ТҮРТКІ...

ТҮРТКІ...
жеке
блог

Кеше «Тепло наших тел» деген фильм көрдім. Алған әсерім сұмдық енді. «Зомбилендке» айналып бара жатқан АҚШ киноиндустриясы таңғалдыра білді. Жоқ, одан да осы аттас роман жазған интернет блогер  Айзек Марионға рахмет айтайын.

Фильм барынша қарапайым, «түсінбей қалдым» деп дал-дұл күйге түспейсіз. Қала толған өлік. Сол өліктің ішінде біреуі тірі қызға ғашық болады. Махаббатты шын сезіне алған өлі жүрек соғуын бастайды. Иә, «банальный» сюжет секілді ғой, бірақ... бірақ. Мен енді киноман емеспін. Талғамымның деңгейін көріп отырған шығарсыздар...

 

Десе де, мен жазушының шығармашылық лабораториясына үңілуге шақырамын. Мұндай роман емес, мұндай ойдың өзін ойлау үшін әлдеқандай тылсым, түсінікті тілмен айтқанда ТҮРТКІ керек. «Жазушы мұны қалай ойлады екен?» деген ой фильм біткесін де маза бермеді. Адам миын жеу автордың ойынша қарапайым дүние секілді. Оған мән де бермей, өте шығады-ай...

Сол түрткіні мен де білгім келіп, интернет «барболғырды» ақтарған едім.

Айзек Марион солтүстік-шығыс Вашингтонда 1981 жылы дүниеге келіп, Сиэттл қаласында өмір сүрген. Оның жұмыстары әрқандай. Мәселен, хоспис (науқастың демі таусылар күн жақын екенін біле тұра оның тәни және жан қиналысын жеңілдетуге тырысатын әлеуметтік қызмет, оның мамандары) науқастарына көмектесетін маман, бала асырап алу үйінің бақылаушысы... Айтайын дегенім, оның көріп жүрген, күнделікті өмірінің өзі ауыр, бірақ өзі оны байқамайды. Мүмкін...

«Тепло наших тел» оның 2010 жылы жазылып біткен тұңғыш романы. Басты рөлде ойнаған Николас Холттың да шеберлігі көзге ұрып тұр. Тереза Палмер ғашық болатындай-ақ қыз. Мүмкін, біздің жазушылар да елге дәл осылай өзекті болатын романдар жазар? Зомбиді жаз демеймін, әйтсе де, елге өтімді тақырып тауып жатса кәнекей? Өсекті әдебиетке балап жүргендерге айтарым...