Тұрады өмір ала-құла тағдырдан...

Тұрады өмір ала-құла тағдырдан...
жеке
блог

     Бір нәрседен көңілім қалса не біреу көңіліме тисе екі көзімнің жасы мөлдіреп дайын тұратындардың бірі мына менмін! Жаным нәзік қой! Қатты ұрысқанды, жала жапқанды көтере алмаймын! Ал, біреуден теперіш көріп, қатты қиын жағдайға тап болсам етегім толып, бозбұлау болып жылағанымда қайда қаласыз?

     Сонымен, мені жылатқан кім немесе не нәрсе? Әңгіменің төркініне үңілейік...

     Өткен жылдың шілде айында төрт жыл жүгірткен "қызыл қағаз" қолыма тиген соң, мамандығым бойынша жұмыс іздеп табанымнан тоздым! Түйіндемелерді түйдекдетіп интернет арқылы да, екі аяқпен барып есік қағып өз қолыммен тапсырдым да! Алайда, еңбек өтілін сұрайды, т.с.с. кедергілер іздеген жұмысыма қол жеткіздіре қоймады! 2 ай өтті! Не керек, мамандығым бойынша жұмысқа орналасу үшін "Көкең" және "көк қағазың" болуы керек екен!...

     Аудан орталығына келіп (өз ауылым) екі қолға бір күрек іздей бастадым! Өз-өзімді жек көріп оянған бір таңда "Әлеуметтік қорғау орталығынан" қоңырау шалды! Екі өкпемді қолыма алып жетіп бардым! Пәлен деген қаладан Пәлен деген компания келіпті-мыс! Соған іс жүргізушісі қажет екен! Сөйлесуде (собеседования) 6 қыздың арасынан "қатырамын", "қолымнан келеді", "алып кетем" деп өйтіп-бүйтіп таңдалынып алындым! Ой, рахат келесі күннен бастап жұмысты бастап кеттім! Сөйтіп, ай өтпей жатып бастық-сымағымыз ауысты да кетті! Қаталдау болса да жаңа бастығымызға да үйреніп қалдық! Жұмыс та жайлап жүріп жатты! Айлық алатын уақытта тартып алғандай алғашқысын алдық! Екіншісі де солай болды! Жұмыстың басы ғой, бәрі дұрысталар деп шыдап бақтым! Сөйтіп жүргенде Жаңа жыл келді! Бастығымыз «Жаңа жылды отбасымда қарсы аламын» деп аулына кетті! Сол кеткеннен мол кетті! Уәделері жайына қалды! Жасалып жатқан жұмыс та жөніне қалды! Байланыс жоқ! Күтейік-күтейікпен екінші ай өтіп барады! Бастық та жоқ! Жалақы да жоқ! Не бір хабар жоқ...

     Ойымда ештеңе жоқ, түнде Массагеттің блогтарын бейқам беріліп оқып жатсам почтама жеке хабарлама келді! Ашып оқысам басекеңнен! "Солай да солай, мен қиындыққа тап болдым" деп жағдайын айтып жазыпты! Мен одан үмітімді үзе бастадым! Мына хабарламасынан оның екі ойлы екенін, келу-келмеуі екіталай екенін ұқтым! Енді не істеймін?

     Төсегіме келіп, ал кеп ойланайын! Ұйқы жоқ! Бойымды ашу кернеді! Екі көзімнің жасына ерік бердім! Жылайын деп жылағам жоқ! Бірақ біраз жылап, жеңілдеп қалдым! Содан әрі ойландым!

     Жоооқ, бұл өмір ғой! Әркім өмірді өзі үшін сүреді! Бәрі жақсы болады! Бұл қиындықтар маған Алланың төзіміме жіберген сынақтары шығар, бәлкім! Әр сәтсіздікті мүмкіндік деп қабылдайын! Осылай өзімді қайраттандырдым! Кішкентайымнан өзімді де, өзгені де жұбататын бір өлең жолдарын тағы да есіме алдым!

Өзіме ақыл

     Өмір заңы – қайғырасың, қуана,

     Өмір заңы – уайым жерсің, жұбана.

     Өмір заңы – сағынарсың өткенді,

     Бірақ уақыт бір орында тұра ма?

 

     Шыдамды бол, төзімді бол, жігерлі,

      Шыңда, қайра, сомдай да біл жігерді.

     Сана да бар, ақыл да бар адамда,

     Ойлансын деп тағдыр өзі жіберді.

 

     Сәбидей сен тәй тұрарсың, құларсың,

     Жасай алмай бір нәрсені сындырарсың.

     Өмірді сен түсіне біл, көре біл,

     Қарсы тұрып суығына төзе біл!

 

     Біреу айтар, бақыт – байлық қуаныш,

     Біреу айтар, бақытсызбын неткен мен.

     Өмір сүру – соның өзі бақыт қой,

     Тек сабақ ал, есең сенің кеткенмен!!!

 

     P.S. Негізінде адам деген қызық қой! Өмірге келген соң несіне өкпелейміз? Бірақ беріліп еңбек етіп жүргенде 3 айлық жалақымды ала алмаған соң, еңбегімнің бәрін еш еткен адамдарға ашынып жазғаным ғой! Енді не жалақы жоқ, не жұмыс жоқ! Бұл да көңілге тиеді екен! Оқу бітіріп келген жас маманға бұдан ауыр соққы бар ма? Өмірді осындай тосын сыйлары үшін сүюіміз керек шығар, бәлкім!...