Уақыт үні

Уақыт үні
жеке
блог

                              "Уақыттан асқан билік жоқ,

                              Уақыттан озған жүйрік жоқ.

                              Адамға Алла бұйыртқан 

                              Уақыттан қымбат сыйлық жоқ",- деп Алмас Темірбай айтқандай уақыттан асқан қымбат, одан асыл құндылық жоқ. Уақыт- бағалай білген адамға көп мүмкіншілік, жетістіктер әкеледі, ал уақытпен санаса алмаған адам оның көпшілігінен құр қалуы да ғажап емес.

           Уақыт - үлкен кеме.  Ағысы қатты, бірде шуақты, бірде дауыл болатын  "Өмір"  атты алып теңіздің алып кемесі.  Уақыт кемесіне бөгет жоқ. Ол ешбір дауылға да, боранға да қарамайды. Діттеген жағына қарай желкенін бұрып кете береді. Оған тек ілесе білу маңызды. Уақыттан қалмай, оның тоқтаған әрбір жағалауынан өзіңізге керегін ала білсеңіз, оны біліп, түсініп қана қоймай, көңілге тоқи білсеңіз, онда сізден асқан бақытты жан жоқ. Әркім өз кемесінің капитаны. Желкенін қайда бұрсаңыз, сонда боласыз. "Ізгілік", "Бақыт",  "Махаббат",  "Зұлымдық" және осылар секілді жағалаулар жетерлік. Әрине, әр адам өз өмірінің қожайыны. Қайда барсаңыз сол жақтың жемісін көресіз. Қолыңыздағы бір бума ақшаңызды тиындап жұмсағандай, уақытты да үнемдеп, қадірлей білсеңіз  уақыттың сізге бағынудан шарасы қалмайды. Кемеңізді керексіз жағалауға бұрып, уақытыңызды жоғалтып алудан аулақ болыңыз. Себебі, оған кеткен алтын уақытыңызды кері қайтара алмайсыз.    Уақыт сізді емес, сіз оны билеңіз...