Уақыт жоқ, асығыспын

Университетте төрт жыл бойы бірге оқыған досым бар. Жаратылысында асығыс адам. Қонаққа барғанша асығады, барған соң қайтуға асығады. Қонақта дастарқан басында әңгіме айтып отырсаң, "қой, тұрайық, қайтайық" деп бірінші айтады. Сондықтан да оның, қимыл-әрекетінен-ақ қайтуға асығып отырғанын байқайсың.

 Жексенбі күні әскерде бірге болған жолдасымның тойы болды. Қазақта "той десе қу бас домалайды" деген сөз бар. Жарар, мен ұялғаннан баруым мүмкін, бірақ қазіргінің тойына қызығушылықпен "қу бас домалайды" деп айту қиын. Сонымен, тағы да сол қазекем тойды кешкі сағат 19-00 ге белгілейді, жазылмаған сценарий бойынша екі сағат кешігіп, енді алдын-ала дайындаған сценарий бойынша той басталады. Сол той болатын күні әскерде қызметтес болған жолдастарыммен хабарласып, жолығатын уақытты белгілегеннен кейін, сол уақытқа дейін шыдай алмай, асыға үйден шықтым. Белгіленген уақытта жиналады ау деген үмітті, жолда келе жатып хабарласқан жолдасым бұзды. Сол кезде барып, "уақытымыз жоқ, неге біз үнемі асығыспыз?" деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Күнделікті тіршілікте көкейдегі ойдың барлығы жүзеге аспауы мүмкін, бірақ біз тым асығыспыз.

 Таңертең ұйқыдан ояна сала жұмысқа асығамыз. Жұмыста отырып, түскі асқа, түстен кейін үйге қайтуға асығамыз. Мен сол күні жолда келе жатып, мейлі асығыс шықсам да, тойда асықпай-ақ қояйыншы деп ойладым. Барлығы ойлағандай-ақ болды. Той тоғызда, жолдастарым тоғыз жарымда жиналса, той аяқталмай жатып, алды қайтуға асығып жатты. Өзімді қанша сабырлы қалыпта ұстағаныммен, асығуға бейім тұрамын.

Асығудың да түрі бар. Мысалы, таңертең ұйықтап қалып жұмысқа кешікпеуге асығу, үйде бір туысың ауырып қалып, жедел-жәрдем келгенше асығу, ұзақ жолда тезірек жеткенше асығу, пойыздың уақытынан кешігіп қалмау үшін асығу сияқты орынды асығулар бар. Ертең демалыс екенін біле тұра қонақтан қайтқанша асығу, уақытың бола тұра бір шаруаны шала, ерте бітіруге асығу, әлеуметтік желідегі "әріптестерімде" не болып жатыр екен деп уақытты босқа өткізуге асығу, қашан түс, қашан кеш болады екен деп үйге қайтқанша асығу сияқты орынсыз асығулар болады.

Міне осындай қарапайым, күнделікті тіршіліктің бітпейтін тірліктерін бітіруге асығып жүргенде уақыт жылдам өте шығады. Соны көреміз де , "Мә, уақыт деген демде ия, кеше ғана кішкентай бала еді, мектеп бітіріпті, кеше ғана әскерге кетіп еді, бүгін келіп қалыпты ғой, қалайша байқамағанбыз" деген сияқты пендешілік таңданысымызды білдіріп жатамыз.

Болмайтын іспен болдырып жүріп, уақыт жоқ, қолым бос емес деген сылтауды алға тарта салғанды шебер меңгеріп алғанбыз. Біз осылай асығып жүргенде, біздің асықпайтын жақтарымызды қарастырып көрейікші. Аптаның бес күнін жұмыс жұмыс десек, екі күн демалыс бар. Жұмыс тәулігіне 8 сағат болғанда, қалған 16 сағат уақыт өзіміздің еншімізде. Жұмыс күндері (1-5 күндері) басқасын білмим, өзім біреудің жағдайын сұрамақ түгілі, өзімнің өзімнің шұлығымды жууға зауқым соқпайды. Ертең жоамен мыналарды жасаймын деп жатып жоспарлағанмен, жұмысқа кеткен энергияңның орынын толтырамын дегенше өзің біржақты болып қаласың. Содан, сен күнделікті қайталанатын инстинкке айналып кеткен үрдістермен уақытыңды сарп етіп, тіпті теледидар қарауға зауқың соқпай отырасың. 

Сол аралықта, бір мезгіл ұзақ уақыт хабарласпай кеткен досыңа қоңырау шалып, бір сәт жағдайын білуге асықпаймыз (қоңырау шалса, керісінше, жұмыста едім,кейін хабарласамыз деп тұтқаны қоюға асығамыз) немесе, сол секілді ата-анаңа, бауырларыңа хабарласып, жағдай сұрауға асықпаймыз. (Одан гөрі әлеуметтік желідегі виртуалды әлемдегі қарым-қатынасқа формальді түрдегі жағдай сұрасуға асығамыз) Неше түрлі даналыққа толы кітаптарды оқуға асықпаймыз(ФБ да кім қандай пост жазып жатыр, соны көріп, оқуға асығамыз). Өзіміз ойланып, айналаға көз жүгіртіп, ойыңды қорытып, алға мақсат қоюға асықпаймыз. (Кім, не айтар екен деп  өзгенің аузына алаңдаймыз). Таң азанда ерте тұрып, таңғы жаттығуға 20 минут уақытты қиюға асықпаймыз, кешке түннің жарымы ауғанша көгілдір экранға төніп отырып, ерте жатуға асықпаймыз. Осы тәрізді мысалдарды тізбелеп айта берсек көп.

Әрине, әр адамның өзінің маманданған саласына қарай уақытты өзінше бағамдай жатар. Бірақ, бір анығы асықпайтын нәрсеге асығып, асығатын жақтарымыз жадымыздан тыс қалып бара жатқан жоқ па? Осы мәселе алаңдатады. Бір досым бар, бір ұсыныс, пікір білдіретін болсаң, қазаққа қаншалықты келіп-кетер пайдасы бар деген өлшеммен алып қарайды. Мен, сондықтан да ол досыма "Сенің ойыңдағыдағыдай ұсыныс, пікір менен ешқашан шықпауы мүмкін" деп әзілдеймін. Қазаққа пайда келтірмесекте, біз өз іс-әрекет, жұмысымызбен уақытты сарп етіп жүргенде, өзіміз үшін қаншалықты пайда келтіріп жатырмыз. Мен осында отырып үн шығарғаныммен де, ол үн басқа құлақтарға жетеді ме?

пысы: 26.09.2013 жыл. түнгі сағат: 00-03 



Бөлісу: