Теперіш көп көрмесем де тағдырдан,
Күнәсі жоқ қиялым бар қаңғырған.
Өмір жолым бастағанда бақытқа,
Сұрау белгі шыға келед(і) алдымнан.
Қорқып мұз боп қалтырайды ми, денем,
Сұрақтарға сыр айтпауды үйренем.
Қуаныштың лебі есетін бойынан,
Леп белгісін сағынамын кейде мен.
Алға қарай жүзер болса нық кемем,
Болашақтан бір бақытты күткен ем.
Жазуға емес Өмір деген «кітапқа»,
Мен қорқамын қойылатын нүктеден.
Жетектесе желік көпке жетемін,
Татып көрем балы менен шекерін.
Үлбіреген үмітімді мұңайтып,
Үтірлерге үрке қарап не етемін?..
...Күйім осы, түсін, мейлі түсінбе,
Кей сәттерде адасамын түсімде.
Тырнақшаға тағдырымды табыстап,
Қалып қоям жақшалардың ішінде.
Бір күні...
24.12.2011 жыл