Түсініксіз түс

Түсініксіз түс
жеке
блог

Гүлсімнің ұйқысы шәйдай ашылып кетті. Жаңағы көргені өң бе, түс пе, соны ажырата алмай біраз дағдарды. Өңге де түске де ұқсай беретін жәйтті ол бұрын басынан кешпеген-ді. Түс дейін десе көріністердің бәрі ап-анық, түп-түсінікті, көкейінде бәрі кәдімгідей сайрап тұр! Өңі дейін десе, мүлдем қиюласпайды, мұның тағдырына мүлдем жат, бөтен нәрселер...
Ол былай болып еді. Төсекте ұйқылы-ояу жатқанда есік өте баяу, шиқылдап барып ашылған-ды. Көзі ұйқыға кетіп бара жатқан бұл тұруға ерініп, маужырап жата берген. Міне, есік ашылды, тіпті жәймен басып ішке кірген аяқтың сыбдыры да құлағына жетті. "Пәтердің иесі Ләззат апай шығар, басқа кім болар дейсің" деп бұл қозғала қоймады, бірақ, пәтердің иесі ешқашан бұлай ұрланып кірмейтін еді, 
--Гүлсім--деді әлгі ұрланып кірген адам. Даусы жасқана, өте баяу шықты. Әйел дауысы. Бұл ұйықтап қалғансып үндемей жата берейін деп еді, әлгі баяу дауыс тағы қайталанған соң басын жастықтан еріксіз көтерді.
--Гүлсім, тұрсайшы,--деп қасына келген келіншекке көз салып еді, үйдің іші терезенің қиығынан әзер түсіп тұрған айдың жарығымен көмескіленіп, келіншектің жүзін бұған анық көрсетпеді. Анықтап қарап еді, жоқ, бұл пәтер иесі емес, бөтен келіншек.
--Сіз кімсіз?--деді Гүлсім бірден.
--Тсс, ешкім естімесін, қорықпа, мен ғой.
--Кімсіз деймің? Кім керек сізге?
--Жайырақ, қызым, асықпа, мені тыңдашы, мен сенің анаңмын ғой
Бұл селк ете қалды.
--Не дейсіз? Қойыңызшы, есіңіз дұрыс па?
--Жәйырақ сөйле, ия, мен анаңмын.
Гүлсімнің бос мылжыңды тыңдап отыруға шамасы да жоқ еді, мына келіншектен тезірек құтылғысы кеп,
--Жоқ-деді жүрегі кеудесінен шығып кете жаздап атқақтай соғып,-Менің шешем жоқ, өліп қалған!!
Ана келіншек жалынуға көшті,
--Ия, өліп қалған, бірақ, мен анаңмын, маған сенші...
--Жоқ, барыңыз, миымды ашытпай,-Гүлсім даусын көтере сөйледі.
--Айғайлама! Мен сенің анаңмын! Есіңді жи!
Келіншектің даусы тау-тастың арасынан шыққандай жаңғырып, қорқынышты естілді. Зәресі ұшқан Гүлсім тағы тағы бір мәрте
--Жооооқ!-деп бар даусымен ышқынды да, орнынан атып тұрды. Сосын, ал, сосын ше?..
Осы айғай оның есін жиғызды. Дәл сол сәтте ол түсінен шошып оянғандай еді. Әлгі келіншек ізім-қайым жоғалыпты.Гүлсімнің бойын келесі сәтте қорқыныш пен таңданушылық қатар биледі. Тоба, өңі ме, түсі ме? Өңі болса жаңағы келіншек қайда кетті? Терезеге қарап еді, жаңағы түстегідей ай сәулесі терезенің қиығынан сығалап тұр екен. Ары-беріден соң өзіне-өзі келіп, үйдің ішіне көзі үйрене бастады. Мәссаған! Есікке қарап еді, тұп-тура түсіндегідей ашылып тұр екен, бұл әрдайым есікті кілттеп ұйықтайтын. Соны ойлағанда зәресі қалмады. "Бағана кілттеген бе едім?" деп бір ойлап өтті. "Бәлкім, ұмытып та кеткен болармын?"
Сәлден соң бұл әсерлерден айығып, жайына кеп жатты да жаңағы жәйтты есіне алмауға тырысты. Бірақ, өз қиялын өзі жеңе алмай, әлгі келіншек көз алдына көлбеңдей берді. "Анаңмын дейді ғой"...

Бұл анасын тек суреттен ғана көрген, байғұс келіншек Гүлсімді босанарда жан тапсырыпты. Сорлы Ана дүниеге әкелген тұңғыш та соңғы перзентін басқаларға аманат етіп тапсыруға да үлгере алмаған күйі аттанып кете барған. Осылайша 1985 жылдың 12 қазаны Гүлсімнің туған күні боп та, анасының өлген күні боп та саналады.Гүлсім мұны кейін ұғынды. Бейшара қыз туған күнінде сыйлықтар алып қуанса да, бұл датаның анасының бақилық болған күні екені есіне түсіп мұңайып қалатын. "Маған тәңірім алаңсыз қуанышпен тойлайтын туған күн де бермеген екен" деп кейде налиды да.
Дегенмен, ата-әжесі, әкесі бар, жетімдіктің азабын сезе қойған жоқ, бірақ, анасының орнын кім баса қойсын?
Ұйқысы мүлдем қашқан Гүлсім жаңағы түсті қайта есіне алды. "Анаңмын деді-ау... Бәлкім шынымен анам да шығар? Неге жүзін анық көрмедім екен"? Қанша ойланса да түсінде көрген келіншектің жүзін елестете алмады.
Ары-беріден соң Гүлсім сол түсті қайта көргісі кеп те кетті.




Бөлісу: