-Алға! – деген дауыстардан соң, бәріміз де біріміз қалмай алға аттандық. Алдымыздағы жау бізден сескенер емес. Ханның өзі бұйрық беріп, ұрыс алаңында жүр. Қол бастаған батырлар жан-жақтан шапқылады. Жау қолы да өздігінше һәрекеттер жасамақ болды. Бір кезде бір нүктеге тоқтап, рухымызды серпілту үшін бойымыздағы бар күш-жігерімізді жинадық. –Ұрпақ үшін! Батырлар, біз қанша жасасақ та маңызды емес! Жеріміздің шөбін басып, топырағына аунамасақ та, ұрпағымыз бейбітшілік заманның рахатын көрсін! Бұл шайқас – бір рудың емес, тұтас елдің болашағын шешпек... Осындай асыл сөздерден соң, қалайша оянып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Мынадай түстен соң, қатты әбіржіп, су ішкенді жөн санадым. Су ішкен соң, терезеден далаға ұзақ қарап отырдым. Ойға баттым. Бір кезде бір қарындастың ішімдікке сылқия тойып алғанын байқап қалдым. Көмектескім-ақ келді. Алайда... Қасына үш жігіт жетіп келді де, таксиге мініп әкетті... Ертесіне оянып, жұмысыма кешігіп бардым. Автобус ішінде шет елдің даңғыр-дүңгірі діңгірлеп жатты. Жұрт болса орысша емін-еркін сөйлесіп жатыр... Өкіндім... Әлгі шапқыншылықтан соң оянбауым керек еді. Оянғаныма өкіндім. Мұндай имансыз ұрпақты көзбен көргенше, олармен бір нанды бөлісіп жегенше, майданда өлсемші! Әттең!.. Бабаларым біз үшін «ұрпағым» деп шырылдап өтсе, мен және менің замандастарым ұрпақ үшін не істеп жатырмыз, оны да ойлап, әбден мезі болдым.