Жатақханада бас қосулар жиі болушы еді. Әр студенттің туған күндерін есептемегенде, мереке, айт, құдай-тамақтар да жасалып тұратын.
«Сәуір болмай, тәуір болмас» деп сәуірді күтіп жүргендердің бірі осы бітіруші студент еді. Бұл күні оны тек түлек болу қуанышы тербетпей, жүрегін елегізеткен тағы бір себеп болды. Кешелі бері апасының жылын жасауға өзінше қамданып жүрген жайы бар. Туған жерде-ақ жасауға болар еді. Сабақтың жайымен ол сол кезде мүмкін емес еді. Мейлі, оны қойып, астың жайы не болды десеңізші?!
Дастарқаннан көз алмай, таңқалудан басқа шара болмады. Дәмі тіл үйірер бәліштер, тоқаш, бауырсақ, тәтті кәмпиттер, құймақ және тағы басқа дәмділер тілден ғана емес, естен де кетпейтіндей болды. Жүрек жалғап алған жастар қызу әңгімеге кірісті. Басы көріп жүрген сериалдарын айтудан басталды. Қазіргі жастардың дерті осы сериал көру ме деймін. Жай жұмыстың жалғамасы, перифериялық көзқарасты дамытушы және қатар бірнеше іспен айналысудың тәжірибесі болып саналып жүргенімен, оның алтын уақытты байқаусыз ұрлап жатқаны да бар. Әңгіме кино-сериалдағы махаббат өмірде бар ма екен деген сұраққа сайып келді.
Өмірде әр адамның өмірі өздігінше қызықты, тартысты өтеді. Сол өмірдің тәттісі де, ащысы да сол махаббат дегенге келісушілер жетіп артылады. Отырғандардың ішінен батылырақтары өздерінің басынан кешкендерін айтып бастады. Сөзшеңдері шаршап, ұйқыға бет бұрғанда, момақандар сөйлемесе болмайтын болды. Себебі тек тыңдаумен өткізілсе, болған кештен қандай нәтиже шыққанын білуге болмас еді. Содан не керек, осы түлектің өзінің екінші курсындағы елден ерек, бойы озық әңгімесі, сол жерде отырғандардың шешімі бойынша, әзілмен «Жыл оқиғасы» атанды.
Даңғырлаған әуеннің ішінен адам түгіл жындардың өзі адасуға шақ. Туған күнді үйде жасағаннан гөрі клубта жасау трендке айналғалы қашан?! Ақжүніс бүгін ерекше құлпырып жүр. Туған күн иесіне тән көңіл-күй оның бойында керекті деңгейден де көп болып кеткен сияқты. Бір айрықша қуанышты. Ақжүністің курстастары оны құттықтауға емес, тек би билеп, шарап алып, көңілді көтеруге келгендей-ақ. Не дегенмен солардың ішінде бір бозбала Ақжүністен көзін алмай жүр. Жігіті деп ойлап қалған боларсыз, жоқ олай емес. Жай осы клубқа кездейсоқ келген адамдардың бірі. Шашын тарап, сақал-мұртын реттеп, биязы болып жүруге әуестенгені көрініп тұрған мына жігіт қонақтардан өзінің жүріс-тұрысымен ерекшеленіп-ақ тұр. Мұнтаздай таза, жинақы болмысы өзіне назар аудартпай қоймайды. Туған күн болып жатса да, бұл жерге қонақтан өзге адамдар да кіре беруші еді.
Арсен ерекше қобалжулы. Арсен туған күн иесінің есімін бәрі атай берген соң, сырттай таныс. «Ақжүністің ұялы телефоны қайда екен?» деген сұрақ ойына кіріп алып, арқасын кеңге салып, кредит сияқты босатпай жүр. А, мінекей, табылдың ба, бәлем? Сотканы құрыққа түсірген Арсен тып-тыныш, елдің көзінен аулақ жерге жылдам аяқ басты. Оның мақсаты – буфет үстелшесінде көріп қалған Ақжүністің смартфонының бас бетіндегі қыздың нөмірін білу. Бәйбіше ғана ұстайтын сандықтың кілтіндей Ақжүністің телефон құпиясөзін Арсен оңай таба алды. Қазір сандық технология әлемдегі шешуі табылмаған он есептің бірі емес қой. Оны бесіктен белі шықпаған, үш жасар баланың өзі ойланбай-ақ қимылдық жадымен қолдана алады. Арсен де өзін өзі көп күттірмей дегеніне жетті.
Университет қабырғасында қызықты күндерін өткізіп жүрген студентке әрдайым бір дүние кем болып тұратындай. Арсен өткендегі туған күннен кейін ұзақ толғанысқа түсіп, жанындағыларды байқамайтын болған. Бар ойы сол ұялы телефонын алған қызда. Хабарласу керек пе, жоқ па? Оған сезімді білдіруге бола ма, болмай ма? Сансыз сұрақтың шешімі тәтті бәлішпен келуі Арсенді де, кейін бұл оқиғаны білгендерді таңқалдырмай қоймады.
Күтпеген жағдай.ЖОО-да қайырымдылық тәтті жәрмеңкесіне әрдайым ат салысатын Арсен бұл жолы да қалмады. Ұйымдастырушы қыздар бұл жолы басқа университеттен көрген жаңалығын жүзеге асыра алыпты. Ол - ішінен тілек шығатын бәліштің қағазына таңдау жасай алмай жүрген жастарға арнайы екі сөз ғана жазыпты: иә және жоқ. «Иә» сөзі шыққанда, Арсен біріншіден тілек іздеп, таңырқап қалды. Бұл арнайы жоғарыдан келген белгі деп қалған жас жігіт қуанышы қойнына сыймай, ойланбастан гүл дүкеніне беттеді. Ойдағы гүлін ала алған соң, кәмпиттің артықтығы болмас деп, оған да барды.
Көптен бері ойына алған ару Ақжүністің сіңлісі Кәусар болатын. Сыйымен келген жігітті бетінен қағу дұрыс емес екендігін білетін Кәусар таңырқағандығын жасырғанымен, өзін бұрыннан ерек ұстады. Бұрын көрген болса да, Арсеннің бұл қылығы кез келген адамды таңқалдырмай қоймас еді. Кәусар да солардың қатарынан. Арсен аптығып келіп, түсініксіз нәрселер айтуда.
Қазір оқуды аяқтауға шақ қалған Арсен мен екінші курсты оқып жатқан Кәусардың оқиғасы әріректе басталған екен.
- Есіңде ме, сен 10-сыныпта анаңмен Алматыға келіп едің. Мен сол кезде балмұздақ болып, университеттің не екенін біліп жүрген едім. Жақында Ақжүністен көріп қалған қызды сен бе, сен емес пе деп жүрген едім. Сен болып шыққаныңа қатты қуандым. Сенесің бе, сені осы өткен екі жыл бойы барынша іздеп табуға тырысып едім. Дәл қазір мүмкін болғанының қызығын қарасаңшы?!
- Есімде ғой, есімде. Мені жоғалтып жүргендер де бар екен-ау. Қызығын-ай!-деп Кәусар сөзінің аяғында не айтарын білмей күлімсіреп тұрды. Лап етіп жанған от екеуінде ессіз жайпап кеткендей. Көп уақыт көріспеген соң, бірден шүйіркелесіп кете барды.
Көктемнің әсері болар Арсен өз өзіне есеп бере алмай, не істеп жүргенін білмейді. Түлектің қамы диплом жұмысында болу керектігін түсінсе де,бар ойы Кәусарда. Кәусардың өзгелерден ерекшелігі - үйде әпкесі шаш жиналып тұруы керектігі жайлы көп айтқандықтан, өзінің құрбылары секілді қолаң шашын жайып жіберуге әуестенбеген. Кей кезде шаш бұйралап, әсемденіп қояды. Қолын білегіне дейін жауып тұратын кофталардан қолының нәзіктігі қатты байқалмайды. Кей-кейде ұзын көйлек-белдемшеге кигенді ұнатады. Бәрі келісілгендей-шашы, қас-кірпігі, көзі- қою қара. Ернінің әлсіз қызылы ашық қоңырлығынан одан әрі білінбейді. Осының бәрі Арсеннің көз алдында. Күндіз тікелей көз алдында болса, түнде Арсеннің қиялымен толықтырылып, жандана түседі.
Қызығы таусылмайтындай боп көрінетіндей жастық шақ бар екпінімен, бар қызуымен өтіп жатқан еді. Арсен мен Кәусар бар бос уақытын бірге өткізуге тырысады. Жазды қиын көтеретін Кәусар кеше ғана ауырып қалды. Оған жатақханаға кіруге болмайтын болса да, құрбыларынан өту картасын тауып, дәрі-дәрмек, жеміс-жидегін құшақтап алып ұшып жүр. Кәусарды емдеген әкелген сыйы емес, қамқоршысының бәйек салған көңілі, тыншымаған жүрегі сияқты. Кәусар аяққа тұрды.
Бұл жеңісті тойлау үшін ол екеуі мейрамханаға бармаққа шешім қабылдады. Жайшылықта да барып жүрген жер деп Кәусар тым әсемденіп дайындала қоймады. Бірақ сондай сезім Арсеннен көрінбейді. Ол бүгін тойға шақырылып қойған қонақтай сабазданып, әдеміленіп алыпты. Арсенге бұл мерекені ымдап кеңес беріп жүрген жұптың ортақ досына айналып кеткен Ақжүніс еді.
- Сенің жазылғаныңды қалай күткенімді білсең ғой.
- Уайымдаудың керегі жоқ еді, бұл - бар-жоғы бәрінде болатын жазғы аллергиялық ринит. Менің иммунитетімнің әлсіздігінен айығып кетуім қиын. Не дегенмен, бәрі оңалып кеткеніне шүкір.
Арсен магистратураға түсіп, жұмыспен қатар, білімін әрі қарай шыңдамақ. Негізгі себеп Кәусардың жанында көбірек бірге болу еді. Күнделікті жаңалықтарын айтып болған соң, Арсен үнсіз отырып қалды. Кәусар өзін күтейін деп, ол да тынышталып қалды. Қыз жүрегі бір затты сезеді ме, әйтеуір тыныштық күлкіге ұласты. Күлкінің себебі Арсен қолындағы қорапша екен. Байыппен ұзақ ашқан қорапша қақпағы Кәусар тағатын алып болмады. Содан не керек, Арсен өзі асыққан ұсынысын жасады. Кәусар қызығушылығы, мінезі өзінен айнымайтын Арсеннен бас тарта алмады.
Екеуінің бұл шешімін туыстары әлі әзір білмейтін-ді. Айтуға қанша асыққанмен бата алмай жүр. Неге десеңіз, Арсен мен Кәусардың туыстығы бар. Ол екеуі төртінші атадан бауыр болып келеді екен. Қазақта жеті атаға дейін қан араластырмайтынын біле тұра, екеуінің сезімі тым тәтті еді. Екеуінің қосылуына себепші болған Ақжүніс еді. Ақжүністің қала өмірінен ойлау жүйесі толық өзгеріп кетсе керек. Барлығын біле тұра, сіңлісін де тоқтатпады, Арсеннің де бетінен қақпады. Жастардың ыстық қуанышына леп беріп, қуанып қана жүре берді.. Содан не керек, басы ашылмай жатып, ешқандай шешім қабылдауға болмайды.
Шуда өзеннің толқындарының орнын аспанмен таласқан ғимараттар басқалы қай заман. Тоғыз жолдың торабы саналатын шаһар сонау Ұлы Жібек жолы кезінен қалалық салтқа еті үйренген. Кеңес заманында көптің күшімен көтерілген теміржол торабы қазір қарапайым жұрттың нан табатын аймағы. Осындай жерде дүниеге келген Кәусар өз туған жеріне көп бара бермейтін. Сабақтың қамымен бүкіл тәжірибелік жұмыстарын өтегенде бір-екі ғана бос аптасы қалатын жазда келуге үлкен себеп табылғанынан дән риза.
Ата-ана, бауыр алдында қалай айтарын жүз рет дайындалса да, бұл жұп бәрібір қобалжуда. Қалқаман-Мамыр оқиғасының қаншалықты ауыр болғанын олар енді түсінуде. Не дегенмен, әліптің артын бағу керек. Бұл қазақ сұрапыл соғысты да өткерген. Бұған да уақыт өте келе туыстың еті үйренеді деген сенім жалғыз мүмкіндік ұшқыны болып келе жатқанымен, оның дәл қазір сөніп қалуы мүмкін екендігі екеуіне де аян.
Тағдыр сан түрлі құйтырқы сынақтарын беруден шаршамаған ғой, шіркін. Арсен мен Кәусардың сезімі екеуіне ғана емес, бар туыстарына да сын еді. Қос ғашық ағайынды қанша көндіруге тырысқанымен, салт-дәстүрден аттап басу мүмкін болмады. Осы жиындардың басты себебінің шешімі табылғанда жазғы демалыс та аяқталуға шақ қалды. Содан бұл оқиға қайта көтерілмеуін тілеп, бауырлар екеуін оқуға шығарып салды.
Қалалардың алшақтығы сағыныш сезімін тудырғанымен, кей кезде сол алыстықтың да пайдасы бар сияқты. Оқуға оралған жастар шешімге көнбей, тулап жүрген еді. Ақыры соңында ата-ана қарсылығына төтеп бере алмай, өмірлік дос болып қалды. Ата жолын қуған қос өрен өздігінше отбасы құрып, тату-тәтті өмір кешті. Ата-ана, бауырларымен табысып, қайта сөйлесіп кетті. Өмірде махаббат пен достық алма кезек болуы да мүмкін екен.