Наурыздың рәсімін бейнелейтін үрдіс қазақтың «жыл» сөзінің астарында жатыр. «Жыл» сөзі кәзірде Жердің Күнді айналатын уақыт өлшемінің бірлігін білдіргенімен, оның ежелгі түркілік нұсқасы: йыл. Бұл сөздің екінші мағынасы «жыйыл» үдерісін білдіретін ұғым болып табылады. Басқаша айтқанда, кәзіргі «жыл» сөзі о баста Уақыт пен Кеңістің жыйылу сәтін бейнелейтіндей, ғаламның «түйір тарының қауызына сыйу» немесе ғарыштың бастапқы ноқаттық кейпіне келу үдерісін көрсететіндей қалыпты білдіруден шыққандығын атап өттік. Сөйтіп, ол үдерісті әлгі «ЖОЛТЕРЕКТІ» (Йол, наурыздық бақан, ғаламдық бәйтерек) өзек ету арқылы оған киелік Уақыт кейіптерін жыйып, рәсімдеу жоралғысын қалыптасқан.
Басқаша айтқанда, Наурыз мерекесі Ғарыштың старттық күйге түсу рәсімі болып табылады. Сондықтан да Наурызды түркілік айуандық мүшелдік күнтізбеден бөлек қарау мүмкін емес. Әрқайсысы айуанмен бейнеленген он екі жылдық мүшел, о баста Уақыт ағынын мөлшерлеу үшін емес, әр жылға тән киенің (инфо-энергетикалық тұрпаты) болғандығы мойындалған және Уақытты мүшелдеп жүйелеуден және оны меңгеруден туындаған. Сол себепті күн мен түннің теңелу сәті өлара мезет ретінде Кеңісті «тарының қауызына сыйғызу» және «Уақыт ағынын қасқағым сәтке жыйу» секілді ғаламның бастапқы жаратылыс қалпы жөніндегі ежелгі ілімнен туылған «йыл» (жыйыл) рәсімін жасауға итермелеген.
Ежелгі «йыл» рәсімі Наурыздың әмбебаптық мына сыйпатын аша түседі: Наурыз – Кеңіс пен Уақытты (бір нүктеге, бір сәтке) келесі «ғаламдық сапар» алдындағы жыйу құбылысының сәті және Жыл мен маусымның (көктемнің) басы. Бұл жерде айта кетерлік, қазақтарда ұмыт болып, кейбір түркілер мен слабиандарға салт ретінде сіңіскен, жол жүрер алдында жанұя адамдарының бір сәтке жыйылып үнсіз отыру ғұрпын да осы ырыммен байланыстыруға әбден болады. Сірә, бұл дәстүрдің түбінде істің басына түркілердің зор көңіл бөлуі, оның дұрыс басталуын тілейтіндей болашақ сапарды «тәртіпке келтіруден» бастау ырымы жатыр. Ендеше, Наурыз бір жағынан – бір жылдық ғаламдық сапардың жолашар шарасы.
Бір қызығы, Наурыз рәсімі қазақ халқында жыйылым үдерісінің барлық сыйпатын жыйнақтаған: адамдардың көкіректерін түйістіру арқылы ниеттерді біріктіруі, дәмнің жыйылуы – наурызкөже; түстің жыйынтығы – құрақкөрпе, адамдар мен айналаны жасандыру, безендіру, әшекейлеу көрінісі; дыбыс пен үннің жыйылуы – адамдардың жамырай ән шырқауы (хоровод), малдарды бақыртып-өкіртуі, алуан әуен-күй аспаптарының тартылуы, айналаны айқай-шуға бөлеу т.т. Мұның барлығы жыйылып келгенде ғалам заңдылығын паш ету, ғарыштық Кесапатты болдырмаудың алдын алу рәсімдері ғана емес, болашақ құбылысты ғаламның жаратылысы кезіндегідей реттелген старттық қалыптан бастауға деген Сенім болып табылады.
Наурыз тарихын саралай отырып, отырық өркениеттер шаруашылыққа қолайлы оның күнтізбелік қана мәніне назар аударып, ал көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнын барынша маңыз еткен. Оған дәлел, ежелгі парсылық жазбалардағы Наурыздың күнтізбелік шежіресінің ғана хатталуы болса, ал көшегендердің Наурызды мерекелеуі сол отырық өркениет өкілдерінің таңданысын жасыруға мұрша бермей, олардың барлық ғұрыптық, жоралғылық рәсімдерінің қағазға түсуі еді. Және де отырық жұрттар күнтізбені шаруаға қолайлы болу-болмауына барынша мұқият етсе, көшегендердегі Наурызға деген көзқарас шаруаға қатыстылықтан гөрі ғұрыптық, жоралғылық, танымдық рәсімдермен айшықталған. Бұл - олардың Наурыз мерекесіне деген теологиялық мәнді жоғары қоюының дәйегі еді. Осындай жазбаны А.Сейдімбекұлы былай келтіреді: «...Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» (Квинт Курций Руф. Поход Александра. VII-VIII тараулар. Мына кітапта: Хрестоматия по истории древней Греции. В.В.Струвенің сарабымен шыққан.М.,1951).
Жағда Бабалықұлы, «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта қытай жазбасына сүйене отырып, Наурыз мерекесін былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады. Содан кейін наурыз тойы басталатын болған. Бұндағы 9 және 365 сандарының астарында өзіндік мән жатыр. Соған қарағанда, арғы ата-бабаларымыз Наурызды аса ардақтап, аса бір салтанат-даңқпен тойлаған ба деп ойлаймын. Осы тойды тәңірқұттың өзі бастап тойлайтын болса, наурыздың мемлекеттік дәрежедегі мереке болғаны ғой».
Көріп отырғанымыздай, Омар Хайам парсылардың он екі айға бөлінген жылдан күнтізбе түзгенін салқынқанды ғана жазса, ортаазиялық көшегендер, тіпті, бір жылдың ішінде 365 күннің барына дейін рәсімге балалардың өздерін қатыстыру арқылы мән берген. 365 күн – Жылдың «балалары», осыдан келіп ежелгі түркілік баланы білдіретін «шақа/шаға» сөзінің түбірі – шақ! Шақ – Уақыттың бөлшегі. Және де Наурыздың күнтізбелік мәні оның мифологиялық мағынасымен қабысатындай жоралғы жасауы, шынында да таңданарлық қана емес, ұлы мерекенің тео-мифологиялық мазмұнға бай екендігі.
Түркілік тарихпен шұғылданушы Қайрат Бегалин де Наурызға соқпай кете алмайды (www.proza.ru, «Стерегущие золото грифы»), наурызды ол өзінше былайша суреттейді: «...Кочевые народы и племена объединял не только ярко выраженный хозяйственный уклад, но также общие религиозно-философские традиции, культура и биография. Передвигаясь вслед за животными, они осваивали огромные пространства, из века в век странствуя по степным просторам. Каждый род имел свои маршруты, которыми издавна передвигались их отцы и деды. С наступлением весны жители Алтайских гор отправлялись в степь, чтобы встретить там начало нового года. В повозках сидели старики, женщины и дети, а вокруг них на резвых конях гарцевали воины, одетые в длинные штаны, кожаные куртки и остроконечные войлочные шапки-кулахи.Түркілік наурыздың мәні мен аталымын аша түсу үшін, оған қатысты қазақта тағы да екі түрлі аталатын, бірақ наурызбен мәндес екі мерекелік атауды қарастыруға мәжбүрміз. Шәкәрім Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша қазақта жаңа жыл мейрамы Ұлыс (Ұлы іс! – С.Е.) деп аталған. Ал Наурыз атауы Бұқар, Тәшкент, Қоқан қожаларымен келген.» деген пікірді келтіреді. Демек, түркілік танымда Наурыз – Күннің жаңаруы емес, Жылдың жаңаруы шағың, Кеңістің түлеуі, бір сөзбен бұның бәрі ғаламдық Ұлы Іс – құбылыс ретінде мойындалған.