Түсімде Сізді көрдім...

Түсімде Сізді көрдім...
жеке
блог

Мен тағы да түсімде Сізді көрдім. Иығыңызға басымды қойып, жылап тұр екенмін. Көзімнің жасы бетімді жуып жатыр. Шағынып  тұрғам жоқ. Өн бойымнан  ыза да, өкініш те аңғарылмайды. 

Толассыз домалап жатқан жанарымның моншақтары емес, көңілімнің  көзіндегі бұлақ сияқты. Көзі Сізді көргенде ғана ашылған сол  бұлақ жан дүниемді шайып, тұла бойымды жеңілдетіп  тастағандай.

Сіз үндемейсіз… Көкірек сарайы  тазара түссін дегендей  тапжылмастан тұрсыз… Мені бауырыңызға тартпадыңыз… Мен де   құшағыңызға тығылғам жоқ… Бір кезде ғайып болдыңыз...

Селк ете түстім. Оянсам… Жылап жатыр екенмін. Рауандап таң атып келеді. Көзімді тарс жұмып алып, жанарымның ішінен Сізді іздедім. Жоқсыз...Қарашығымнан  тамшылар қайтадан кезектесе  домалай бастады. Сағыныштың  удай ащы тамшылары...