Тұңғыш республикалық Ахмет Байтұрсынұлы олимпиадасы басталды
Мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы есімін жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында І Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылар олимпиадасы басталды.
Олимпиаданы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Ең үздік білім сайты» аталымының жеңімпазы Мartebe.kz білім порталымен Qaztest.kz интернет сайты бірлесе отырып өткізуде. Аталмыш жоба дарынды оқушылар мен талантты шәкірттерді анықтау және оларды қолдау, интеллектуалды сайыстарға қатысуын ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Олимпиаданың Ахмет Байтұрсынұлы есімімен аталынуының өзі де ұйымдастырушыларға зор жауапкершілікті жүктейді. Интернет арқылы білім алу қол жетімді болған заманда мұндай жобалардың атауына да мән берген жөн. Сол себеппен тіл ғылымдарының негізін салушы А.Байтұрсынұлы есімімен атағанды жөн көрдік. Олимпиадада оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен және оқу сауаттылығынан тереңдетілген сұрақтар беріледі,- дейді жоба авторы Берікбол Төлеген.
Аталмыш олимпиадаға 5-11 сынып оқушылары қатысып, «жеңіл, орташа, күрделі және өте күрделі» деңгейдегі тест тапсырмаларын орындай алады. Олимпиадада үздік деп танылған оқушыларға «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы» стипендия және І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдар тағайындалады. Тұңғыш ұйымдастырылып отырған олимпиада 30 сәуірге дейін жалғасады. Qaztest.kz - ұлттық құндылықтар мен өз әдебиетімізге қатысты оқушының білімін бағамдайтын тың жоба.