Тырс-тырс...
блог
Ашылғандай аспанның түндігі алып,
Жауып жатыр Алланың нұры көктен!
Алматым қайнаған бір қазандай боп,
Жаңбыр да жаумай кеткен еді көптен.
Үзіліп түсіп жатыр тамшылары,
Терезені сипалай, жерге төмен.
Бұл жаңбыр қуанған да, мұңайған да,
Мөлт еткен тағдырларды талай көрген.
Адамдар асығады неге үйге?
Басталғанда үзік-үзік тамшылар пәк.
Бұл нағыз түсетұғын ғажап күйге,
Шабытты шарықтатып, қамшылар сәт.
Қарашықта мөлдіреп тағдыры-үзік,
Жаңбырменен жуылып қос жанары.
Көше бойын жағалай, мың күрсініп,
Қолшатырсыз бір бойжеткен барады.
Елемейді бір-бірін асыққандар,
Тезірек үйге жету-бар арманы.
Қолшатырдың астына бас сұққандар,
Жақсы емес пе жаңбырдың бұл жауғаны?!
Күлтесіне ілінген нұр-тамшысы,
Тамып түсер сәлден соң жерге анық.
Сұлулықтан осы бір жатады адам,
Кереметін Жаратқанның анық танып.
"Дүр" ете қалған кезде аспан, шіркін!
"Дір" ете қалып бір сәт тамшылары,
Көз жасы секілді боп раушан гүлдің,
Жұтып алар жерге қарай тамшылады.
Әр тамшымен бір періште жерге түсіп,
Бөлеуде қаламды анық ғажап күйге.
Бойыңа жинап нәрін, сен де өсіп,
Өмір сүр, бар өмірді құлай сүй де...
Тырсылымен дамылсыз қағып миды,
Ұйқылы саналарды мазаласа.
Осылайша көкірекке жауып жиі,
Кірленген жүректерді тазаласа...