Мөлдір аспан жүзінде жұлдыз жанып,
Көлбей көкті құс жолы сызылған тік.
Қабақ ай ханның қызы сияқтанып,
Арбайды сәулесі алтын көзді тартып.
Сылқ-сылқ күліп бал бұлақ тынбас әні,
Мүлгіген мәуелі бақ мұң басады.
Самалмен сыбдыр қағып жапырақтар,
Үркек жүрек үміті сырласады
Жапырақтар жабыла сыбырлайды,
Түн әлемі еріксіз сыр ұрлайды.
Жаңа жылдың жасанған шыршасындай,
Сансыз жұлдыз төбемде жымыңдайды
Осылай қара түннің қойнауында,
Жауап іздеп отырам ойларыма.
Арманымды жұлдызбен теңестіріп,
Арымды балап өтем айға мына
Айдың жүзі кіршіксіз нұрланады,
Тілсіз ғана түнгі әлем жырланады.
Адамның тағдырындай жанып сөнген,
Көк аспаннан бір жұлдыз сырғанады.
Сырғанады аққан ізін жарық қылып,
Мәңгі өмірдің жоқтығын қанықтырып.
Бұл фәнидің мәні ме, сиқырлы аспан,
Сөнесің бе, бір күні жанып тұрып
Шарайнаңа түнгі аспан қарап тұрам,
Ой мен қиялымды қанат қылам.
Ақпасыншы, ақпасын шоқ жұлдыздар,
Әр жұлдызды тағдырға балап тұрам.