Қайырлы таң! Күніміз көбінесе осындай фразамен немесе соған ұқсас WhatsApp-та жазылған хатпен басталады. Бірақ оянғанға дейін біз не көреміз?
Әрине, ұйықтағанда біз барлығымыз түс көреміз, алайда оянған сәтте ол бірден естен шығады, тіпті кейбір адамдар түс көргенін де байқамай қалады. 10 минут ішінде адам баласы өз түсін тоқсан пайызына дейін ұмытады. Мен де осындай ұмытшақ адамдардың қатарына кіргендіктен, түсті есте сақтау мен оны өзгертуге арналған жаттығуларды жасай бастадым. Ойымда бір жыл бойы жүрген бұл идеям тек университетке келгенде ғана жүзеге асты. Ең біріншіден, оятқышқа «Өз түсіңді ұмытпа» деген жазуды қойып, таңертең оны дәптер немесе телефонға жазуға тырыстым. Әрине, бірінші апта бойы менің есіме ештеңе түскен емес, тіпті осы тәжірибеден бас тартқым келген сәттер де болды. Алайда ешбір іс бірден өз жемесін бермейді, сондықтан тәжірибені жалғастырдым.
Тәжірибені бастауға түрткі болған тағы бір жағдай күзгі демалыста орын алды. Ғалымдар оны түс параличі деп атайды. Оқудан мезі болып, шаршаған мен, үйде көп ұйықтайтыныма бейімделе алмай, күн тәртібімді бұзып алдым. Осындай күндердің бірінде мен түнде кеш жатып, ерте тұрдым. Ата-анам жұмыста, қарындасым оқуда, сондықтан тағы да жатуға бел будым. Тәтті ұйқыға батып, бірнеше сағаттан кейін ояндым. Сол кезде басым қатты ауырып, көздерім жасаурап, денемде біртүрлі әлсіздік сезіндім. Тұрайын десем, денем қозғалмайды. Кенеттен, дәл бір сол сәтте қорқынышты жағдай орын алды. Барлығы сұр түске боянып, басымда қорқыныш фильмдерде болатын кішкентай қыздың айқалаған дауысы естілді. Қолымды көтеруге тырыстым, бірақ оған тонналық жүк іле салғандай болды. Әйтеуір, бір минуттан кейін қозғала бастадым және барлығы аяқталды. Содан мен түстің маңыздылығын түсініп, бір жыл бойы жадымда жатқан идеяны іске асырамын деп шештім.
Екінші аптада кішігірім өзгерістер орын ала бастады. Енді мен түстің сонында көрген таныс адамдарды және жалпы сезімдерді ойымда сақтай алатын болдым. Қорқыныш сезімдері немесе түсте бір нәрсеге қуанғанымды білдім. Келесі аптада ақырындап түсте болған бірнеше оқиғаларды жаза алдым. Өзімнің түстерімді бағалаған соң, мен бірнеше қызықты дүниелерді байқадым.
Түсте адам ұша алады және басқа да таңғажайып болып көрінетін іс-әрекет жасай алады. Алайда, біз оны түсінбейміз және физика логикасына емес, түс логикасына бағынамыз. Осылайша, ұшу, аспанның түрлі-түсті болуы қалыпты жағдай болып көрінеді. Түске өмірде болып жатқан оқиғалар қатты әсер етеді. Математиканы мен бірінші сыныптан жақсы білемін, бірақ университетте ол туралы қатты уайымдай бастадым. Соңғы бақылаудан кейінгі түсте емтиханда болған бірнеше тапсырмаларды кітапханада іздедім. Осыған қоса, сол түсте менің мектептегі мұғалімді кездестірдім. Түсте адамға күшті идеялар кіруі мүмкін. Ларри Пейдж Google-ды түсінде көрді деген пікірлер көп. Менің түстерім киноға ұқсас. Басында бір мәселе туындайды да, сюжет сол мәселені шешуге бағытталады және соңында шарықтау шегі де кездеседі. Мүмкін, болашақта түсіме негізделген фильм түсіретін шығармын. Түсте сіз шын өмірде жасамайтын қылықтарға баруыңыз мүмкін. Мысалы, бір түсте мен әйелге айналған болатынмын. Оянғанымда осы ой мені қатты шошытты, бес минуттай есімді жия алмадым. Алайда, түсте маған әйел болу қатты ұнады. Бұған қоса, мен иттерден аса қорықпайтын адам едім, бірақ бір түсімде чихуахуа сияқты кішкентай ғана ит те төбе шашымды тік тұрғыздырды.Өзім жасаған тәжірибе үш ай бойы жалғасып жатыр және әлі де өз жалғасын табады. Болашақта түсті толықтай қағазға түсіргім келеді. Бұл мақсатыма жеткен соң, осы түстерді өз санаммен басқаруға көшемін. Мақсаттар әлі көп! Түстер адам туралы көп ақпарат береді, сондықтан түстерді ұмытпайық!