Тық-тық... Кірсем, бола ма? 11.12.13. Уақыты жетті...сірә.
блог
Бүгін 11.12.13. Кездейсоқ, тағы да, бәлкім. Бірақ, дәл бүгін жазба жазуды ұйғардым.
Келдім. Иә, мен оралдым. Алыс кетпеген де едім. Дегенмен, біршама өзгерістердің болғаны да рас. Іштей де, сырттай да. Бәріне "кінәлі" Массагет, десем, ә.)) Мені Массагет, Массагеттіктер керек етпегенімен, мен Массагетті, Массагеттіктерді керек етеді екенмін. Иә, бұған дейін де "оларсыз" өмір сүргенмін. Бірақ, тек күнделігіммен, тек өзіме мәлім тылсым әлеміммен, жаныммен сырласып қана жүргенімде кездескен "Массагет әлемінен" енді ажырамақ емеспін.
Мынаны ұқтым: мейлі Күн шықсын, шықпасын, бұлттардың артына тығылсын, ерте шығып, маған білінбей, ерте батып кетсін...бәрібір, бәрібір одан менің армандарым, тілектерім, мақсаттарым, қалауым өзгермейді екен. Күннің өз бетінше, табиғатына сай шығып-батуы, жарқырауы, нұрының түсу-түспеуі, мені жылыту-жылытпауы - менің өміріме еш қатысы жоқ екен. Ол өзінше, мен өзімше екенмін. Бір білерім: ол бар. Болды. Басқа ештеңе. Сондықтан да, Аллахтың көрмейсің, бірақ сезетінің секілді, Күннің де бар екенін біліп, тек сезіп қана жүре беруді, өзімді онымен байланыстыруға, көңіл-күйімді Күннің "күлімдеп", не "тығылуына" байланысты етпеуім керектігін түсіндім. Римнің бір күнде салынбағаны секілді, жүрегіме түскен жараның бір күнде, бір сәтте жазыла қоймасы анық, дегенмен де, Аллахтың қалауымен ол да бір күні жазылып кетеріне сенімдімін. Себебі, жүрегімде адамнан көрі Аллаға деген махаббат артығырақ екен.
Болды. Келдім. Бұйырса. Бұрынғы күзгі сарын бар әлі менде. "Жылаңқы" жазбаларымның жазылары анық, бірақ сәл азаяр... Себебі, мен жәй ғана өмір сүргім келеді. Қолымнан келгенше.
Массагетім, Массагеттіктерім, өткендегі кездесуден кәдімгідей әсер алдым. Шын сөзім. (өтірік айтсам, мұрным өссін)) Мен өмір сүріп жүрген, мен араласатын адамдардан басқа ортаның, адамдардың барына, олардың өзім сияқты жүрек үніне бейжай қарамайтындықтарына, олардың адамды түсінуге тырысып, сенің де өмір сүріп жүргендігіңді елейтіндіктеріне көзім жетті. Рас, маған кездесу қатты ұнады. Қазіргі жастардың түнделетіп клубтар, ойынханалар аралап, темекіге, не басқасына салынып, сұрықсыз өмір сүріп жүргендерінен басқа да "мәдениетті, оқыған, ізденген, еліне, тіліне жаны ашитын, өмірдің мәнін қыдырып, көңіл-көтеруден емес, қағаз-қаламнан іздейтін, басқаларды жақсылыққа үндейтін" осындай да жастардың, жастар ортасының бар екеніне қатты қуандым!!! Массагетке бекер тіркелмегендігіме көзім жетті! Массагеттіктерім, рахмет сіздерге! Көп-көп! Қадамдарыңа нұр бітсін! Алған беттеріңнен таймай, діттеген мақсаттарыңа жете беріңдер! Мен Сіздерге сенемін!..
Ал, осымен тәмам. Ұзын сөздің қысқасы, келдім...))
ПыСы: Массагеттіктер, қашан аққала жасаймыз...))