"Түркі әлемінің қайталанбас тұлғасы М.Шоқайға 130 жыл"

Мұстафа Шоқай 1890 жылы желтоқсанның 25 жұлдызында Сырдың бойындағы Ақмешіт уезінің Наршоқы тауының етегінде қыпшақ руының текті шаңырағында дүниеге келген. Атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы Қоқан хандығында жоғарғы шенді әскербасы болуымен бірге Қыпшақ ішіндегі Шашты руының биі болып қызмет атқарған. Нағашы атасы Патша әскеріне қарсы жорықтарымен танылған жауынгер адам болатын. Әкесі Шоқай отырықшы шаруашылықпен айналысқан. Шоқайды жұрт арасында ақылды пікірлерімен зерек ойы болғаны үшін «егінші би» деп те атаған. Мұстафаның нағашы жұрты да беделді әулет болған. Шешесі, Бақтының әкесі орыстарға қарсы жауынгерлігімен аты шыққан адам болған. Бақты сауатты әйел болған және араб, орыс тілдерін жақсы меңгерген. Бақты бәйбішесінен бала сүймеген Шоқай бидің тоқалы. Шоқай бидің бес баласы Бақтыдан туған. Мұстафа отбасындағы төртінші бала болды. Мұстафаның сауатын анасы бес жасына жеткізбей ашады. Баласының орысша білім алуын, саналы азамат болып шығуын қалап, дарынды перзентін туыстарының сөздеріне қарамастан ауылдан тыс, Ақмешітке оқуға жіберген. Мектепті алтын белгімен бітірген Мұстафа 1910 жылы Санкт-Петербургтегі императорлық университетке заң факультетіне түседі. Бұл өз заманында ең үздік оқу орындарының бірі болған. Санкт-Петербургте көп достар тауып, өз ортасын қалыптастырды.

Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының хатшысы болып қызмет атқарып жүргенде 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде Мұстафа бүкіл Түркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласында өткізу жайлы бастама көтерді. Қараша айында Қоқанда өткізілген Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысып, өз ойын білдіреді. 1917 жылғы революция нәтижесінде патша өкіметінің құлауы Мұстафа Шоқай үшін қуантарлық жақсы жаңалық болады. Осыдан кейін Мұстафа Шоқай бастаған мұсылмандар қозғалысының өкілдері шұғыл жиналып, 1917 жылы 26 қараша күні төтенше съезд өткізді. Құрылтайға Сырдария, Закаспий, Самарқанд, Ферғана, Жетісу облыстарынан 200-ден аса ғылыми өкілдер қатысты. Олардың ұлттық құрамы айрықша болды қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. халық өкілдері қатысты. Осы құрылтайдың делегаттары 27 қараша күні «Түркістан аумақтық автономиясын» жақтап, дауыс берді. Өз атымен айтсақ - Түркістан мұхтарияты. Аталған құрылтай Түркістан автономиясының «Халық кеңесін» сайлады. Оған 36 түркістандық және 18 өзге ұлт өкілдері енді. Халық кеңесінің төрағалығына - Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына - Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұтқожа Бехбуди сайланады. Оның президенті болып Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев, ал Сыртқы істер министрі болып Мұстафа Шоқай сайланды. Алайда автономияның өмірі ұзаққа созылмайды, 1918 жылы ақпан айының екінші жұлдызында большевиктер қарулы күшімен таратылып, автономияның бірнеше мүшесін тұтқынға алады.

Түркістан автономиясы тарағаннан кейін, большевиктер автономия мүшелерін жазалауға кіріседі. Большевиктер автономия мүшелерін іздестіре бастайды. Түркістан автономиясының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың басына большевиктер 1 миллион рубль тігеді. Алайда Мұстафаның жақындары оны ұстап бермей, оның елден кетуіне жағдай жасайды. Мұстафа алдымен Ташкентке, кейіннен Бакуге қашады. Қашып жүріп, Бакуден қазіргі Грузия астанасы Тблисиге келеді. Бұдан соң Түркия еліне жол тартады. Бірақ Түркияда ұзақ тұрақтай алмайды. Ақырында Франция астанасы Парижден бірақ шығады. Мұстафа Шоқай  осылай 21 жыл бойы Еуропада эмиграцияда жүреді. Өз туған елін тастап кету әрине оңай соқпағаны анық. Елінен жырақта жүрсе де, қазақтың бостандығы үшін күресуін тоқтатқан жоқ. Еуропада жүріп, бүкіл әлем назарын Түркістан проблемасына аударды. Туған елі мен Түркістандағы жақтастарымен, туыстарымен байланысын үзбей, үнемі хат алысып, елдегі жағдайды біліп тұған болатын. 1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесі кезінде Мұстафа Шоқай өз дауысымен әлемді таңқылдырған қазақ әншісі Әміре Қашаубаевпен кездеседі. Осы кездесуден  кейін НКВД қызметкерлері талантты әншінің қыр соңына түсіп, сұрақтың астына алып, тергеу жұмыстарын жүргізеді. Әмірені тергеу ақыры тоғыз жылға созылған болатын. Мұстафамен хат алысқан адамдардың барлығын осылайша тергеген.

Мұстафа Шоқай Қоқан қырғынынан кейін, Ташкентке қашып келген кезде, болашақ жары Мария Горина оған араша түсіп, бір-екі рет өз басын қауіпке тігіп, Мұстафаның аман қалуына себепкер болады. Осыдан кейін екеуінің арасындағы сыйластық махаббатқа ұласады. Мария Горина бұрын тұрмыста болған әйел және опера әншісі болған. Мария Горина Мұстафаға адал жар, өмірлік серік бола білді. Адал жарының арқасында қайраткердің барлық мұрасы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

Париждегі үйіне қайтып бара жатқанда 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында беймәлім жағдайда көз жұмды және сонда мұсылмандар зиратында жерленді. Дәрігерлер жасаған медициналық сараптама бойынша Мұстафа қандағы бөртпе сүзегінің асқынуынан қайтыс болған. Бұл сырқатты Мұстафа концлагерьлерді аралап жүріп жұқтыруы мүмкін деп болжаған. Бірақ қайраткердің жары Мария күйеуінің бұл дертпен Түркістанда жүріп ауырып жазылғанын, оған қарсы тұратын күш-қуаты бар еді деп өз жаубын қайтарады.

Сонымен қорытындылай келе, большевиктер қысымының кесірінен алғашқы болып шетелге эмиграцияланған алаш перзенті М.Шоқайға биыл 130 жыл толып отыр. Алаш қозғалысын 1918 жылдан 1941 жылға дейін жалғастырған ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың күресі және идеяларымен Қазақстанның тәуелсіздік тарихы тереңдей түседі. Тәуелсіздік күрескерлігі мен қатар жоғары адами қасиеттері бар Шоқайды тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі дүниесі, тіпті әлем елдері құрметтейтіні жұмбақ емес.

 

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Ернұр ЕДЕНБАЙ, 1 курс студенті

 



Бөлісу: