Түркиядағы апат-әрбір жанға сабақ... Әрбір сәтті бағалайық...

2023 жылдың 6 ақпанында солтүстікке қарай жылжыған жер қыртысындағы Араб тектоникалық плитасы Анадолы плитасына соқтығысуының нәтижесінде туындаған жер сілкінісі  бір уақыт адамзат баласын ойландыруға шақырғандай. Әрбір сәттің,уақыттың бағалы,құнды екенін айқындап көрсеткендей.Магнитудасы-7.8,тереңдігі - 17.9 км болатын жер сілкінісі Түркия мен Сирия мемлекеттеріне ауыр зардабын тигізді.Бір күнде қанша жанның өмірі опат болды.Түрік халқы мен сирия халқына келген бұл сынақ,адамзатқа сабақ бола білді.

"Жер сілкінісі құрбандарын аза тұту белгісі ретінде жартылай тұйықталған түрік туы,құлаған ғимараттардың алдында жақындарын іздеп,шыр-пыр болып үрейленген жандардың бейнесі , ата-анасын,бауырларын,туғандарын таппай шырылдаған бүлдіршіндер,бауыр еті баласын іздеген ананың жан айқайы,үйінді астында қалған,өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан жанның жай-күйі..."-бұл ауыр жағдайларды бүгінгі күні көп жандардың басынан кешіріп жатқаны өкінішті-ақ.Табиғаттың,халықтың азалы үні аспан астын алып бара жатқан күлгін қоңыр,қара қоңыр,қара барқын қайғылы бояулары қоюлана лықсып,күңірене жайылып бара жатқан күйге айналғандай.Көк пен жердің арасын жайлап,көз тартатын көрікті,көркем әлемді көзден тасалап,ай астында қалқыған Жер әлемін қара көлеңкеге айналдырып,үрейлі де суық,сылқындығымен қорқынышты дүниеге ұластырады.Міне,бұл көріністер-жарық дүниенің,тіршіліктің,қайран өмірдің қадірін сезіндіреді,бұл жалғанда баға жетпес қазына,әр тіршілік әрбір адам үшін қайталанбас бақыт екенін терең сезіндіреді.

Жалпы соңғы жаңалықтарға сәйкес Түркияның ең көп зардап шеккен 11 провинциясында 40 000-нан астам адам қаза тауып, 100 000-нан астам адам жарақат алды. Кем дегенде 13,5 миллион адам мен 4 миллион ғимарат зардап шекті . Шамамен 345 000 пәтер қирады.Бір кездері жайнап,гүлдеп тұрған Түркияның бұл көрінісі әрбір пенденің жүрегіне қаяу салатыны анық.Кей деректерге сүйенетін болсақ жер сілкінісінен кейін көптеген ғимараттардың қирауына құрылыс ережелерінің сақталмауы себеп болған.Міне,бір қателіктің өзі қандай қайғылы оқиғаларға душар етті.Сол себептен бүгіннен бастап салынып жатқан әрбір құрылыс мекемелерге аса назар аударуымыз қажет.Бұл тек Түркия мемлекетіне ғана қатысты мәселе емес,Қазақстанға да,барлық әлем елдеріне де тікелей қатысты дүние.Көз тартар ғимараттардың көп болғанынан не пайда,сапасы болмаса?Сол үшін де сан емес,сапа үшін әрекет етейік...

Жер сілкінісінен зардап шеккен әрбір елге жан-жақтан құтқарушы топ көмекке келді.Осындай қиын-қыстау кезеңде негізгі күшіміз-бірлікте екенін көрсете білдік.Италия, АҚШ, Израиль және Тайвань елдері Түркияға мамандарылған құтқару топтарын жіберді. Ал Ирак Сирияға көмек көрсетіп жатыр. Қауіпсіздік күштері «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық қорының гуманитарлық көмегін жеткізіп берген.Тайвань құтқарушылары Түркияға іздеу шараларына көмек көрсетуді қолға алса, Чехия өрт сөндірушілерді жұмылдырған. Әрбір мемлекет қолдарынан келгенше көмектерін тигізуде.Сонымен қатар қарапайым қара халықтан құралған еріктілер тобы да өз көмектерін жеткізуде.Іздеу,құтқару жұмыстарында кинологтар мен иісшіл иттердің көмегі ерекше байқалды.Үйінді астында жатқан адамды иттерден артық ештеңе жылдам сезе алмайды.Үйілген топырақ пен бетонның арасынан саңылау тауып,адамның жатқан жерін дәл көрсететін де осы-иттер.Міне,басымызға күн туғанда жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатындығына да көзіміз жетті.

"Дүниенің затын алдым үйіме...Соңғы технологиядағы тұрмыстық техникалар...Шкафымды түрлі брендтегі киіммен толтырдым.Бірақ жер сілкінісінен қашып бара жатқанда аяғым жалаңаяқ болды...Шын мәнінде,бәрінің де құны жоқ екен...Адам деп аталатын тіршілік иесі тойымсыз да,аш екен...Бұдан кейін тірі қалғандардың ешқайсысы бұрынғыдай бола алмайды..."-деген әлеуметтік желіде тараған Түркиядағы жер сілкінісінен аман қалған Айша атты қыздың хаты-өмір мен өлімнің арасындағы алмағайып шақта ажал елесінің қара бояуы арбап,еркіңнен айырып,ықтиярына қарамай,жаныңды шырқырата тұңғиық қара шыңырауға ырықсыз алып бара жатқан шақта,ойлауға ақылың,сезінуге қиялың жетпейтін түпсіз,шексіз әрі үрейлі қара құрдымға тоғытуға тоқтамай әкетіп бара жатқан шақта ғана дәрмені біткен,жұлымы шыққан жүрек шері.Бұл жалған дүние де адамның көзің тек топырақ қана толтыра алады деген рас екен-ау.Дүние жинап,байлық-мансаптың буына масайрап жүргенде,кейбір бағалы сәттерімізді жоғалтып алып жататындығымыз ащы болса да шындық.Бір кем дүниеде кеудесінде сәулесі бар тірлік иесін болмысты парықтап пайымдауға шақырады,тіршіліктің ерте ме,кеш пе,әйтеуір,таусылар мерзім,уақытша берілген мүмкіндік екенін біліп,аялап ардақтауға,босқа өткізбеуге деген ынтаны оятады."Ақша-құнды,адамның өмірі-одан да құнды,ал уақыт-барлығынан да құнды"-деген Александр Суворовтың сөзі ойымызды айқындай түскендей.Уақытымыз барда әрбір сәттің қадірін білейік...



Бөлісу: