Түрік халықтарының ортақ мәдениеті

Қазақ мәдениетіне кіріспес бұрын «мәдениет» пен «өркениет» сөздеріне қысқаша түсініктеме бере кетейік. Мәдениет – әрбір халықтың тұрмыс-салтымен, дәстүрімен тікелей байланысты ұғым. Бір әрекеттің дәстүрге сосын мәдениетке айналуы үшін оның міндетті түрде қайталанып тұруы керек. Бір халықтың дәстүрі бір адамның әдет-дағдысы секілді. Адамның әдет-дағдысы оның мінезін қалыптастырса, дәстүр де сол секілді бір халықтың дүниетанымын, болмысы мен мәдениетін қалыптастырады. Басқаша айтқанда мәдениет пен өркениет халықтың тұрмыс салтымен тікелей байланысты. 

Түркі өркениетін өз кезегінде оңтүстік және солтүстік деп екі қанатқа бөлуге болады. Түркі өркениетінің Оңтүстік қанатына Ұйғыр, Өзбек, Әзірбайжан және Анадолы-Балқан мәдениеттері кіреді. Ал солтүстік қанатқа Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Ноғай, Сібір, Солтүстік Кавказ, Татар, Башқұрт, Қырым мәдениеттері енеді. Солтүстік қанат Түркі мәдениетінің саф, таза, негізгі қалпын сақтап қалса, Оңтүстік осы саф мәдениетті жетілдіріп, өңдеп, нәзік және биязы қалыпқа келтірген. Солтүстіктің тілі қаншалықты көне және жуан болса, оңтүстіктің тілі соншалықты жаңа және нәзік. Солтүстіктің музыка аспаптары қаншалықты қоңыр дауысты және табиғи болса, оңтүстіктің аспаптары соншалықты жіңішке дауысты. Мысалға домбыра екі ішектен тұрса, Анадолыдағы бағлама жеті ішектен тұрады.

Солтүстік Түркі мәдениетінің жарқын өкілдерінің бірі Қазақ мәдениеті екендігінде дау жоқ. Қазақ отбасынан қоғамдық қатынастарға тіпті мемлекеттік рәсімдер деңгейіне дейін көне түркі өркениетінің ықпалы көрініп тұрады. Қазақтар өз мемлекеттерінің белгісі ретінде Түркі мемлекеттілігінің белгісі шаңырақты қолданады. Қырғыздар шаңырақты өз туларында бейнелесе, Қазақтар елтаңбасында бейнелеген. Осы тұрғыдан қырғыздар мен қазақтардың арасында, олардың дүниетанымында, салт-дәстүрінде, мәдениетінде көп айырмашылық жоқ. Бәлкім қазақтарды даладағы қырғыздар, ал қырғыздарды таудағы қазақтар деп сипаттасақ тура болар. Тек айырмашылық, қырғыз халқы өздерін көктүріктер заманындағы қырғыз руының жалғасымыз деп танытса, қазақ халқы – өз шежіресін ғұн-сақ-көктүрік заманынан бастайтын дәл сондай жүздеген ру мен елдің ұйысуынан құралған халық ретінде, басқаша айтқанда Түркі қағанаты мен Шыңғысхан империясының құрамына енген барлық Түркі рулары басын қосқан ел ретінде танытады. 

Қазақ мәдениетінің Түркі өркениетінің тұнық халін сақтауының бір себебі көшпенді өмір салты еді. Қазақтар көшіп қону дәстүрін тастаса да, негізінен қалада емес, ауылдық жерлерде өмір сүріп жатты. Қазақстанның қалаларында орыс мәдениеті үстемдік құрса, ауылдарда қазақ мәдениеті бекем орнықты. Басқаша айтқанда, ауыл қазақ мәдениетінің қамалына айналды. Қазақтарды Араб-Парсы мәдениеті ықпалынан Түркі әлемі мен Араб-Парсы әлемінің ортасында тұрған өзбектер қорғап қалса, Қытай мәдениеті ықпалынан Түркі әлемінің шығысында орналасқан ұйғырлар қорғап қалды. Ал солтүстік-батыстан Түркі халықтарын бірінен соң бірін ассимиляциялап келе жатқан орыс мәдениетінің қаупінен қазақтарды татарлардың сақтап қалғандығын айту керекпіз. Егер Кеңес Одағы тағы бір он бес не жиырма жыл өмір сүргенде қазақтардың ел болып есін жиюына әлдеқайда көп уақыт қажет болар еді.

Қорыта айтқанда, қазақ мәдениеті – Түркі өркениетінің жалғасы, ең тұнық халі. Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел ретінде халықаралық аренада өз орнын алуы – бұл мәдениеттің мәңгіге сақталатындығының кепілдігі. Бір мемлекеттің әлемдегі өзіндік орнын белгілейтін тек саяси құрылым ғана емес, мәдени болмыс екендігін қабылдасақ, онда кезінде Ататүріктің Еуропа мен Араб-Парсы әлемінің ортасында өзіндік болмыс дамыту мақсатында Түркия Республикасының негізіне Түрік мәдениетін салғанындай, бүгін Ресей мен Қытай арасында өз елдігін сақтап қалу үшін Қазақстан да Түркі мәдениетін жандандыруы керек. Елбасы Назарбаевтың Түркі өркениетіне көрсетіп отырған қолдауы қазақ елінің мәдениет саясаты дұрыс бағытта ілгерлеп бара жатқандығының айқын көрсеткіші.



Бөлісу: