Бүгін менің мені өмірге әкелмеген "анамның" туылған күні... Өмірімде маған өз анама әсем тілектер айту бағы бұйырмапты... Егер мен анамның жоқтығы үшін Құдайды жазғырмаған болсам, мен мейірімнің не екенін соған қарамай ұғып өскен жан болсам осындай маған Алла сыйлаған адамдардың арқасы деп білемін...
Апай, менің сізді қалай жақсы көретінімді білсеңіз ғой... Егер мына ғаламда сіздер секілді жандар болмағанда біз ақырзаманның қақпасын ендігі қаққан болар ма едік, кім білсін?!Жамандық жайлап бара жатқан жер бетінде сіз сынды аппақ пейілді ананы жолықтырғаныма мен жылдар бойы қуанып келемін... "Менің сұлу қызым",-деп маңдайымнан емірене сүйетін сіз сынды жанның ғұмыры тым, тым ұзақ болуын тілеймін...
Қаламнан қажыған тұсымда, өлеңім оңбаған шақта, тағдырым түңілдіре бастағанда мен ылғи сіздің "Қызым, сенде бәрі жақсы болады",-дегеніңізді ойыма алып еңсе тіктедім... Егер бұл ғаламда сіздің үмітіңізді үзіп алмай, мен үшін Аллаға жайған алақаныңыздың бос қайтпағанына өзіңізді куәгер ете алсам, менен бақытты жан болмаған болар еді...
"Өмірде әдемі қартая білетіндерге қызығамын",-деуші едіңіз... Сіздей қарты бар қазақтың бағы бес елі... Қол қусырып қарап отырмай, әліге дейін еңбектеніп келе жатқан сізді көргенде, жастықты қор қылып жүргенімді ұғып ұяламын...
Апай, Алла сізге Меккеге сан рет табан тіреуді нәсіп етсін! Сізге ғаламның сансыз байлығын тілеп жаңылғым келмейді, "Алла сүйген құлынан түкті де аямайды, алақан жайып шын ниеттеріңмен сұрасаңдар барлығын береді",-дейтініңіз сынды бүгінде сізде барлығы барын көріп қуанамын... Тек аман болуыңызды, әр дұға-тілегіңіздің Аллаға жетуін сұраймын...
Кейде ешнәрсеге қарамастан сізді жәй ғана анам санағым келеді... Себебі өмірде менің анам ұқтыра алмаған бар дүниені мен сізден үйрендім... Ендеше...
Туылған күніңізбен, "мама"! (Мен өз анамды ешбір жанға айырбастамасам да, сіздей жан анам болса сөз жоқ ең бақытты перзент болған болар ем...)
Бұл жазбаны оқымайтыныңызды білсем де, сіз туралы әлдене түртіп жүргенімді айтып қуантпасымды білсем де, мен сіз үшін түк жасамағанымды біле тұра менімен мақтанатыныңыз сияқты, менің де жәй ғана өмірімде сіз сынды жанның барымен мақтанатынымды білесіз...