Түнгі 1

Түнгі 1
жеке
блог

Ұйқым келер емес. Осындай кездерде таң неге тез атпайды екен деймін. Мен үшін ғана тез атшы, арайлы таң! Бірақ бұл өтінішім ешқашан, ешқашан орындалмайды. Дүниенің екінші бір шетінде мендей бір пенде таңның атуын тілесе де, тіпті жер бетіндегі бүкіл халық бірауыздан таң тез атса екен десе де, таң бәрібір өз уақытында ғана қылаң береді. Оның бізге, біздің өтінішімізге түкіргені бар. Сол үшін де ұлы, сол үшін де қадірлі. 

Жаңа ғана ұжым болып Авардтан алған 1 орнымызды "жуып" келдік. Ұжымдағылардың бәрін жақсы көрем...

Жақсы көруден шығады, кейбір бейтаныс адамды (сырттай танитын) саған ештеңе істемесе де, жақсы көріп, жақын тартып тұрасың, ал кейбір адамды саған еш жаманшылық істемесе де суқаның сүймейді. Қызығы қызық...

Сонда мен оны маған жамандық жасамаса, оны танымасам, не үшін ұнатпайды екем? Қай жері мені өзіне тартпайды? Бұл да түсініксіз... Маған.

Өмірдегі ұстанымым – әділ, шынайы, таза қалпымда өмір сүру. Бірақ бұл кейде қолымнан келмей кетеді. Әйтеуір өмірдің заңдылығына теліп қойып, өзімді ақтаған болам. Сонда кімнің алдында? Сайып келгенде, өзімнің алдымда өзімді ақтағым келеді... 

Міне, мен дәл қазір екі сөйлем жазып, қайта өшірдім. Өйткені оны ешкім білмеуі, оқымауы тиіс. Шіркін, ішімдегінің бәрін ақтарып тастасам ғой!

Қиын, күрделі бір жұмбаққа айналып барам. Адасып, шатасып кетпесем екен. 

Осы көшеде қазақша сөйлеп бара жатқан әр қазақ бауырымдай жылы көрінетіні несі екен?.. Ал өткен ғасырдағы көн етік, мыжырайған тымақ киген қазақтар топтасып отырған ескі суретті көргенде, көкірегімді өзгеше сезім билейтіні ше? Оларды жыға танымасам да, қазақ екенін іштей мойындаған соң, оларға елжірей кететінім ше?.. Бұл бір көзге көрінбейтін тамыр арқылы жалғасып келе жатқан қаным қазақ болғанда үзілмейтін дүние шығар ендеше... Үзілмейтін, мен үзуге шарасыз дүние шығар?! 

Бағана бір бейтаныс адам артымнан қалмай қойғаны-ай. "Нөміріңізді беріңіз" дейді. Кеше ресейлік төбелескіш киноны күні бойы көзі талмай көрген Мика ананы ести сала алды-артына қарамай безектеп қашты дейсің. Жүгіріп келіп, подъездің кілтін сөмкемнің түбінен таба алсам-шы. Дірілдеп, қалтырап, әрең тауып, есікті аша сала, алқынып бір есімді жисам, бөлмеден бір шығыппын. Әлгі кинодағы басты рөлдегі адамдай сезініп кеттім-ау деймін өзімді ))) Енді қазір сол оқиғаға сырт көзбен қарап, еріксіз жымиып жатырмын. Міне, киноның әсері! Идеология және құрбандық... 

Кейбір адамдар өзінің айтқан ойына, өзінің құрығына біреуді түсіріп, біреуді ерітіп алғысы келеді. Бұл өзінің саясаты шығар, бірақ бұның бәрі не үшін керек екен адамға? Мақсатына жету үшін? Сонда оның мақсаты бір аңғал, аңқау адамды өз идеясымен құрықтау арқылы іске асатын болса, бұл мақсаттың ізгі мақсат болғаны ма? Әлде қалай? Ол кісі өмірде өз дегеніне жеткісі келеді делік, сонда осындай және осыған ұқсас жолдармен жеткісі келген мақсаты бір өмірді сарп қылуға тұратын болғаны ма? Маңдай берімен, адал еңбегімен жеткен мақсаттың ғана дәмі тәтті болады емес пе? Ал қалғаны... Қалай сіздіңше?

Айды көрмегелі қашан? Айға қарауға, аспанға қарауға уақыт жоқ. Сұлулыққа тамсануға уақыт жоқ. Ай түгілі, аспанға соңғы рет қашан бас киімім түскенше шалқайып қарап едім? Әй, ерінбей барып айды көрейінші. Жоқ, айтпақшы анам түнде терезені ашпа деп үйреткен. Жарайды, ертең қарармын. Ай ертең де шығады ғой... Ертеңім қашан бітер екен?

Қаланың өз тынысы бар дегенге сенесіздер ме? Мен сенемін. Қала да тірі ағза сияқты. Үлкен бір адам сияқты. Жүгіреді, секіреді, ойнайды, демалады... Ұйықтайды. 

Түн демекші, түнде адамның бәрі, бәрі, бәрі махаббат туралы ойлайды. Ал махаббат туралы айтпаса, онда оның махаббатымен қарым-қатынасы қалыпты болғаны ))) 

Айтпақшы ноутбугімнің қуаты өшкелі тұрғаны-ай. Өшсе, блог та бірге өшеді-ау...

Сурет: goodfon.ru