Түйме
блог
Соңғы сабақ еді.Қоңыраудың соғылғанын күтіп,минут санап отырдым.Себебі,апам үйге қонаққа келуші еді.«Кім-кім келеді екен? Не үшін келеді екен?» деген ойға берілген сәтте қоңырау шыр ете түсті.Үйге құстай ұшып жеттім.Аулада көліктер қаптап тұр.Үйге асыға кірдім.Есікті аша бергенімде,ас үйде қайнаған шай,қонақ бөлмедегі жарқын-жарқын естілген апамның күлкісі.Ары-бері үйді басына көтере шулап жүрген ерке тотайлар үйге жайлылық беретіндей.Келген қонақтармен амандасуға кіріп келгенімде,апам жайдары жүзімен,құшағына қысып,жанына отырғызды.Бір қуаныштың болғанын сездім...
Апам қаладан зейнетақысын алып,үйге қайтып бара жатқан екен.Қаланың ауасы жақпады ма,әйтеуір үйге қарай асығыпты.Жолай ыстықтаған болуы керек,пенжегін шешкен күйі көлікте қалдырып кетіпті.Үйге келе салысымен:«Түйме,түйме»,-деп,аһ ұрыпты.
Үйдегілер не болғанын түсінбестен,апамды сабырға шақыруға тырысса да болмады.Қалтасында ақшасы бар пенжек көлікте қалып қойғанын білген сәтте,әлгі апамды әкелген жүргізушіні іздеуге шығыпты.Құдай оңдап әлгі жүргізушісі сол ауылдың адамы екен.Тез тауыпты.Не де болса үйіне барып,пенжекті сұрағанда жалтармастан қолына ұстатыпты.Пенжекті үйге алып келгенде апам ақша емес пенжекке жабыса кетіп:
«Тәубә,тәубә!»-десе керек.Үйдегілер не болғанын білместен,аһ ұратындай пенжектің құдіретін сұрапты.Сөйтсек,апамды уайымға салған пенжекте қадаулы тұрған күміс түймелер екен.Апамның әкесі бір шеберге жақсылық істесе керек,қайтарымы ретінде,қызына күміс түйме соқтырып беріпті.Күні бүгінге дейін апам пенжегін ауыстырған сайын түймелерді де ауыстырып отырыпты.Көненің көзіндей болған күміс түймелерді 70 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтап келіпті.Аллаға шүкіршілігін айтып,шайын сораптап ішіп отырғанда,көненің көзі болған түймеден апамның аманатқа қиянат жасамас адалдығын,жүргізушісінің шешесіндей адамды сыйлағанын естіп өмірлік түйін түйдім.