Түрік тілін меңгергенімнің пайдасы

Түрік тілін меңгергенімнің пайдасы
жеке
блог

 

Осыдан он жыл бұрын түрік тілін үйреніп жүрген кезімде біреу маған "Аяқ асты аудармашы болып кетесің" десе сенбес ем. Себебі, ол кезде тілді аудармашы болу үшін емес, университет бітірген соң жақсы жұмысқа (түрік компаниясына) орналасу үшін немесе Түркия еліне магистратураға оқуға бару үшін үйренген едім. Бірақ, ақыр соңында екеуі де болмады. Түрік компанияларында қызмет ету мен магистратураға оқуға түсу бұйырмағанымен басымызға басқа бақ орнады. Түрік тілінде еркін сөйлеймін, есесіне дос, бауыр, жаныма жақын жандар көп. Түркия елінің ұлттық теле радио корпорациясының TRT Istanbul Televizyonu арнасында тәжірибе алмасуға бардым. Елге келген танымал қонақтарға аудармашы болдым. Негізі мамандығым аудармашы болмаса, осы уақытқа дейін Алматыға арнайы келген Baba Zula мен Murat Boz жандарынан табылып, сұхбаттарын аудардым. Музыканттармен жүрген бір қызық екен. Ойлары да, сөздері де басқаша келеді. Ал бұл жолы Алматы қаласына ерекше қонақ келді. Ол #DossoDossi компаниясының негізін қалаушы Хикмет Ераслан мырза. Сән, сауда саласының маманы, 20 жылға жуық уақыт ел елді аралап жәрмеңке ұйымдастырып келеді екен. Киім сататын саудагерлердің басын қосып, оларға тек сапалы тауар ұсынатын оның компаниясы жылына екі мәрте Ыстамбұл мен Анталья қалаларында сән аптасын өткізеді. Әлемге танымал модельдер мен өнер көрсету үшін әнші, топтарды шақырады. Бұл жолы Алматыға арнайы шақырумен Иванушки International тобы келді. Әндерін тыңдап өскен мен балалық шағымды еске алдым)))

Хикмет мырзаның ісі басқа болғандықтан сән саласына қатысты терминдер кездессе қайтемін деп уайымдадым. Шүкір, барлығы ойдағыдай өтті.

Хикмет мырза өте жайлы, ақ көңіл жан екен. Ол кісімен танысқаныма өте қуаныштымын.Осы күнге дейін екі кітап шығарып, бүгінде үшінші кітабын жазып жатқанын, киімін тек тіктіретінін айтты. Қызығы, анда-санда DJ болып, жәрмеңкеге келген қонақтардың көңілін көтереді.

Түрік тілін үйренгенімнің арқасында осындай кісілермен араласып келемін. Ағылшын тілін де жақсырақ меңгерсем жақсы болар еді.