Түс пен мінез

Кез келген бозбала мен бойжеткеннің сүйікті түсі болады. Және ол біреу емес, бірнешеу болуы мүмкін. Әдетте, оны киімінің, көлігінің түсіне қарап білуге болады. Мұнымен қатар, адамның ұнататын түсі арқылы көп мәлімет аламыз.

Психолог мамандар көк, жасыл сынды суық түстерді сабырлы, нәзік, кейде мұңға жақын жандар таңдайтындығын айтады. Ал, алқызыл, ақшыл сары сынды жылы түстерді басқаруды жақсы көретін, белсенді, көңілді жүретін жандарға балайды.

Төмендегі түстер мен оның адам мінезіне сәйкестігін оқып, мамандардың шындыққа қаншалықты жақындағандарын байқап көріңіз.

Ақ түс

Ол барлық түстің жиынтығы болғандықтан, нағыз арманның символы. Бір уақытта тазалық пен мұздың суығын еске түсіретіндіктен, астарында көп мағына бар. Бұл түсті, әдетте, қай ортаға барса да, тез сіңісетін, ешкімді кеудесінен итермейтін жандар таңдайды.

Қара түс

Өмірде қиындықты көп көрген, бойына батылдық жетіспейтін жандар таңдайды. Шығар биігінің тұғырлы болмайтындығын мойындаған жандар қара түсті киімдерді көп киеді.

Адам өзгергісі келген кезде қара киімді жарқын түстілерімен алмастырады.

Күлгін түс

Жоғары сезімталдықты, эмоционалдықты, рухани байлықты, әдептілікті баян етеді. Үйлесімділікті жақтаушылардың түсі.

Бұл түсті реалды өмір сүруді жөн көретін жандар ұнатпайды.

Көгілдір түс

Аталған түсті ұнататын жандар мистикаға жақын. Өзгелер байқамайтын тылсым күшті сезінеді, әрі көріпкелдік қасиеті бар. Әртістік қабілеттері де зор. Достары өте көп. Отбасындағы мәселелерге назар аудармаса да, өзгелердің қиындығын шешуге құмар. Аналарын өте қатты жақсы көреді. Жалғыздықты суқаны сүймейді.

Гардеробтарын ақ, көк, сұр түстермен толықтыруды ұсынамыз.

Жасыл түс

Қайнап жатқан тіршіліктің, өмірдің, көктемнің, табиғаттың түсі. Бұл түсті таңдайтын жандар кез келген қиындықтан, өзгелердің өзіне үстемдік жүргізуінен қорқады.

Сары түс

Сабыр мен жоғары интеллегенттіліктің көрсеткіші. Біреуге қарыздар болғанды ұнатпайды. Кез келген ортаға тез бейімделіп, қиын-қыстау сәттерде батыл мінез танытады. Көпшілікті өзіне баурап, достарының көп болғанын жақсы көреді.

Сұр түс

Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін, әр сөзін ойланып барып айтатын, өзгелерге көп сенбейтін жандардың сүйікті түсі. Әдетте, өзін жарнамалап, көпшіліктің көзайымына айналуды жөн көрмейтін жандарға тән.

Ал, ұшқалақ, албырт адамдар ұната бермейді.

Қоңыр түс

Жердің түсі. Ешкімнің жетегіне еріп кетпейтін, сөздің парқын бағалай білетін жандар таңдайды. Отбасылық құндылықтарды жоғары қойып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді барынша қадірлейді.

Өте жұмбақ, бойында өзімшілдік қасиеті басым жандар бұл түсті ұнатпайды.

Қызыл түс

Құштарлық түсі. Басқаруға құмар, батыл, сөзшең, ұшқалақ жандардың сүйікті түсі.

Аталған түсті тұрақты, кикілжіңнен қорқатын, жалғыз жүруді ұнататын адамдар таңдамайды.

Қызғылт сары түс

Арманшыл, түйсігі жақсы дамыған жандар жақсы көреді.

Геральдика заңына сүйенсек, бұл түсті екіжүзді, жасандылыққа жаны құмар жандар таңдайды екен.

Алқызыл түс

Өмірге деген құштарлықты бейнелейтін түс. Сүюді, мейірімді болуды меңзейді. Алқызыл түсті жақсы көретін адамдар майда-шүйдеге бола уайымдайды.

Сындарлы адамдар аталған түсті мүлде таңдамайды.

Көк түс

Адамның тазалығын, жүрегінің пәктігін білдіретін түс. Айналасындағылардың қолдауына, демалысқа зәру. Тез шаршайды, ұяң.

Өте қорқақ жандар осы түсті таңдайды. Ал, ұшқалақ мінезділер көп ұната бермейді.




Бөлісу: