Күн сайын әлемнің ең дана адамдарымен тілдесуден қымбат не болуы мүмкін.
Л. Н. Толстой
Кітап әлемі – таңғажайып әлем. Ондағы қызықтар сан алуан. Кейде таңғажайып әлемнің қиялымен шынайы дүниелерді ұмытып жатамыз. Кітаптың адам жанын баурап алуы тылсым күштер әсері секілді. Бір батсаң, қайта шығу өте қиын...
Жақында түрік бауырларымыздың әдебиет әлемімен таныс болдым. Таныстығымды Орхан Памұқтан бастадым. Осы блогты жазуға мұрындық болған дәл осы жазушының шығармалары. Жалпы, түрік әдебиетінде әлемге әйгілі ақын-жазушылар өте көп. Мәселен, Назым Хикмет Ран, Орхан Памұқ, Зүлфү Ливанели, Решад Нүри Гүнтекин.
Қазіргі таңда Орхан Памұқ өте танымал түрік жазушыларының бірі. Ол жиырма сегіз ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иесі. Мұның ішінде Нобель сыйлығы да бар. Орхан Памұқ 7 жасынан 22 жасына дейін суретші болуды армандайды. Бірақ оның таңдауы әдебиет болды. Оның шығармашылығымен таныса отырып, жазушының көркемсурет әлемінен хабары мол екенін аңғарасыз. Тіпті кітаптарының атаулары да түстерге байланысты. Мысалы, «Қара кітап», «Менің атым Қырмызы», «Ақ қамал».
Ферит Орхан Памұқ 1952 жылы Ыстамбұл қаласында Нисанташи ауданында «Джевдет бей мен ұлдары» атты шығармасындағыдай үлкен отбасында дүниеге келеді. Ыстамбулдағы америкалық «Роберт» колледжін бітіргеннен кейін Ыстамбул техникалық университетінде сәулет өнері мамандығын үш жыл бойы оқиды, бірақ сәулетші әрі суретші болуға ұмтылысы аяқсыз қалғандықтан, оқуын жалғастырмайды. Кейін Ыстамбул университетінің журналистика факультетін бітіреді, бір қызығы, ол журналист болып қызмет атқармайды. 23 жасында Памұқ роман жазуға бел буады. Сөйтіп, ол бәрінен бас тартып, өз пәтерінде роман жазудан бас алмайды.
Қаламгердің кітаптары 61 тілге аударылған. Оның ішіне қазақ, грузин, малай, чех, орыс, жапон және т.б. тілдер кіреді. Памұқ өмірінің 40 жылын жазушылыққа арнап, қаламын мүлдем суытпаған. Ол Түркиядағы кітап сатылымы бойынша үздік авторлардың бірі. Памұқ туған елінің өнер тарихын зерттей келе, шығармаларында дін, шығармашылық пен адам қалауының арасындағы байланысты көрсете білген.
Мен сіздерге Орхан мырзаның үздік үш кітабын ұсынуды жөн көрдім:
Құрметті достар, егер сіз сыршыл шығыстың әлемін тануды көздесеңіз, Памұқтың шығармашылығымен таныс болыңыз. Оның кітаптары көшелерін қалың туристер таптаған Ыстамбұл туралы айтпайды. Оның кітаптары орта ғасырдағы, Ататүрік кезеңінен кейінгі сыршыл, жұмбақ нәзік сезімдерге толы Ыстамбұл туралы сыр шашпақ. Сонымен, сізді қызықтыра алдым ба? :)