Тұсау кесу
блог
Қазақ баласының тез өсіп, ел-жұртқа, дінге қызмет етуіне асығады. «Алла жеткізсе ат жалын тартып мініп, азамат болады» деп, болашаққа көз тігеді. Тұсау кесу – осы асығудың алды. Бұған да мал сойылып, көбіне әйелдер жағы жиналады. Жиылып сұқбат құруға, өзара сыйласуға. Айтып тұрмыз ғой қазақтың әр салты ел жинау үшін, сұқбат, уағыз құру үшін жасалған. Уағызды да классикалық түрде «намаз оқымасаң тозаққа түсесің», деп бастамайды. Уағызды үлгілі адамдардың өмірбаяны түрінде, әулиелердің хикаясы түрінде сәндеп, мақал-мәтелмен әспеттеп, әңгіме етіп, астарлап айтқан. Тұсауды кесуге де көп құрсақ көтерген, ұрпақты, ұлағатты әйел арнайы алдырылады. Бұған да баланың шешесі кәде даярлайды. Кәде жүзік, сырға, болмаса теңге, орамал да болуы мүмкін. Қазақтың дәстүрі кәдесіз болмайды. Кәде – адамдарды жақындастырады, ауыс-түйіске түсіреді, ниеттерін бірлейді. Манағы бәйбіше үш-төрт қарыс ала жіп әкеледі. Баланың екі аяғын әлгімен тұсайды. Онан соң оны қайшымен кесіп, апыл-тапыл басып жүрген баланың қарсы алдына шешесін отырғызып соған қоя береді. Бала тәлтіректеп жығылмай жетсе, пысық болады деп ырымдап қояды. Тұсауы кесілген балаға бата береді, батаны діні жақсы, тақуа бір еркек береді:
Тұсауың кесілді құлама,
Тізеңді жаралап жылама,
Құлындай құлдырап жүгірші,
Қанекей, өзіңді сына да.
Секірсең құздардан сүрінбе,
Шың, құзға шыққанша бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайсын,
От, ұшқын ойнасын түріңде.
Ұзақ боп, иншалла өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
немесе
Аламан болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін.
Қас батырдай көрікті,
Ғұмыры болсын берікті.
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты,
Өнері болсын жан-жақты.
Осы айтқанның бәрі қабыл болып,
Тәңірім берсін зор бақты.
Жиылған өңшең абысын-ажын сұқбат аяқталып, осы батаны тыңдап алып «Мен де бала тауып, тұсауын өстіп кесіп жатсақ қой шіркін», - деп армандап үйіне қайтады. Тұсау кесуді қазір міндетті түрде істеу керек. Бұған көп әйел жиылады. Және көпшіліктің жақындасуына сеп, суып кету көп көріспегеннен болады.