Тұрсынжан ШАПАЙ. "Әдебиет азшылықтың мүлкі"
блог
"Талантты оқырман талантты әдебиет үшін күресу керек" дейді Тұрсынжан Шапай – белгілі әдебиет сыншысы. Расында да, «әдебиет неге оқылмайды?», «жастар кітап оқымайды» деп жазбаған күніміз болды ма? Бірақ мәселе басқада сияқты. Бір түсінгенім, әдебиет әлдекімдерге керек болмай қалса, оған жаппай түңілудің, замана жырын айтып, соңын жоқтаудың титтей де қажеті жоқ екен. Ол үшін сыншының өз толғанысымен дәлел айтпақпыз.
***
Әдебиетке қатысты алғанда, енді «халық үшін» деген сөзді ұмытыңыз. Әдебиет, нағыз әдебиет - қашанда азшылықтың мүлкі. Әдебиет үшін халық - қашанда бес... он... асса, он бірдеңе процент. Және сол - жеткілікті.
"Кеңес өкіметі тұсында, рас, кітап көп оқылды. Бірақ кеңес өкіметі тұсында басқа не қызығыңыз бар еді? Теледидарда - екі-ақ арна: Мәскеу, Алматы... Олардың көрсететінінің көбі - еңбек ерлері туралы хабар, аса жағымды, үлгілі кейіпкерлері бар кинофильмдер... Бұрын көп оқылғаны үшін, енді көп оқылмайтыны үшін әдебиет кінәлі емес. Әсіресе ерінбегеннің бәрі ерігіп боқтайтын қазақ әдебиетінің жазығы жоқ. Қазіргі әдебиет неге жұртты баурай алмайды дегеннен гөрі, қазіргі жұрттың ой-санасын телесериалдар неге жаулап алды деп сұрақ қойған дұрысырақ деп ойлаймын.
«Тамаша» мен бала-шаға «тамашалардың» жұртты күлдірудің қырық жыл бұрынғы тәсілдерімен жалықтырғанына қарамастан, халқыңыз әлі неге жырқылдай беретінін түсіндіріп көріңізші. Ал енді «қалың бұқараны» осылай қытықтап күлдіргеніңізге мәз болып, әйтеуір жұртқа ұнайды ғой, «баурап алдық қой» деп, баяғы есек желіспен жортақтай беретін болсақ, өнер дами ма?"
Айтайын дегенім, «масскультураның» негізгі қозғаушы күші - конъюнктура. Жұртқа бүгін мынау керек, ертең жұртқа анау керек. «Масскультура» - сол «керектің» құлы. Ал көпшілік - «масскультураның» құлы. Бір-біріне керек. Ал шынайы өнердің мұраты «керектен» гөрі кеңірек. Өнер үшін рухани кеңістікте шекара жоқ. Ол «керекпен» шектеле алмайды. Нақ сондықтан да шын өнерге сұраныс шектеулі. Өнер барлаған кеңістіктерді игеру үшін де белгілі бір рухани аңсар, дайындық, қабылдау таланты қажет. Еріккеннің ермегі бола алмайтын нағыз әдебиетке де енді арзанға алданбас талантты оқырман қол созады. Бәрің бірдей дарынды болмадың деп қалған жұртты кінәлаудың тағы орны жоқ.
Әдебиетке бүгінгі шындық тынысын білу - шарт, және соны бейнелеу керек дейді. Дұрыс-ақ. Бірақ өмір - өзгермелі. Әсіресе қазіргі өмір. Ал әдебиет - ертең көрсетілер сериясы бүгін түсірілетін телесериал емес. Бір хикаят жазылып біткенше, ол тасқа басылып жарыққа шыққанша, ғұмыр өтіп кетуі мүмкін. Ал енді сол күнделікті тіршілігіңді күнде көрсетіп жатқан ұшы-қиыры жоқ бейнетаспа - өнер ме? Халық жабыла көріп жатқан соң, әрине, қажет дүние. Бірақ оны шынайы өнермен шатастыруға болмас. Ол да «мен - нағыз өнермін» деп таласа қоймас. Оның өз орны, өз мақсаты, миллиондық өз аудиториясы бар. Әдебиет онымен жарыса алмайды. Әдебиет күнделікті, ағымдағы, өзгермелі өмірден гөрі, бәлкім, сол заманауи шындықтардың фонында баянды, әзелгі ақиқаттар мен құндылықтарды өз тілінде, өнер тілінде ашуды мақсат етеді. Ескірмейтін, түпкі бір аңсарлары өзгермейтін, тұңғиықта тұнған адам жанының құпияларын, сана түкпіріндегі түнектер мен сәулелерді аршу - шын өнер, шын әдебиеттің мазмұны. Кеше кітапты көп оқушы едік деген жалған өлшемге алданбайық. Кеше де қандай кітаптардың құныға оқылғаны белгілі. Көбі - ермек үшін оқитын жеңіл беллетристика болатын (Сіз ұмытыңқырап қалдыңыз, еске түсіріңіз). Демек, көркем әдебиеттің оқырманы қай кезде де көп болмаған. Енді де азаймайды.
Қазіргі өндір жас буынның көркем әдебиетті аз оқитыны жасырын емес. Оның ойлау, көру, қиялдау машығы - теледидарлық. Бұл үшін енді жастар мен теледидарды өлшем қылып алып, «соры қайнаған» әдебиетті жүндеу - әділет емес. Ең дұрысы - үшеуін де түсіну.
Рас, бар мәдениеті телесериалдармен шектеліп қалғысы келмесе, талантты оқырман талантты әдебиет үшін күресуі керек.
Яғни, оқу керек