Түркістанда Өзбек киносының күндері өтті
жеке
блог
блог
Өткен жыл Қазақстанда Өзбекстан Республикасының жылы ретінде аталып өткені белгілі. Осы бастамалар аясында бауырлас халықтардың жақындығын тереңдетуге септігін тигізетін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Ауқымды шаралар әлі де жалғасын табуда. Осы орайда Түркістан облысында Өзбек киносы күндерінің салтанатты ашылуы өтті.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Фатхуллаев Абрар Джахангерұлы және Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Хашимжанов Икрам Акрамұлы қос елдің ту еткен татулығы мен достық байланысын айқындайтын айтулы басқосумен құттықтап, тарихи фильмдердің ортақ тәрбиесі мен мазмұны жөнінде сөз етті.
-"Кино – кез келген мемлекеттің мәдениет айнасы іспетті. Ол, сол халықтың тұрмыс-салты мен дәстүрін дәріптейтін құрал болып саналады.
Сондықтан да бүгінде бүкіл әлем кино мен телехикая саласына үлкен ден қойып жүр.
Біздің елімізде де кино саласына жіті көңіл бөлініп, кеңінен насихатталып келеді. Себебі, кино жай ғана өнер емес, ол қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын үлкен құралдардың бірі болып саналады. Сондықтан да, кез - келген мемлекет өз киноиндустриясының дамуына зор мүмкіндіктер жасайды.
Кино саласы мен анимация саласының біздің өңірімізде дамып келе жатқаны қуанарлық жағдай.
Былтырғы жылдың өзінде өңірлік туризмді дамыту, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмі және “Қалқанқұлақ” қиял-ғажайып телехикаясы түсіріліп, «Көне жетігеннің сыры» атты телесериал және «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» атты анимациялық фильмдері түсірілді.
Бүгінгі іс-шараның екі елдің арасындағы алтын көпір, бауырлас қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін нығайтуға себеп болатынына сенімім мол.
Түркі елдеріне ортақ, мəдениеті мен əдебиеті егіз тарихи фильмдерді насихаттау, кинорежиссерлер мен актерлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, тəжірибе алмасуға жол ашу болып табылады.
Қазақ пен өзбек – түбі бір туысқан халықтар. Екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрі, діні, тілі ұқсас. Қазақстан мен Өзбекстан ғасырлар бойы сақталған достық пен қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, жаңа деңгейге көтеруде.
Түркістан облысына келіп, халқымыздың рухани байлығын молайтуға қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғысымды білдіре отырып, баршаңызды тағы да Өзбек фильмдері күндерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!",-деді Мәлік Нұржанұлы.
Көрсетілім барысында қазақтың ұлы ақыны Абайдың балалық шағы, қоршаған ортасы, шығармашылығы және мұрағат құжаттарын қолданып түсірілген «Слово Абая» деректі фильмі (режиссері: Шухрат Махмудов), Шыңғыс Айтматовтың қиссасы аясында түсірілген «Сарвкомат Дилбарим» көркем фильмі (сценарий авторы: Сарвар Каримов пен Керез Зарликова, рөлдерде: Адиз Ражабов, Мадина Талипбек, Улуғбек Қодиров, Элина Абайқызы, Бобур Йулдошев, Журабек Орзиев, Матёқуб Матчонов, Нигора Каримбоева, Алишер Узоқов), «O’zbekkino» агенттігінің тапсырысы бойынша «O’zbekfilm» киностудиясы түсірген тарихи кинокартина «Ойкиз» ертегісі (режиссері: Акбар Бектурдиев) Түркістан қалалық мәдениет үйіне жиналған көрермен назарына ұсынылды.
Айта кетсек, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы жылына байланысты екі елдің достастығын арттыру, мәдени байланысты нығайту мақсатында 20-дан астам іс-шаралар өткізілген болатын. Олардың қатарында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері “Дўстлик” қауымдастығы және Халықаралық Әмір Темір қайырымдылық қорының Қазақстандағы бөлімінің ұйымдастыруымен «Біз бір халықпыз», «Әмір Темір - Ұлы сәулетші» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Өзбек Ұлттық академиялық драма театрының Түркістан облысындағы гастрольдік сапары, «Офарин-2018» облыстық әншілер байқаулары өтсе, сонымен қатар, Өзбекстанның Навои облысында өткен Халықаралық «Нурли наволар» фольклорлық фестиваліне Қазақстанның атынан түркістандық өнерпаздар қатысып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Ташкент қаласында түркістандық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт қойылды.