Түзеу мекемесінде білім күні аталып өтті

Бірінші қыркүйек әрдайым керемет мереке және білімнің, жаңа ашылулардың, жетістіктер мен жеңістердің, тәрбиешілермен кездесудің және қызықты әлемге саяхаттың басталу күні. Адам өмірінде қандай биіктерге жетсе де, бұл білім арқасында. Аталмыш мереке сонау 1984 жылы КСРО кезінен бастау алғаны баршамызға мәлім. Бұл мереке Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар үшін де тасада қалмады. Себебі, мекеме қабырғасында сотталғандарда жалпы орта білім беретін кешкі мектеп қызмет етеді. Сондықтан, 1 қыркүйек күні кешкі мектепте білім алатын сотталғандар арасында «Білім күніне» орай салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында, сотталғандар арасындағы көркем өнерпаздарының қатысуымен концерт  өткізіліп, әртүрлі тақырыпта өлеңдер оқылды. Кешкі мектеп директоры Берди Казиев жиын барысында сотталғандарды тәрбиелеуде психологиялық-педагогикалық әдістер қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Маңғыстау облысы бас санитарлық дәрігерінің  «2021-2022 оқу жылында Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары туралы» 2021 жылғы 27 тамыздағы № 18 қаулысына сәйкес, 2021-2022 оқу жылында барлық меншік нысанындағы білім беру ұйымдарында және ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарында штаттық форматта оқуға рұқсат берілді. Осыған байланысты, ГМ-172/6 мекемесі жанындағы кешкі мектепте сотталғандарды оқыту штаттық нысанда жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда, мекеме жанындағы кешкі мектеп қабырғасында, жалпы орта білімі жоқ 10 сотталғанға білім беру жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 127-бабына сәйкес, түзеу мекемесінде отыз жасқа толмаған сотталғандардың бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылады. Отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектер бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмдi өздерiнiң қалауы бойынша алады.



Бөлісу: