Уақыттың қысқаша тарихы
блог
«Уақыттың қысқаша тарихы»
" Біз таңғажайып әлемде өмір сүреміз. Өзімізді қоршап отырған айналаның тегін түсіну мақсатында, ойымызда біршама сұрақтар туындайды: Ғалам қалай пайда болды? Біздің әлемдегі рөліміз қандай?”
Адам, адам болып туылғандықтан, өзінің, адамзаттың және әлемнің шыққан тегін білгісі келеді. Осы ойларды талқылау барысында мен де талай уақытымды өткіздім; алайда, жауапты ғаламторда іздегеніммен, бір түйінге келтірер дерек таба алмадым. Ғалымдардың гипотезаларының көбі бір-біріне қарама-қарсы болғандықтан, мен үшін бұл сұрақ жауапсыз қалды және сол себептен, зерттеулерімді уақытша тоқтатуға мәжбүр болдым. Уақыт өте келе, бос уақытта оқитын кітап іздеу барысында, мен BBC арнасының «топ – 100 кітап» тізімінде маған қызықты болып көрінген еңбекті таптым. Осылай менің Стивен Хокингтің шығармашылығымен танысуым басталды.
Өзінің «Уақыттың қысқаша тарихы» атты тамаша жұмысында, әлемге әйгілі ағылшын физигі Стивен Хокинг «Әлемнің басталуы қайда? Егер онда бастау болса, одан бұрын не болған?», «Әлем қайдан келді, қайда барады?», «Уақыттың шегі бола ма?» деген сұрақтарға жауап беруге тырысты. Ойымыз жетпеген ғаламның ғажап құпияларын қызықты жолда түсіндіру арқылы осы 1988 жылы шыққан кітап әлі күнге дейін бестселлер болып табылады.
Стивен Хокинг бұл дүниедегі барлық материяның өз орны және дәл осылай құрылуының себебі бар дейді. «Тегінде теорияның бастапқы шарттары да, тұрақты параметрлері де ешқандай кездейсоқ емес, өте мұқият, дәл таңдап алынған деген ойға қаласың. Мысалы, егер протон мен нейтрон массаларындағы айырма екі электрон массасына жуық болмаса, элементтер түзеп, химия мен биология негізін құрайтын екі жүздей орнықты ядролар пайда болмас еді. Сол секілді, егер протонның гравитациялық массасы сәл өзгеше болса, осы ядролар түзілетін жұлдыздар жоқ болар еді. Ал егер Әлемнің бастапқы кеңдігі сәл үлкен, я сәл кіші болса, онда осы жұлдыздардың эволюциясы болмай тұрып, Әлем қайтадан кішірейіп, жойылып кетер еді немесе жедел кеңейе бастап, гравитациялық қоюланудан ешқандай жұлдыздар түзілмес еді».
Осы еңбектегі түбегейлі жаңалық - өткен шақ шексіз емес, яғни уақыт өлшеуінің басталған кезі бар, одан әрі өткенге үңіле алмайтын шегі бар.
Астрофизика ғылымына қатысты жүзден астам еңбектер жазылған. Осыдан шығатын сұрақ келесі: Осы кітаптың айырмашылығы неде? Шолып кетсек, біріншіден, еңбектің жазылған стилі. Жазушы осы кітапты ең алдымен физикадағы білімі мектептің бағдарламасымен шектелген оқырмандарға арнайды. Бұл кітап - жеңіл, бірақ қарапайым емес деңгейде жазылған, және шығаратын баспаның сұрауы бойынша, жазушы формулаларды (Эйнштейн формуласынан басқа) және қиын терминдерді қолданудан бас тартты. Екінші айырмашылық – астрофизикаға қатысты осыдан бұрын шыққан барлық заңдар мен теориялар бұл еңбекте бір–біріне қарама қайшы келмейді. Кересінше, олар бірін-бірі толықтырып, бізге осы ғылым саласының даму барысын нақтылай көрсетеді.
Ақыр соныңда, мен жазушыға деген құрметімді білдіргім келеді. Сөйлеу және қозғалу қабілетін жоғалтқанымен, өзінің сүйікті жұмысына қызығушылығын, өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, мысқыл сезімінен де айырылған жоқ. Күмәнсіз, Стивен Хокинг - адамзат тарихының жарқын тұлғаларының бірі болып келеді.