Сол иірімнің жадында қалып қойған оқиғаға тап келген жан, расында өткен заманға бір сәт болса да «бас сұғып» қайтады екен. Бұл — дәлелденген, еш бұлтартпас дәйегі бар дүние. Бірақ мұның бәрі адамдар арасында әртүрлі ой, үрей тудырмас үшін мемлекеттік тараптан бүгінге дейін құпия ұсталып келгені шындық. АҚШ және КСРО-ның құпия мұрағаттарында уақыт иіріміне тап болып, өткенді көріп қайттық деген жүздеген адамның айтқандары бүркеулі жатыр. Қанша құпия десе де, халық арасына там-тұмдап таралып кеткен жағдай бар. Сонымен, бағзы заманға барып келгендердің айтқандарына тоқталалық. Мәселен, КСРО-ның әскери ұшқышы Виктор Орлов, кезекті бір ұшу кезінде, төменде керемет бір соғыстың жүріп жатқанына куә болады. Жан беріп, жан алысып жатқан қанды қырғынның үстінен бойлай ұшқан ұшқыш соғыстың бүгінгі күнгі емес, бұдан бірнеше ғасыр бұрын болған майдан екенін аңғарған. Өйткені майдан алаңындағы сарбаздардың киген киімі де, қолданып жатқан атыс құралдары да өткен ғасырларға жетелейтін. Виктор Орлав жерге қонған соң, есеп беруінде не көрді, бәрін тізіп жазып берген. Әрине, алғашында әскерилер сенбеді. Жоғары жылдамдықта ұшып келе жатқандықтан ауа қысымынан ұшқыш естен танып қалған не психикалық ауытқу болып, елес көрген болар деген жорамалға келіскен. Ұшқыш дәрігерлердің арнайы тестінен өтті. Оның денсаулығынан ешқандай кінәрат таппаған соң, Орловтың айтқандарымен құпия түрде ғалымдар, тарихшы-мамандар айналысты. Ақыры «ұшқыш уақыт иірімен тап болған» деген қорытындыға келген. Ал Орлов көрген соғыс ол ХІХ ғасырда болған Америкадағы оңтүстіктер мен солтүстіктер арасында болған аса бір шешуші соғыстың көрінісі деген болжамға тоқталған.
Араға бір жыл салып тағы бір КСРО ұшқышы Александр Устимов та сондай оқиғаға тап болған. Ол кенет төменнен енді тұрғызылып жатқан пирамида және оның жанында құмырсқадай өріп жүрген жұмысшыларды көрген. Ұшқыш бұл ежелгі Мысыр жері екенін дәл байқаған. Бәлкім оған оның тарихи кітаптарды көп оқығаны, ежелгі тарихты біршама жақсы білетіндігі көмектескен болар-ау. 1994 жылы АҚШ әскери ұшқышы Р.Уитмен Флорида штатының үстімен ұшып келе жатып, кездейсоқ орта ғасырдағы Еуропа дәуіріне тап болған. Не көрген дейсіз ғой. Лапылдай жанған отты, оған лақтырылып жатқан адамның өлі денелерін көрген. Көргенде жаны түршіккен. Сөйтсе ұшқыш орта ғасырда Еуропада жүріп өткен атышулы оба эпидемиясы кезіне тап болған. Өртеліп жатқандар обадан қайтыс болған адамдардың денесі болса керек-ті. Әрине, мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. КСРО кезінде көптеген әскери ұшқыш осындай уақыт иріміне талай мәрте тап болғанын Кеңес елі күйреп, тәуелсіз мемлекеттер пайда болған соң, онда да ашықтықтың, демократияның арқасында айта бастады. Дәл уақытында ондай әңгіме айтуға рұқсат етілмеген. Дабыра қалып жұртқа жайғандар түрлі себептермен жұмыстан шығарылған, әскери шендері төмендетілген, тіпті психикалық ауытқуларға ұшыраған деп зорлап тұрып ауруханаға жатқызып, арнайы тексеруден өткізілген. Содан болар, көбі көрсе де үнсіз қалған.
Осындай оқиғаларды зерттеумен айналысқан дат елінің физигі Покс Хеклунд «бұл ешқандай әсіре айтылған ғажайып оқиға емес, нақты дүние» деген қорытынды шығарған. Және осы мәселеге арнап салақұлаш ғылыми еңбек жазған. Оның есептеуінше, адам ондай кездейсоқ жағдайға тап болуы небәрі 20 секундқа ғана созылатын көрінеді. Сондай-ақ ұшқыштар қанша мәрте өткен өмірге тап болғанымен, болашақтағы көретін заманға тап болған ешкім жоқ екенін де еңбегінде атап кеткен.
Жарайды, ұшқыштардың көргенін гипноз не болмаса тым биікте жоғары жылдамдықпен ұшып келе жатқанда миға ауа жетпей қалғандықтан көзге елестеген жын-жыпыр дейтін болсақ, жердегі адамдар да уақыт иіріміне түсіп кетіп жатыр ғой. Ол жөнінде қандай уәж айтуға болады? Мәселен, өткен заманнан бүгінгі заманға тап болып, таңғалып, «мен қайда жүрмін» деп шошына айқай салып, үрейі ұшқан жандар да болған. Сенбейсіз бе? Онда мына бір мысалға үңіліңіз.
1912 жылы Лондоннан Глазго қаласына қатынайтын пойызға бір стансадан үстіне ХVІІІ ғасырдың киімін киген бір адам кіріп келген. Кіріп келгенде шошына «Мен — Пимп Дрейк Чентнем елді мекенінің арба айдаушысымын. Айтыңдаршы, мен қайда тап болдым?» деп үрейі ұша айқай салған. Жолаушылар тосынан пайда болған кездейсоқ адамды сабыр сақтауға шақырды. Және пойыздың қайда бара жатқанын, өздерінің кім екенін һәм қазір қай ғасыр екенін түсіндіруге тырысқан. Біреулер жүгіріп пойыздың жол серігін шақыруға кетті. Жолсерік келгенде тосынан пайда болған адам жоқ еді. Әлгі адам кенеттен қалай пайда болды, солай ізім-қайым жоқ болған. Тек оның осында тап болғанын растайтын нәрсе қамшы мен аттың жүгені түсіп қалыпты…
Этнограф мамандар бұл құралдарды екі ғасыр бұрын жасалған және сол кезде қолданылған деген қорытынды шығарған. Және әлгі адам тап болған жерде баяғыда Четнем деген елді мекен болғаны да анықталған. Бір қызығы, пойыз ары-бері сол жерден өткен сайын, сирек болса да ара-тұра Пимп Дрейк деген арба айдаушы вагонға кіріп келіп «Мен — Пимп Дрейкпін» деген сөзді қайталап отырады екен. Сосын із-түссіз жоғалып кететін көрінеді. Ағылшын ғалымдары сол елді мекенді зерттей келе, бұл уақыт иірімі болуы мүмкін деген ойға келген.
Тағы мынадай да оқиға болған. Өткеннен бүгін біз өмір сүріп отырған заманға тап болған жандар да бар. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұрын алаяқтығы үшін Нью-Йорк қаласында Эндро Карлсин деген адам қамауға алынды. Не істеп қойды дейсіз ғой. Ол биржаға небәрі мың долларға жетер-жетпес ақша салып, 350 миллион доллар пайда көрген. Құзырлы орындар Эндрю таныстар арқылы сауданың қандай болатынын алдына ала біліп алған деген айып таққан. Бірақ ол оған келіспеген. Ақыры Эндрю 2256 жылдан біздің заманға тап болғанын, банктің сауда операциялары қалай жүргізілетінін жатқа білетінін айтқан. Соның арқасында санаулы күндерде әлгіндей ірі қаржыға ие болғанын дәлелдеп шыққан. Сондай-ақ ол өзіне сену үшін, атышулы лаңкес Бен Ладеннің қайда жасырынып жүргенін, қалай өлетінін, тіпті ғасыр обасы аталатын СПИД-тің емі қашан табылатынын да айтып берген…
Тағы бір болашақтан бүгінгі заманға «секіріп» түскен саяхатшының қатарына Джон Титор деген адам жатады. Ол 2034 жылдан бүгінгі күнге арнайы келсе керек. Джон алдағы жылдары адамзат қандай жағдайларға тап болатынын айтып берген. Оның айтуынша 2030 жылдан кейін адамдардың ай тұрмақ, өзге ғаламшарларға саяхат жасауы ешкімді таңғалдырмайтын күнделікті жайтқа айналады…
Мұндай жұмбақ құбылыстардың тізбегі осымен шектеліп қалмайды. Әзірге оларға толыққанды түсінік берілген жоқ. Бірақ ғалымдар «уақыт ойығы» ешқандай мистикамен байланысты емес, шындық деген пікірде. Бірақ ондай жерлерде болатын тылсым құбылыстардың құпиясын ғылым әлі толыққанды шеше алған жоқ. Жалпы, бұл жұмбақ құбылысты парапсихологтар «хонтинг» деп атайды. Бұл термин «кейбір елестердің белгілі бір географиялық нүктеге байлануы» деген ұғымды білдіреді.