Сәлем, достар! Осы тақырыппен алдыңғы жазбамның жалғасы ұзап кетті. Негізінде алдыңғы аптада жазған едім, техникалық ақауларға байланысты бірнеше рет өшіріп алдым. Содан қайта жазуға уақыттың ыңғайы келмей, бүгін сәті түсті. Сонымен:
Түріктер қарттарымен амандасқанда, қолын сүйіп амандасады. Рамазан айында отбасыларымен үлкендеріне сәлем беруге барғанда, жас балалар қарт әже-аталарының қолдарынан сүйіп, ақшаға кенеледі.
Алдыңғы жазбамда жазғандай, Наурыз мерекесінде оттың үстінен секіру дәстүрі бар.
10 қараша М.К.Ататүріктің қайтыс болған күні. Стамбулдағы бұрынғы резиденция «Долмабахче» сарайында 1938 жылы, (57 жасында ) таңертең сағат 09:05 цирроз ауруынан қайтыс болған.
Түрік тәттілері кеңінен танымал екені бәрімізге аян. Егер сіз көше бойында, үлкен қазандықта бауырсаққа ұқсаған нанды пісіріп, тегін таратып жатқанын көрсеңіз, ол тәттінің аты – локма. Көбінде бір марқұм дүние салғанда арнайы пісіріп елге таратады.
(Суретте: локма тәттісі)
Лукум деген тәттіні де жаңа жұмысқа кіргенде, не нашар түс көргенде, не жұма күніне ауған түні намазхан қыздар ясин сүресін оқитын алдында біздің шелпек пісіретініміздей көбіне осы тәттіні таратып жатады.
Түрік халқының саяси белсенділігі өте жоғары. Мысалы, кешегі аймақтық сайлауда студенттердің көбі өз еріктерімен азаматтық борышымыз деп сайлау алды үйлеріне кетті. Жатақхана қаңырап қалды десе де болады. Сайлау болған күні, түнгі сағат 23-00 арасында сайлау нәтижесін білу үшін тұрғындар телефоннан интернет ақтарып, радио не теледидар қосып бақылаумен болды.
Сайлау науқанында түріктердің басым бөлігі сайланатын үміткерге емес, партияға мән береді. Партия атынан шыққан үміткер өте беделді, қолынан іс келетін мықты адам бола тұра сайлау жүйесі өтетін аймақтың тұрғындарына партиясы ұнамайтын болса, үміткердің де мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да кейде қала, аймақ тұрғындары өз-өздеріне зиян тигізіп алуы мүмкін.
Түрік студенттері өте белсенді. Мәселен, университет қалашығында қызығушылықтарына қарай, топ-топ болып бөлініп әр түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жатады. Мысалы, түрлі конференция, семинар, театр, саяхат, тауға өрмелеу, шетелде білім алу, тағам жәрмеңкесі, қайрымдылық шаралары, би үйірмелері сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірге де белсенді. Мәселен, күн сайын сабаққа бара жатып әдебиет факультетінің алдынан өтіп бара жатып түрлі қарсылық акцияларын, университет кампус ішінде протестке шыққан студенттерді жиі көруге болады. Бір қызығы, университеттің әкімшілігі, оқытушылар олардың істеріне араласпайды, қудаламайды. Тіпті жаңбырлы күндері де топтасып кампус ішіндегі шағын шаршының астына жиналып, қоғамдық істерін жалғастырып жатады. Кейде бұлардың айналысатын басқа істері жоқ па деп ойлайсың.
Кампус ішіндегі көріністер:
Суретте: оқытушыларымен әңгіме-сұхбат
Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын Стамбулдағы кезекті протест кезінде дүкенге нан алуға бара жатқан Беркин Элван деген 15 жасар бозбала кездейсоқ соққыдан жығылып, дүние салды. Бұл қазаға бүкіл Түркия аза тұтты. Біздің универдің әдебиет факультетінің алдында да Беркинге арнап шатыр тігіп, студенттер еске алып жатты.
Тіпті шатырға қона жатты.
Тіпті асхана мен қабырғалардан марқұм Беркиннің есімі мен бейнесін көруге болады.
Түрік жастарының гуманистігіне таң қалам. Ерікті түрде әр біреуі «Қызыл айға» қан береді, әр жатақханадан киілмейтін киімдер болса арнайы құты қойып, жинап жағдайы нашар отбасыларға апарып береді. Мылқау адамдар жол сұрап қалса деп, арнайы ым-ишара тілін меңгереді, ерікті түрде көше кітапханасын құрады. Мысалы, өзіңіздің оқып біткен, керек емес кітаптарыңызды апарып беріп, орнын басқа кітаптармен алмастыра аласыз.
Түркия мысықтардың көптігімен ерекшеленеді. Сауда орындарынан, көшеден, музей ішінен, жатақханадан т.б көптеген орындардан кездестіресіз.
Измирде мысықтармен қоса иесіз иттер де өте көп. Маңайдан кем дегенде бір-екі итті көзіңіз шалады. Барлығы да ірі денелі, төбет иттер. Тұрғындар мұны Измирдің ауа-райының қолайлығымен түсіндіреді.
Түріктер саяси көзқарастарына қарай оңшыл, солшыл болып өз ішінде бөлінеді. Тіпті университет ішінде әлгінде айтқандай әдебиет факульетінің маңайынан осы топтардың қырқысын, өрт қойып әлдебір нәрселерді өртеп жатқанын көрдім.
Өзін комунист санаған түріктер мұрт қояды екен. Совет заманындағы балға мен орақ белгісін кейбір қабырға, дуалдан көруге болады.
Шашы ұзын, сақалды, сырға таққан, құлағын не мұрнын тесіп, пирсинг таққан түрік жігіттерін көп көруге болады.
Түріктер Кахвалты яғни таңертеңгілік асқа ерекше мән береді. Арнайы таңертеңгілік ас ішуге арналған түрлі әдемі жерлер бар. Әр отбасы кейде теңіз жағасына, бақ ішіне, кеме ішіне таңғы ас ішуге барады. Сондай-ақ, қонақ шақыратын болса да таңертеңгілік асқа да шақырады. Біз де «Таңғы ас – Тәңірден», «Таңғы аста береке бар» дейтін халықпыз ғой. Бірақ түрік ағайындар мықтап қолға алған екен. Таңертеңгілік астың ерекшеліктері жайлы кейін арнайы бөлек тоқталатын боламын