Туылған күніңізбен!

   Әне... сағат тілі сырт-сырт соғып, асыға күткен уақыт жетті... Бүгін, 13 желтоқсан - мен үшін, біздің отбасымыз үшін ерекше күн. 13 санын онша ұната бермесе де, жылда құттықтаулар мен жылы лебіздерге көміліп қалатын күні бүгін менің Әкемнің! Иә, менің асыл әкемнің, асқар тауымның туылған күні. 

   Папа, есіңізде ме, мен кішкентай кезімде сіз мені қасыңыздан тастамаушы едіңіз. Мүмкін ең алғаш "Әке" деген "лауазымды" алып бергендігімнен шығар, ең алғаш "Әке" деп жүрегіңізді елжіреткендігімнен шығар... Есімді білмейтін кезімдегі сәттерді сіздердің айтуларыңызда білемін. Мамамның айтуынша, сіз мені өте қатты жақсы көріпсіз. Кішкентай кезімде топ-томпақ болған екенмін. Сонда да сіз мені ұзақ сапарға шықсаңыз да ертіп жүреді екенсіз. Ал мен сәл жүрген соң "шаршадым, көтер" деп жүрмей тұрып алады екенмін қырсығып... Сіз көтеріп жүреді екенсіз. Сол шақтарды күліп, сағынышпен еске алып отырасыздар... Мен үшін қазір де жап-жассыз. Сол кездері тіпті жас болған екенсіздер ғой. Студенттік өмірмен қоштасқандарыңызға көп бола қоймаған, еншілеріңізді кеше ғана алған жас отбасы болыпсыздар. Ал ол кезде маған оны ұғу қайда... Сіздерді аспаннан солай үлкен күйінде түсе салған деп ойлаушы едім ғой мен. Ал қазір, шашыңызға түскен ақ талдың әрбірі біз үшін екенін түсініп келем...

   Кішкентай кезімді есіме алсам, сіздің гитарамен отырыстардың көркін қыздырып, ән айтып отыратыныңыз есіме түседі. Жиі айтатын әніңіз болған шығар - "Нурикамал" (Кейін Жұбаныш аға орындап шықты осы әнді. Бір қызығы, бәрі сіз орындаған екен деп ойлады. Себебі Жұбаныш ағаның дауысы сіздікінен айнымайды. Сол күннен бастап-ақ Жұбаныш Жексенұлы - біздің отбасымыздың сүйікті әншісі болды.) мен "Сені көргім келеді де тұрады" деген әндер ғана есімде қалыпты. Қазір де жиі болмаса да үйіміздің төрінен орын алған сол гитараңызды қолыңызға алып, рахаттанып ән орындайсыз күнделікті тіршілік қажытқанда. Мамам екеуіңіз үйленген жылы сыйланған сол гитара - үйіміздегі ең құнды заттардың бірі екенін сезініп өстік. Сіздің ән айтқаныңызды сағындым, папа. Үйге барғанда ән айтып беріңізші маған...

   Біздің тәрбиеміз олқы соғып қалмас үшін өмірден өз көргеніңіз бен түйгеніңізді айтып отырасыз. Ешкімнің ала жібін аттамауды, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіден көмегімізді аямауды, жығылғанды демеп, сүрінгенді тұрғызуды, ақ сөйлеп, адал болуды біздің бойымызға сіңірген сізсіз. Маған күнделік жазып, кітап оқудың мәнін түсіндірген, менің оқуға, жазуға деген құштарлығымды оятқан да сізсіз ғой... 

   Әдетте, адам жанында жүрген өзіне аса қымбат жандарын бағалай бермейді. Жырақта жүргенде ғана, жұдырықтай жүректің түкпірінде жасырынып жатқан "сағыныш" дейтін ұлы сезім бұлқынады-ай... Өмірі жанынан ұзаққа кетіп көрмеген тұла бойы тұңғышы армандарын арқалап, ата-ана үмітін жетектеп ару Алматыға қуанышы қойнына сыймай аттанып бара жатқанда, көңілі толқып, жанары жасаурап, қызымен бірге жүрегінің бөлшегі бірге кеткенін ұқпаппын... Содан бері жылдан асты. Үйге барып, Алматыға қайтқан сайын дәл сол кездегідей күйде болатынын түсінем, сезем қазір. Менің де көзіме жас толады. Себебі бүгінгі Нұргүл - мектепті жаңа бітірген, келте ойлы, балаң Нұргүл емес, әке мейірімінің шексіздігін, қаталдығының астында жасырынып тұратын балаға деген махаббатын көре білген, ұға білген Нұргүл.

   Папа, туған күніңізбен! Сіз аман болыңызшы, ауырмаңызшы. Мамам екеуіңіз кеше ғана, сіз 44-ке қараған шағыңызда дүниеге келген Ілиястайларыңыздың ұлының тойында ақ бата беріп тұруларыңызды Алладан тілеймін. Мен шынымды айтсам, қандай тілек айтарымды да білмей отырмын... Ешкімге жария етпей, іштей ғана Алладан тілейтін дұғалар, тілектер болады ғой... Сіздер әрдайым менің ойымдасыздар. Әрқашан сіздердің амандықтарыңызды тілеп жүремін. Ешқашан ауырмаңызшы, аман жүріңізші, папа... Өміріңіз ұзааақ болсыншы.

   Ал маған алаң болмаңыз, папа. Мен сіздің мақтанышыңыз боламын... 



Бөлісу: