Тылсым түн

Қазақ тұрмысында қалыптасқан ұсақ-түйек ырым-тыйымға әдетте онша мән бермей жатамыз. Мәселен босағаны керме, күлді баспа секілді тыйымдар құлаққа үйреншікті болғанмен тереңінен үңіліп, себебін біле бермейтініміз де бар. Басымнан өткен мына оқиғадан кейін әрбір тыйымға зер сала әрі қорқа қараймын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, ұмытпасам алтыншы немесе жетінші сыныпта оқитын кезім болса керек. Әдеттегідей сабақтан қайтқан уақытым. Сағат екіден аса бастаған. Үйге келіп түстеніп алған соң мазам кете бастады. Кішкене жата тұрайын деген оймен кереуетіме жайғастым. Ұйықтап кеткен екенмін, «Кеш батқанда ұйықтама қызым» деген анамның даусынан ояндым. Денем дел сал, біреу мені зорықтырып жұмысқа сап қойғандай шаршап тұрдым. Терезеден тысқа қарасам кеш батып, ала көлеңке қоюланып жатыр екен. Анам кешкі тамағыңды ішіп ал деп дастарқан басына шақырған соң сүйретіліп, амалсыз барып отырдым, шынымды айтсам жүруге де ерініп тұрған секілдімін бе, айтеуір түсініксіз шаршаңқы күй кешіп тұрдым. Әупірімдеп отырып 2-3 сағат уақытты өткіздім де төсекке қайта бас қойдым.

Ұйқыда жатырмын...... жоқ, ұйқыда жатырмын дегенім ішкі ойым, санам ояу. Белгісіз бір күшпен арпалысқа түсіп жатырмын. Дәу қара күш аяқ қолымды шынжырлап тастаған, үстімнен басып қозғалуға шамамды келтірер емес, алқымымнан сығымдап ұстап алыпты. Демімнің таусылып бара жатқаны соншалық даусымды шығаруға қанша күш салсам да тілім күрмеліп байлана берді. Қанша арпалысқанымды білмеймін, айтеуір бір кезде жеңілдеп сала бердім. Міне ғажап, тіпті салмағым жоқ секілді. Анадайда анам жатыр, одан әрі інім. Ал бөлменің бұрышында мен...... кереуетте шалқамнан түсіп жатырмын, басымда ақ жастық, үстімде өзім жақсы көретін сүйікті қызыл көрпем. Тек осының барлығын мен жоғарыдан бақылап тұрмын. Қалықтап бара жатқан секілдімін, будақтаған аппақ бірдеңе көзіме шағылысты да белгісіз күш бар екпінімен лақтырып жіберді. Атып тұрдым. Қорыққан болсам керек бар даусыммен жылап жібердім. Сол түні анамның қасында жаттым.

Ертеңіне болған оқиғаны түгел айттым. Әжем беймезгіл уақытта ұйықтағанның салдарынан деп түсіндірді. Бір себепті жағдаймен беймезгіл уақытта бір пәс көзім ілініп кетсе болғаны осыған ұқсас түсініксіз беймаза әрі қорқынышты күй кешем. Бірнеше рет өз тәжірибемнен өткен соң түс ауғанда ұйықтауға қорқамын.



Бөлісу: