Текелі
Уа, Текелі!
Саған қай тау жетеді.
Ұжымақтан үзіліп,
Түскенсің-ау сен, тегі,
Періштелер мекені.
Көктемде гүл жамылдың,
Жаз шырынға малындың.
Екі жақта екі тау,
Қос алмаға құлаған,
Қос бұрымы арудың.
Күнгейде қар жатпайды,
Тоң төрт елі батпайды.
Жаланып жатса жан-жағың,
Ақ мылтық дейтін ақпанда,
Қара суың қатпайды.
Құйқаң қалың бес елі,
Түгің ну боп өседі.
Жалын ұрса жан-жағың,
Сенің қойын-қонышыңда,
Салқын самал еседі.
Ертегідей кешегі,
Көркің тәнті етеді.
Сені көрсе кезбе бұлт,
Құлап түсіп кеудеңе,
Ақ жауын боп өтеді.
Сен болмасаң не етермін,
Сені қимай өтермін.
Сенің сұлу көркіңе,
Тамсанумен таң атып,
Түн батады, Текелім!