Түркия сапарынан жолжазбалар-3
блог
Османдының ұстаздығы
Түркі дүниесі ойшылдарының саммиті аталған шара Османғазы университетінде болды. Сондықтан сол оқу орны арқылы түркиелік жоғары оқу турасында біршама көзқарасымыз түзілді. Өкінішке орай қаламен толық танысудың реті келмеді. Білгеніміз – Осман Ғазының Осман империясының негізін қалағандығы. Нышан ретінде соның атындағы оқу орнында түбі бір түркілердің данышпандарын жинап, сөз ету мәртебесінің орын алғандығы содан болар.
Османғазы университеті - жетіжүзмыңдық тұрғыны бар Ескішехирдегі екі университеттің бірі. Басқа ұсақ-түйек оқу орындары бар шығар,бірақ ірісі осы екеуі болуы керек. Сол жердегі бір мұғалымның сөзіне сенсек, Османғазы университетінде 1 миллион екі жүз мың студент оқитын көрінеді. Мұның мәнісі – бұл университеттің елдегі сырттай оқыту рұқсаты бар жалғыз оқу орны болуында. Шамасы тек қана түріктер емес, мыңдаған шетелдіктер де оқитын болуы керек.
Біз үшін таңсық жағдай: университеттің ғимаратпен жақсы қамтылғаны. Шарамыз өткен ғимарат университеттің арнайы іс-шаралар сарайы екен. Мың орындық үлкен залдан басқа, тағы да үш «салон» (түріктер бұл сөзді француздардан алған болар) бар.Барлық залдарға ұлылар есімі берілген: Жүніс Еміре, Қожа Ахмет Йассауи, Сары Салтық... Кітапханасы мен ректөрлігін (реторатты осылай дейді) айтпағанда, студенттер мен оқытушылардың асханасы бірнеше қат (түрікше - қабат) ғимаратқа орналасқан. Оның екі қаты түгелімен мұғалымдар тамақтанатын орын – бірі мейрамхана іспетті, бірі асхана. Әрқайсысына бір отырғанда мыңға жуық адам жайғаса алады...
Жә,оны қойшы. Бір мұғалымды іздеп әдебиеттану факультетінің бірнеше ғимаратын аралап шаршағанымызды айтсайшы. Байлық та, ұлтқа жасалған мүмкіндік те осы болар.
Біз секілді шәкірт-елге ұстазды басқа жақтан іздемей-ақ, барымызды мойындап, мойнымызды өзімізге етене жұртқа бұрғанымыз жөн. Бүгінде білім беру ісі османды елінде жолға қойылған. Алысқа ұзамай-ақ, елдегі қазақ-түрік лицейлерінің білім сапасы да жеткілікті. Мұнайсыз елдің шағын-орта бизнес есебінен алдыңғы 16 орында болуы біраз жайды аңғартуы тиіс. Туризм бойынша османды елі екібастан біраз елді шаң қаптырды. Айтпақшы, Экспо – 2016 Түркиенің Анталиясында өтетіні де біз үшін біраз жайтты үйренудің жолы.
Бір нәрсені түркі біткен мойындауы қажет, ол: қаншама дәуірді дүбірлеткен түркілердің талай империясы ізім-қайым болды, тек қана бүгінгі Түркияда ізі бар, орны бар, жанды бейне, тірі рухы бар. Демек, османдының ұстаздығын жоққа шығарып, жалған намысқа ұрынып керек емес... Шынайы шәкірт болудан бастаған жөн-ау.
Жолжазбаның соңы.
Астана – Ыстамбол – Ескішехир - Астана