Уақытты басқару
блог
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің филология және әлем
тілдер факультеті «Шет тілі: екі шетел тілі»
мамандығының студенттерінің ұйымдастыруымен
«Time management» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.
Уақытты басқару
Біздің өміріміздегі баға жетпес құндылық-уақыт. Ең қиынның бірі де уақытты дұрыс пайдалану. Адам белгілі бір уақытта жаратылатынын және уақытша екенін ескерсек, уақыттың бізге емес, біздің уақытқа тәуелділігіміз байқалады. «Қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қысылтаяңнан бұрын бос уақыттың қадірін біл және өлмей тұрып өмірдің қадірін біл» демей ме. Біздегі бар әр минуттың шектеулі әрі аса құнды екені рас. Ал біз сол алтын уақытымызды қалай өткізіп жатырмыз? Бізге берілген мүмкіндіктерді қайтсек дұрыс қолданамыз? Ісіміз өнімді болатындай уақытты пайдалы өткізу деген не? Осындай маңызды сұрақтарды талдап, жауап алу үшін де «Time management» тақырыбы таңдалды.
Уақытты тиімді өткізу туралы айтылып та, талай еңбектер жазылып та жүр. Алайда, сол білгенді іс жүзінде көрсетудің оңай еместігі белгілі. Бұл тәрбие сағатында уақытты тиімді пайдаланудың жолдарынан бұрын, алған ақпаратты «ықыласпен оқып», «көңілге түйіп» , түсінудің маңызы айтылды. Сонда ғана нәтиже шығатыны, time management негіздері іс жүзінде көрініс табатыны анық. Студенттер бұл кездесуде осы терминнің ғылыми негіздерін зерттеп, шағын баяндама жасады. Парето заңы, Кайдзен жүйесі туралы сөз болды. Шетелдік және отандық авторлардың еңбектерін талдап, қорытынды жасады. Тимоти Феррисстің «The 4-Hour Workweek кітабы, Stephen R. Covey жазған «The 7 Habits of Highly Effective People: Powerful Lessons in Personal Change” еңбегі, S.J. Scott авторлығымен шыққан “How to Stop Procrastinating: A Simple Guide to Mastering Difficult Tasks and Breaking the Procrastination Habit” кітабы, Brian Tracy жазған Eat That Frog!: 21 Great Ways to Stop Procrastinating and Get More Done in Less Time” еңбегі таныстырылып, талданды.
Онлайн өткен жиын барысында «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығында оқып жатқан студенттер қазіргі жағдайдағы time management-ке көңіл бөліп, уақыт тапшылығы мәселесінің себептері мен шешімін табуға тырысты. Түгелдей ағылшын тілінде өткен бұл сабақтың студенттер үшін пайдасы зор болды. Бұл тәрбие сағатына жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы доценті Медетбекова П.Т., аға оқытушы Рысбекқызы Н., оқытушы Контек. А.М. қатысып, пікірлерін білдірді. Студенттер айтылған ақпаратты қорытындылап, іс жүзінде қолданып, нәтиже көрсету үшін әр күннің жоспарын, айлық, жылдық жоспар құрумен аяқтады. Әр күні бір біріне есеп беріп, жеңістермен, нәтижемен бөлісіп отыратын, «Өміріңді өнімді өткіз» ұстанымымен жалғасатын уақытты тиімді өткізу жобасына бір қадам жақындады.
Мағыналы да мәнді кездесулер өткізу тұлға ретінде дамытатын, оң нәтижелер әкелетін істермен айналысуға ой салады.. Уақытының баға жетпес байлық екенін түсінген жан жер бетінде өткізген әр сәтін құр өткізбей, саналы түрде өмір сүріп, өмірін жақсарта алатыны хақ. Сонтықтан да time management-ті үйрену- әрқайсымыз үшін өте маңызды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
«Шет тілі:екі шетел тілі»мамандығының
2 курс студентті, Молдабек Назгүл
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының
оқытушысы Контек.А.М