Түс.
Тапа тал түсте ояумын. Түс көремін,
Түсімде шым-шытырық іс көремін.
Кеудемді басып алды біреу келіп,
Шамам жоқ қарсы тұрар күшке менің.
Түсімде тірі жүрмін бірақ, өлгем,
Бір сұлу жырақта жүр жылап елден...
Мыналар менің анау ақ денемнің,
Артынан ағайын-ау сірә де ерген.
Күлкісі естіледі балалардың,
Тап бүгін мені өсектеп, табалар кім?!
Жасанды көздерінен жас тамызып,
Келеді арасымен молалардың.
Ақ сүлде, аққа оранған аппақ денем,
Тірімін! Мен мұндамын тоқтат дер ем!
Қайтейін, естімейді бүгін олар,
Өзімді-өзім арттан жоқтап келем.
Жер құштым. Жетер жерім осы емес пе,
Ендігі бәрі-бәрі кеш емес пе.
Әлсізі әлі жетпей жолда қалар,
Дүние ұзын сонар көш емес пе?!
Ояндым, әлі түсім оянбадым,
Алланың әлеміне аялдадым.
Ақ киген бәз біреулер сұрап жатыр,
Атымды, сол маңайға аяңдадым.
- Есіміңіз?
- Марғұлан... кешіріңіз...
- Иә,иә, жұмақ қой, көсіліңіз!!!
Құдірет!
Жұмақ дей ме, жұмбақ дей ме,
Мәңгілік мынау маған тұрақ дей ме.
Тұрғанда есім кетіп есеңгіреп,
Жаныма тоқтай қалды бір ақ күйме.
Ішінде хор қызына көзім түсті,
Бәрібір ол жақта да СЕЗІМ күшті.
Ақ мамық қолдарына қол созып ем,
Жетпеді, қолым әттең, төзім қысты.
Оянып кеттім солай шыныменен,
Тұрғызды тар төсектен жұлып өлең.
Жеркеніп кеттім сонда өз-өзімнен,
Сезіліп күнә толы жылы денем.
Мойындап қаламыз біз Ұлылықты,
Құдайдың АҚЫН дейтін құлы мықты.
Мен қандай бақыттымын көретұғын,
Жанарым жұмылса да сұлулықты!
03.04.2015