Түсінбей қалдым...

Интернет сайттары арасында соңғы кезде байқау көп ұйымдастырылып кетіпті. Елеусіз өте шығатын бір айда қатарынан үш байқау ұйымдастырылыпты. Шынымды айтсам, соңғы байқауда "Мульти-юзер" номинациясын түсінген жоқпын. Егер осының ағылшын тіліндегі аудармасына қарасаң, бұл қолданушысы көп сайт деген мағынаны білдіреді екен. Логикаға салсақ, бұл аталымда қолданушысы ең көп сайттар бақ сынауы керек. Яғни контентті көп адам оқитын сайттар жарысу керек. Бірақ ол жақта қолданушысы көп сайттармен қатар қолданушысы аз, тіпті өте аз сайттар бақ сынаған 

Өзім музыкантпын әрі қарапайым интернет қолданушысымын. Сондықтан терминологияны жіті түсіне бермеймін. Гугл қай кезде де үлкен көмекші ғой, осы жағдайда мен де гуглға жүгіндім. Бұның не нәрсе екенін білейін дегенім ғой. Сөйтіп "Мульти-юзер контенті" деп орысша іздегенімде, соңғы дода туралы мәліметтер шыққаны бар емес пе? 

Отырып ойландым. "Мульти-юзер" дегенді аудармасына қарап қолданушысы көп деп танитын болсақ, әр қолданушы интернеті бар әр компьютерден кіретін болғандықтан кез келген жұмыс істеп тұрған сайт мульти-юзер сайтына жатады деген сөз. 

Енді мына қызықты қараңыз. Сол аталым бойынша таласқа түскен сайттарды қарап отырсақ, бағыты әртүрлі сайттар бақ сынапты. Массагеттің бір ғана бағыттағы сайттармен (аспаздық, блог, сұрақ-жауап, мотиватор, КВН) не себепті бір аталымда бақ сынағанын өз басым түсінбедім. 

Ал егер сол сайттардың материалы мен құрылымын қарап, шолып шықсаң, тығырыққа тіреліп қаласың. Егер сол номинацияда Массагеттің қарсыласы болған барлық сайтты біріктірсек, онда блогы да, форумы да, аспаздығы да, КВН туралы материалы да, мотивация туралы материалы да бар бір Массагеттің дәл өзі болып шығар еді

Осы категорияны қоса отырып ұйымдастырушылар не айтқысы келгені біз сияқты қарапайым қолданушы үшін түсініксіз болып тұр. Мен музыкант, қарапайым қолданушы әрі блогшы ретінде осы нәрсені қанша түсінгім келіп тырысқаныммен, жөнді түсіне алмай отырмын... 

Әлде қазақ интернетшілері әлемдегі барлық сөзді ысырып тастап, өздері интернетте "Мульти-юзер контенті" деген жаңа түсінік ойлап тапты ма екен?   Олай болса осы ұғымды енгізген адам тым құрыса байқаудың сайтына осы туралы түсінік берсін не Википедияға жазсын: мульти контенті қайсы, мульти контент деген бар болса, мини контенті қайсы, соны да жазсын. Мен сияқты кез келген қарапайым қолданушы білгісі келеді-ау соны...

Сурет: вкдан



Бөлісу: