Тоғызыншыда оқимын-ау деймін. Бір күні параллель сыныптың оқушысы қолыма бүктелген парақ ұстата салды. Әдеттегі «Осыны он адамға тарат» іспеттес «спамдардан» айырмашылығы: қатесіз жазылған. Және компьютерде терілген. Сенбесіңе қоймайды енді.
Мазмұны былай: «Пәленше де түгенше деген ( аты есімде жоқ әрине ) көріпкел Алматыға қатер төніп тұрғанын болжады. Шамамен алдағы бес жыл ішінде мамыр айының бірі мен жиырмасы аралығында бір зіл-зала күтіп тұр. Сол сынақтан сәтті өтпесе, қаланың болашағы бұлыңғыр, тұрғындарға, туыстарыңа жаның ашыса осы хатты тарат, Алматыдан көшсін!» Сұмдық жазылған енді. Әсер етті. Жылап та алдым. Болашақ үшін, Алматым үшін қатты алаңдадым - жүрегім ауырды. Сосын... Сосын, болды, ұмыттым, қалды...
... Дүкенде тұрғам. Әйнек витриналардың салдыры мен кинолардан естіген қорқынышты дыбыстан шошып, тұла бойымды діріл басты. Қолды-аяққа тұрмай бәрін тастап, кездескенді итере-митере сыртқа жүгіріп шықсам - тыныштық. Әрі-бері сабылған халық. Мейрамға қарамастан жаңа жұмыс күнін бастап, дүкен есігінің алдына жеміс-көкөністерін жайластырып жатқан сатушы апа маған қарап аң-таң: ай-күннің аманында дүкеннен атып шығып, мелшиіп қатып тұрсам басқа қайтсін? Ол маған «Не болды?» дейді, мен - оған. Қайтадан жәймендеп ішке кірсем, дүкенші қыздар құлаған-сынған нәрселерін жинап жатыр.
Сол күн, яғни бірінші мамыр бойы бүкіл алматылықтың айтары жер сілкінісі жайлы болды. Аялдамада, автобуста, дүкенде. Таны, таныма, бір-біріміздің көзімізге қараймыз да үрей мен үмітті көреміз. «КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ БІР» деген осы екен. Әсерінен күні бойы арылмауымыздың себебі: алғаш сезілгені сегіз жарым шамасы және араға уақыт салып жер сілкінісі қайталанып отырды. Бір күнде алты рет «теңселіппіз», бұл - сезгеніміз ғана, ал, сезілмей өткенінің көрсеткіші бұдан да көп екен. Қайталатыны ескертілсе де, іштей дайын жүрсем де қасымда кім бар, кім жоқ демей тұра ұмтыла бердім сыртқа. Мойындаймын - қорқақпын. Тіпті, кезекті бірінде тапырақтап жүгіргенімді әпкем мазақ еткен.
Әпкем деп отырғаным - қаладан келген туысым. Сол күні орталықта көпқабатты үйде тұратындар шеттегі туыстарына, саяжайларға ағылды емес пе? Барары жоқтар көлікке қонуға бекінгенін де білеміз. Басқа қалалардағы туыстар, басқа елдердегі виртуал таныстар телефон мен поштаға: «Естіп, біліп отырмыз, сабырлы болыңдар» деген жұбату сөздерін жолдап жатты.
Есіме баяғы, бес жыл бұрынғы бүктелген парақ түсті... Бәрі сәйкес сияқты. Қатер емей не енді?
2011-дің 1-мамыры бір өткел, көпір сынды болып тұр. Өтсек - өттік, өтпесек... Кешкілік елең-алаң басылғандай болды. Дегенмен де, мама бәрімізге бір бөлмеге төсек салды, «Сергек ұйықтаңдар» деп ескертті.
«Көпірден» өткен сияқтымыз, әйтеуір, жап-жарық болашақты көріп тұрмын. Ұйықтап кеттім. Түнде тағы қайталаныпты, бірақ, мен сезген жоқпын...