ТЫРНАЛАР
блог
Күннің жауып көздерін түн қабағы,
Сансыз жұлдыз күзетті бұл қаланы.
Түн ортасы ояндым түсіме еніп,
Топ боп ұшқан ауылдың тырналары.
Сұлу-сұлу тізбектер салатын мың,
Ұға алмастан сырларын қанатыңның,
Ерте келіп, кеш қайтар мен сендерге
балалықпен өкпе артып қалатынмын.
Гүлдің мөлдір шығындай сол бала күн,
Сырғып түсті жүзінен зор қаланың.
...Кәрі қайың қоштасты шашып алып,
Сап-сары сағыныштың жолға бәрін...
Сағыныштан есі ауып, сұлық қалған,
Тұңғиықта тұнжырап қылықты арман,
Күрең бақта бір досым отырады,
Сары қызға жыр оқып ұмыт қалған...
Сұлу жүзін мұң орап күзде кілең,
Құрбым кеше үмітін үзгенімен,
Ұзақ күткен оның да сағынышын
сұрасаңыз болады көздерінен.
Тасқа теңеп жүрсек те сұр кеудесін,
Сұр кеудеге күп-күрең күз келгесін,
Бұл қала да біреуді сағынады,
Жылап алып жасырды бізден несін?..
Мендік мұңды мына күз сезінді ме,
Сені көрем, кете барсам көзімді іле.
Күні ертеңгі ойласам сағынышты,
Жек көремін өзімді, өзіңді де.
...Әр бір күзде бақыт та бар, мұңда бар,
Әрбір күн де дәл осындай түнге ауар.
Ал жүрегім сағынып жүр сендерді,
Ерте келіп, кеш қайтатын тырналар!!!
Ажар ЕРБОЛҒАН