының шығармашылық әлеуетін жеке тексеріп, онымен сұхбат өткізеді. Солайша Батыстағы оқушылардың басым бөлігі өздері қалаған оқуға түсіп жатады.

Амал не, бүкіл пост-советтік кеңістікте мектеп бітіру емтихандары үлкен бір саяси науқанға айналған. Сол науқанның талаптарына лайық нәтиже көрсете алмағандарың үшін сендер кінәлі емессіңдер. Егер білмекке шын талап қылған жас болсаңдар, әлі-ақ сүйген салаларың бойынша маңдайы жарқыраған маман болып шығасыңдар. Жасымаңдар, керісінше, жігерлене түсіңдер!


Ғалым Боқаштың фейсбуктегі жеке парақшасынан



Бөлісу: