Тыңда, досым.
Сен жаурасаң, суық ызғар тұсап ой,
Маған қарай, пана сұрап ұша ғой.
Атыраптай кеңдігі жоқ әрине.
Менікі тек жарты метр құшақ қой.
Сен сүрінсең шеңгел толып қасыңа.
Ойланбастан шығарар ем басыма.
Алатаудай биік емес, төбенің
Маңдайымды тигізе алам тасына.
Сен адассаң, жанарыңды шел басып,
Жанашыр боп жүрген жалған ел қашып.
Таяғың боп жол бастармын жарыққа.
Сен құласаң, кете алмаспын мен де асып!
Сен қайғырсаң, басыңдағы бақ тарап
Қателіктер қимылдатпай қақпалап.
Жүрегімде жазылмаған дәптерден
Жыртып алып ұсынар ем ақ парақ.
Айың шықпай, сәттіліктің оңына,
Белшесінен батып былық қоңына.
Сен жыласаң, менен аққан тамшының
Көлтауысар жетер ме екен соңына?!
Сен өкінсең, өткеніңде қиғанға
Жаманшылық кеп жаныңа жиғанға,
Тұсауыңды кәлимамен кестіріп,
Мен жетектеп апарар ем иманға.
Жолыңдағы қалмас қамал алынбай
Бірге болсақ, басқаларға жалынбай
Ақ жүзіңде күлкі тұрса бақытты
Жыр дәптерім жылда түсер қалыңдай.
Өмір сүрсең деген жалғыз тілек бар.
Сен болғанда, мына менде тірек бар.
Шындығында жарты метр құшақтың
Ар жағында атыраптай жүрек бар.
Дос болу бар, доспен бірге күлмек бар.
Өзің барда қуанышқа "ілмек" бар.
Төбе тасы жанап өткен маңдайда
Алатаудың биігіндей құрмет бар.
Өзің барда өлең деген пәлем бар.
Өзің барда, тіршілік бар, әлем бар.
Жеті нота құдіреті жетпейтін
Үш әріпте үш жүз отыз әуен бар.
Ешкім менен өзге теңеу күтпесін.
Оқып алып жүрегіне жүктесін.
Достығымыз туындысы Тәңірдің
Өзі ғана қоя алатын нүктесін...